Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ШЕКСІЗ МҮМКІНДІК ИЕСІ

ШЕКСІЗ МҮМКІНДІК ИЕСІ

«Тәңірі жаққан шамшырақ су құйсаң да өшпейді» дегендей қаншалықты тағдыр тауқыметі басына түскенімен мойымайтын жандар баршылық. Бәлкім, қиындық атаулыны бойындағы жігері жасымайтын, қайсар жүректі азамат қана көтере алатын болар. Алға қарай ұмтылу арқылы биік белесті бағындыру кез-келгеннің қолынан келмесі хақ. Ендігі кезекте біз іштегі жатқан шерді тасты да тесіп өтер талантымен жарыққа шығарған заманының өткір тілді ақыны Нұрмұхаммед Әбілқасым хақында айтпақ ниеттеміз.
Терезе жақтауына қарап отырған Нұрекеңді көрген мезетте бұрын таныс адамдай дидарласа кеттік. Шығармашылығы жайында бірер сөз қозғап, әңгімесін әріден бастады. Жиырма жылдан астам уақыт қоғам өмірінен тасада болғанымен көкейдегі асқақ арманы тағат таптырмады. Өздігінен өмірге деген құлшынысы шыдамдылықты ширата түскендей. Алғаш өлең шумақтарының үзінділері ойға оралған тұста аузына таяқша тістеп, телефонның СМС-ы арқылы жаза бастайды. Бұл дегеніміз поэзияға деген іңкәр махаббатының айқын белгісі. Талай айтулы жүлделерді қанжығасына байлаған Нұрмұхаммедтің біз білмейтін ерекше қасиеті тағы бар. Ол он жылдан астам уақыт бойы кәсіпкерлікпен айналысып келеді. Оның ішінде мал, құс, балық шаруашылығының бел ортасынан табылып, бизнестің берік қағидатына бейімделген. Сәл ойлана отырып, әңгімесін әрі қарай жалғаған кейіпкеріміз өз сөзінде былай дегені бар.
– Бірде мал базарына барған едік. Мұндағы мақсатымыз семіртіп бағу мақсатында жылқы алу. Айналада топырлаған адамның қарасы мол. Арбада отырған мені көрген жұрт сол мезетте қайыршы деп ойлаған сыңайлы. Мүсіркеген кейіпте қалтасынан тиын-тебенді шығарып, тастап кетіп жатыр. Ал, мен болсам қалтамдағы ақшамды көрсетіп, жеке дара кәсіпкер екенімді, ешбір дүниеге мұқтаж еместігімді сездіргендей болдым, – дейді Нұрмұхаммед Әбілқасым.
Сан кәсіптің басын бір арнаға тоғыстырған Нұрекеңнің табандылығы таңғаларлық. Өз ауласында тауық санын көбейтіп, құс шаруашылығын бір жолға қойған. Бұрын қараусыз қалған ауыл маңындағы көлді өз жекеменшігіне алып, балықтың сан түрін көбейтуге күш жұмсамақ. Сонымен қатар, төрт түлік малы мен ірі қара басын өсіруді мақсат етіп қойған. Сондай-ақ, кейіпкеріміз мүмкіндігі шектеулі жандарға мол мүмкіндік туғызған атқарушы билік өкілдеріне алғысын жеткізді. Жары Әйкерім екеуі бұл күнде үлкен әулеттің бір бөлшегі шағын отбасыға айналған. Бар сырын ұғатын келіншегі азаматының бар күтімін жасап, қамқорлық танытады.

Сөз соңында айтпағымыз болашағына зор үмітпен қарайтын Нұрмұхаммед Әбілқасым поэзияда өзіндік қолтаңбасын да қалдырғаны мәлім. Ендігі жерде бизнес әлемінде де өз қолтаңбасын қалдыра отырып, шексіз мүмкіндік иесі екенін тағы бір дәлелдемек. Оған оның қажыр-қайраты, құлшынысы, алға қойған мақсатына жетуге деген ұмтылысы дем береді.


Балтабай ОРДАБЕКОВ
27 қараша 2018 ж. 1 556 0