Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Басқа пәле – тілден

Басқа пәле – тілден


Үшінші сыныптағы бүгінгі «Ана тілі» сабағы жылдам өте шықты. Мұғалім әдеттегідей үй тапсырмаларын сұрады да, іле жаңа сабақты бастады.
– Балалар, – деді ағай. – Тіл сөзіне байланысты сөйлем құрандаршы!
Оқушылар ойланып қалды. Аяқастынан қайдан табыла кетсін? Жоқ олай емес… Табылды. Дәйім тап-тұйнақтай жинақы жүретін үздік оқушы Күлтай қол көтерді.
Одан кейін Сәуле, Мейрам, Жақсыбай, Манар, Болатбек, Мақпал…
– Ал, балалар, асықпай… кезек-кезек айтындар.
– Қос тіл – қос қанатың.
– Дұрыс-с…
– Тіл – қатынас құралы.
– Жөн-ау…
– Тілі байдың – ойы бай…
– Бұл да жөн…
– Тіл ауыздың ішінде… – Аңқау Жақсыбайдың сөзіне балалар ду күлді. Жақсыбай болса айылын жияр емес.
– Ағай, неменеге күледі балалар… Мен тапқан сөйлем ішінде «тіл» деген сөз бар емес пе?
– Оның рас… Жарайды, отыра ғой…
– Болды ма? Енді қосатындарың жоқ па? Оқушылар үнсіз. Осы кезде артқы партада отыратын мінезі біртоға Ақылбек қолын көтерді.
– Айта ғой, Қасымбеков.
– Бар пәле – тілден…
– Өте жақсы айттың! Бұл мақал ғой, – деді мұғалім. Оқушылар әлі үнсіз. – Ал, Ақылбек, айта қойшы. Осы сөздін мағынасын қалай түсіндіресің?
– Менің атам 81-де, – деді Ақылбек. – Нағыз мұсылман… Бес уақыт намаз оқиды. Әлі тың. Сергек. Осы күнге дейін атқа ешкімнің көмегінсіз өзі мінеді. Шөп шалғымен шөп шабады. Өзі жинайды, өзі тиейді арбаға. Әрине мен де қол ұшын берем… Атам бес уақыт азан шақырады. Мен ұйып тыңдап отырамын. Өйткені «азан дауысына және намаз оқығанда көңіл қойып тыңдаудың – өзі үлкен сауап» дейді атам. Азан шақырылған шаңыраққа Алланың нұры түсіп тұрады дейді. Үйге құт-береке кіреді. Ырыс пен бақ молаяды…
– Ағай, Ақылбек негізгі тақырыптан ауытқып кетті, – деді қашанда бүйректен сирақ шығарып жүретін Күнес.
– Қызық екен…
– Естімеген әңгімеміз…
– Қайдан біледі… – деп сыбыр-күбір өрбітті балалар.
– Айтсын, айтсын, – деді енді бір оқушылар.
– Әлгі сөзіңнің мағынасын түсіндіре ғой, – деді мұғалім. Түсіндіріп көрейін… – Ақылбек әңгімесін сабақтады.
– Атам тақуа адам. Арабша аздап біледі. Құран Кәрімді ылғи оқып отырады… Құран деген сөз араб тілінде оқу дегенді білдіреді екен… Және атам кімде-кімнің үйінде қасиетті Құран кітабы болса, оны оқып отырған ләзім дейді… Немерелері – бізге дәйім шариғаттан әңгімелер айтып береді. Мұсылмандық қағидалары туралы түрлі-түрлі кітаптарды оқытады. Жақында мен атама «Мұхаммед пайғамбарымыздың хадистері» деген кітаптан «Адам бәлені тілінен табады», «Бар пәле тілден» деген хадистерді оқыдым. Ол жөнінде атам бізге былай деп түсіндірді.
Адам тіліне абай болу керек. Ойнап сөйлесең де, ойлап сөйлеген жөн. Әлгінде Күнес оқыстан байбалам салды. Қисынсыз әңгіме айтты. Сөйтіп, менің көңіліме кірбің түсірді. Мұндай ерсі қылық өзге балалардың бойында да кездеседі. Сол үшін тіл сүйексіз екен деп, орынды-орынсыз сөйлей беруге болмайды. «Басқа пәле – тілден» деген – осы…
Мұғалім де, оқушылар да үнсіз…
Күнестің ашуы келді… Алғаш рет сыныптасы Ақылбектің сөзіне жауап қайтара алмады.
Толымбек Әбдірайым
21 қараша 2018 ж. 1 607 0