АУЫЛШАРУАШЫЛЫҚ САЛАСЫНДАҒЫ КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ
Елбасының прогрессивті идеясының маңызды бір бөлігі. Ауыл – тіршіліктің қайнар көзі, елдің – алтын қазығы. Ауыл мен ауылшаруашылығы егіз ұғым. Елбасының әрбір Жолдауында ауыл мен ауылшаруашылығы айрықша көрініс тауып, онда кәсіпкерлікті дамытудың өзекті екендігі маңызды орын алады. Дамыған шетелдердің тәжірибесіне сүйенсек, азық-түлік өнімдерінің 60-70 пайызын фермерлер өндіреді. Қазіргі таңда біздің елімізде Елбасының қолдауымен ауылшаруашылық саласы жақсы дамып келеді. Осы салада кәсіпкерлік басты мәнге ие.
Ауылшаруашылық саласында кәсіпкерліктің дамып отырғанына өзім басқаратын шаруашылықтан жарқын мысалдар келтіруге болады. Сыр өңірінің басты дақылы күріш өсірумен қатар Елбасы айтқан дақылдарды әртараптандыру жүйелі жүзеге асырылып келеді. Сондықтан Сыр маржанымен қатар бидайдан, жоңышқадан алынатын өнім көлемі арта түсуде. Мұнымен біз мал азығының қорын молайтумен қатар, жоңышқа егумен жерді тыңайтуға үлес қосамыз. "Атадан мал қалғанша, тал қалсын" дегендей биыл шаруашылық жанынан алма бағын аштық. Оның көлемі 12 гектарды құрайды. Бақта алманың 5 сорты, қараөріктің 3 сорты, жүзімнің 2 сорты және тағы басқа жеміс-жидек егілді. Мұнда 5 адам жұмыспен қамтылып отыр. Осы ретте Елбасының Жолдауында айтылған елдегі жұмыссыздықты азайтуға байланысты мәселені жергілікті жерде шешуге орай "Батыс Қытай – Батыс Еуропа" көлік дәлізінің бойынан "Нұрлы жол" атты сервистік кешен аштық. Онда 25 адам жұмыспен қамтылған. "Жолдың бойында жомарт отырады" дегендей ауылда кәсіпкерлікті дамытуға кешеннің де септігі тиіп отыр. Оның жанында халықаралық дәрежеде қызмет көрсететін монша, асхана, қонақ үй, дүкен, көліктерге сервистік қызмет көрсететін шеберхана жұмыс жасайды. Кешен интернет желісіне қосылған. Осы арқылы кешенге қандай көліктердің тоқтайтыны, қанша адам демалатыны күн ілгері белгілі болып отырады. Соған орай жоғары дәрежеде қызмет көрсетіліп отырады.
Тәуелсіздігіміздің 27 жылының соңғы 20 жылында еліміз ерекше даму үдерісіне ие болды. Ауылдың әлеуеті артты. Бұрын ертегі тәрізді естілетін интернет, ауылшаруашлығының озық технологиялары ауыл өміріне дендеп енді. Бұл Елбасының қолдауымен ауылшаруашылық саласына жасалып отырған қамқорлықтың нәтижесі. Біздің "Ақжарма-2" ШҚның мемлдекеттің қолдауының нәтижесінде соңғы жылдары машина-трактор паркі толықтай жаңарды. "Қаз Агроқаржы" АҚ-ның жеңілдетілген несиесінің арқасында шаруашылық жаңа 5 "Класс", 3 "Торн", 2 "Магдон" комбайнына, 8 ХТЗ, 5 МТЗ тракторларына ие болды. Соның нәтижесінде егін мерзімінде жиналып, еңбек өнімділігі артуда. Кәсіпкерліктен мол пайда табуға қол жеткізіліп отыр. Өнімнен түскен қаржыға жаңа қырман, МТМ, тағы басқа да өндіріске қажетті жаңа ғимараттар салынды. Шаруашылық еңбеккерлерінің жалақысы артты. Шаруашылықта 200-ден астам адам еңбек етеді. Егінмен қатар мал шаруашылығымен айналысады. 300 бастық сауын сиыр фермасы, мал бордақылау алаңы бар. Ауыл тұрғындарын ет және сүтпен қамтамасыз етіп отыр.
Елбасының ауылшаруашылық саласындағы кәсіпкерлікті дамыту идеясы бұл мемлекет үшін маңызды, елдің әлеуетін арттыратын өзекті жоба. Осы мәселеге облыс әкімдігі де үн қосып, биылғы жылды өңір бойынша кәсіпкерлікті қолдау жылы деп жариялады. Ауылда кәсіпкерлік дамыса, онда бірнеше өзекті мәселелер шешілмекші. Біріншіден, тұрғындар жұмыспен қамтылады, екіншіден, өнім көлемі артады, салық базасы көбейеді. Ауылшаруашылығындағы кәсіпкерлік саласы мемлекеттік қолдаудан кенде емес. Дегенмен, өнім өңдеу саласы ауылшаруашылығында кемшін түсіп жатыр. Өйткені кәсіпкерлер тері, жүн, шикізат өңдеуде жаппай батылдықпен кірісе алмай отыр. Әлі де қорқасоқтау бар. Дегенмен, бұл кедергі келешекте жойылады деген сенім зор. Қандай бір идея болмасын, қаржылай қолдаусыз шешілмейді. Ауыл кәсіпкерлеріне беріліп жатқан жеңілдетілген несиеге көптеген жаңа істер ашуға жол ашылып отыр. Алайда, әлі де осы салада қағазбастылықтың, делдалдық қызметтің көптігі, оны азайтса деген ұсыныс туғызады. Әрине, кәсіпкерлік дамыса, ел дамиды. Мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық жағынан қуатты болуына да үлкен септігі бар.
М.БИСЕНОВ,
«Ақжарма-2»ШҚ төрағасы