Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ТАУҚЫМЕТКЕ ТҰСАУ САЛҒАН ТАСЖАРҒАН

ТАУҚЫМЕТКЕ ТҰСАУ САЛҒАН ТАСЖАРҒАН

( Қайсар ақын Нұрмұхаммед Әбілқасымов туралы сыр)

Осыдан оншақты жыл бұрын болар, таныс кісілер келіп, «Шіркейліде бір ақын жігіт тұрады, мынау соның жазғандары» деп қолыма екі-үш параққа түскен өлең берді. Оқып көрдім де, «өзімен кездесуім керек» деп ауыл­ына тартып кеттім. Арбаға таңылған жігіт мені көріп аяғынан жүріп кетердей ұмсынып, көзі жайнаңдап, көңіл ішінде құшағын жайды. Алдында менің жұп-жұқа өлең кітабым жатыр екен.
Сол күні екеуміз көп сырластық. Бала күнінен арбаға таңылыпты. Көкірегі сайрап тұр. Қорадағы малының әрқайсысының мінезін, қашан төлдейтінін жатқа біледі. Әсіресе, атқұмарлығы ерекше. Өзі салған аттың суреттерін көрсеткенде таңғалдым. Өйткені, оның қолы қалам ұстауға икемсіз. Қаламды ерніне қыстырып, ұялы телефонның әріптерін теріп жазады. Суретті де дәл осылайша салады. Ғажап па, азап па? «Ешкімге көрсетпей, көз жасымды сығып алатыным бар, бірақ мені жасық деп қалмаңыз. Мен өмірге ғашық адаммын, өзімнің бойымдағы барды ел-жұрттың рухани азығына жұмсағым келеді» – деді ол.
Мен Нұрмұхаммедпен осылай таныстым. Алла адамның тағдырын азан шақырып қойған атымен байланыстырады дейді қасиетті кітаптар. «Олай болса, Нұрмұхаммед атын алған бұл азамат тегін адам емес. Құдай қаласа, аяққа мініп кеткенін көреміз». Бұл – менің санама алғашқы келген ой.
Сонымен, жұмысыма оралған соң қайсар ақын туралы газетке мақала жарияладым. Өлеңдерін жинақтап, «Тағдырымның жанары» деп аталатын алғашқы жыр жинағының жарық көруіне атсалыстым. Аппаз Кәмішов ағамыз демеуші болды. «Өзі жақсы кісіге бір кісілік орын бар» дегендей, осыдан кейін Нұрмұхаммедтің тілекшілері де көбейе бастады. Бұқаралық ақпарат құралдары бірінен соң бірі жариялады. Осы жағдайлар менің досым, танымал ақын Алматыдағы Маралтай Райымбекұлының құлағына жетіп, ол Нұрмұхаммедтің «Тасжарған» деп аталатын екінші кітабын өз есебінен шығарып берді.
Осылайша, Нұрмұхаммед ертектегі «мына есікті ашпа» дейтін өмірінің сегізінші есігіне енді. Аяғына тас болып байланған тауқымет алдына шығып оның ендігі салдауыр салмағына қолын бір-ақ сілтеді.
2011 жылдың қараша айында поэзия номинациясы бойынша Алматыда өткен республикалық «Самғау» сыйлығын иеленді. 2012 жылдың тамыз айында шахматтан облыс жеңімпазы болды. 2012 жылдың қараша айында Халықаралық «Шабыт» жастар фестивалінде 90 ақынның арасынан халықтың ілтипатына бөленіп, дипломант атанды. 2013 жылдың қазан айында Астанада өткен «Бәріміз бірдейміз, кем­сітуді білмейміз» атты республикалық конкурсында «Алтын қауырсын» номинациясының жүлдесін жеңіп алды. 2014 жылы Бауыржан Момышұлы атындағы «Намыс» төсбелгісін омырауға тақты. 2015 жылы «Жаншуақ» сыйлығының лауреаты болды және осы жылы отбасын құрды.
Бүгінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде журналистика мамандығын игеріп жатыр.
Мен осы кездерде өзімнің бір болжауым келіп, бір арманым орындалғандай күй кешем. Өйткені, осыдан он жыл бұрын «құдай қаласа, аяққа мініп кеткенін көреміз» деген едім. Сол айтқаным келмеді ме? Нұрмұхаммедтің аяғы Алматыға да, Астанаға да жетті. Жай саяхаттап жүрген жоқ, өзін танытып, мойындатып қайтты.
Бәрінен бұрын оның бас қосып, шаңырақ көтергеніне күллі жұрт қуанды. Дүниеде жат ой, жаман қылықтан ада адам болудың екі дүниелік бақыты бар екенін бәріміз білеміз. Бірақ, сондай болу қолымыздан келе ме? Бір келсе, бұл Нұрмұхаммед сияқты жандардың ғана қолынан келетін іс.
Діни кітаптардың сөзі бойынша сыртымыздан ібіліс, ішімізден ханнас жамандыққа қарай жетелейді. Осы екеуін жеңетін – адал, таза жүрек күші.
Ежелгі грек ойшылы Пиндар сұлу Кориннаны қаратып алу біз секілді атақты адамға түк емес деп түсінген. Оның қателескені сонша, сол қызбен арадағы қақтығысы күні бүгінгі біздің құлағымызға жетіп отыр. Коринна ақын еді, Пиндар оған өлең жазуды үйрет деп талап қылды. Сан қатпарлы ғылымның тереңіне түскен ойшылға бірер сөзді ұйқастырып, өлең жазу үйреніп алса, түкке тұрмайтын сияқты көрінді. Бірақ қаншалықты терең ой мен пайым, құдая тоба, бір жақсы өлең жазуға жарамады. Өзінен бәсі жоғары болған ақын қызды көре алмаған ол ақырында оны «шошқа» деп тілдеді. Кейін оқымыстылар «шошқа» сөзі ол кезде қазіргі кездегідей ерсі сөз болып есептелмейтін еді» деп ұлағатты Пиндарды ақтауға тырысқанымен, қай кезде де «шошқа» сөзі «сүйкімсіздіктің» синонимі болып қала береді.
Мұнан не түсіндіңіз? Жүрегіңе Алла салмаған нығметті өз еркіңмен жасай алмайсың. Бүкіл аспан үстін, жер астын есік алдындағы егістігін қопсытқандай аударыстырып жүрген ғұламаларыңның бір шумақ шынайы өлең жаза алмауында осындай сыр бар.
Пиндардың данышпандығына шек келтіру қиын, бірақ мына оқиға арқылы оның таза пейілді болғанына сенбейсің.
Алла Тағала «байлықты жақсыға да, жаманға да берем, ал, иманды жақсы көргеніме ғана берем» деген дейді.
Жаратушы Ием Нұрмұхаммедке қиын тағдыр берсе де, несібесіне көбімізде жоқ адал ой, асыл қазына жазыпты.
Жақында маған Нұрмұхаммед інім келіп кетті. Сағынысып қалыппыз. «Журналистерге сәлем берейін» деп кабинеттерді жағалап шықты. Арбада отырғандай емес, аяғымен жүрген сияқты. Жүзі жарқын, жүрегі қуанышты.
Айтпақшы, жанында сұлу келіншегі бар...

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.
«Сыр бойы».
08 қыркүйек 2018 ж. 883 0