Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Маршрутта тапқан махаббатым

Маршрутта тапқан махаббатым


Мен өзі аздап қылжақбастау адаммын. Құрдастарым «жасында қалжыңбас болған қартайғанда мылжыңбас болады» деп кекетеді. Бір әдетім, әзілдескенде адамның жасына, лауазымына, түр-әлпетіне, жынысына қарамаймын. Қабағына қар жауып тұрғандардың ашуын тарқатып, күлкінің күбісін пісіп жүремін.
Бірде асығып-үсігіп жүріп, апыл-ғұпыл үйден біреу қуып шыққандай жұмысқа кеттім. Өзім маршруттың басқа аялдамасынан мініп, асықпай-аптықпай түсетін едім. Сол әдетіме басып, атам мұраға қалдырғандай мінген орнымда қатып отыра беріппін. Не керек, аялдайтын жерім есіме түсіп, жолақы төлейін десем... Ұят-ай, қалтамда көк тиын жоқ. Не де болса, бір жолға түлкінің қылығын жасап, алдап кетейін деп ойладым. Сөйттім де, көпшілікпен араласып отырып соңынан түскенше асықтым. Жолымның болғаны шығар, осы жолғы «түлкі жоспарым» сәтті шықты. Әйтеуір, жұмысқа да жеттім-ау. Тірлігімді жасап жүре бердім. Жұмыс бітетін уақыт таяған сайын қатты қысылып, қымтырылып барам. Қызметтестерімнен сұрайын десем, ыңғайсыз. Намыс құрғыр да жіберер емес. Өмір бойы қысылған күндерімнің ішінде есте қалғаны осы шығар?! Ай, мына қырық теңгенің азарын-ай!!! Есіме жездемнің бір әзілі түскені. Қалжыңдасып, құлағын бұрап, ақша сұрай қалсаң, бес теңге беруші еді. «Алмаймын» десең, «маршрутқа мінгенде бес теңгең жетпесе де орта жолдан түсіріп кетеді» дейтін. Менде мұндай да жағдай емес қой, тым болмаса, жарты жолға жетіп қалатын дөңгелек тиын атаулыдан жұрдаймын. Жоқтықтың мендей жомарт жігіттің қолын байлағанына ызам келіп, тәуекелге бел байладым. «Нар тәуекел, маршрутқа мінемін» деп серт бердім өз-өзіме. Сертімде тұрдым. Аялдамаға бардым да ұялмай-қызармай, дымым мен жымымды білдірмей, көлікке отырып алдым. Жан-жағыма жәймен ғана көзімнің қиығын салып қарадым. Артқы жақта кескін-келбеті тартымды бір қыз отыр екен. Қасына барып, жалп етіп отыра кеттім. Құдды ұрлық жасаған адамдаймын. Ішінен «мынау өзі есерсоқ па?» деп отырғандар бар шығар. Құрысын, не ойласа да маған бәрібір.
Болса да міндім, «енді қарап отырмайын» деп, әлгі қызға тиісе жөнелдім. Одан сағат сұрадым.
– Қарындас, уақыт айтып жіберіңізші.
Тықылдады да бір қарап отыра берді.
– Уақыт айтыңызшы, – дедім қылымсып.
– Соткаң бар емес пе, – деді ол жақтырмаған кейіппен.
Менің де қайтар түрім жоқ.
– Менің соткам сағат көрсетпейді, – өтірікті шындай қып айта салдым. Сеніп қалды ма, әлде «осы бәледен құтылайын» деп ойлады ма:
– 6-дан 40 кетті, – деді.
Содан сөйлеткен үстіне сайрата бердім. «Жол қысқарсын» деп сылтауратып қоям. Біраз таныстық енді, айтатын несі бар. Түсер кезде:
– Мен қазір саған жолақысын төлеп кетемін. Көрсеткен кезде қолыңды көтер, – дедім. Ішім қылпылдап барады.
– Мақұл, – деді ол.
Ауыз жақтағы кассирге жақындап, «маған арттағы қыз төлейді» дедім ақырындап қана. Бір уақытта арттағы аруым қолын көтерді. «Уф» дедім иығымнан бір жүк түскендей. Мен түстім де кеттім. Үйге қуана-қуана кіре бергенім сол еді, телефоным безгек қағып қоя берді. Қарасам, әлгі қыз. Бірге отырғанда нөмір сұрасқанбыз. Амал жоқ, ұят та болса, тұтқаны көтеруге тура келді. «Алло» дей беріп едім, «алдамай-ақ, айта салсаң да төлейтін едім ғой» деп баж ете қалды. Күлдім.
Кейін онымен күнделікті хабарласып тұратын болдым. Бірте-бірте махаббатым ашылды. Соңында үйлендік. Мен әйеліммен осылай танысқан едім.
Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН.
26 қыркүйек 2018 ж. 876 0