Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » СТУДЕНТТІК ӨМІРІМНІҢ БІР КҮНІ

СТУДЕНТТІК ӨМІРІМНІҢ БІР КҮНІ

Мектеп қоңырауының сыңғырын ұмытып, университет табалдырығын аттағаныма үш жылдай уақыт өтті. Жүйткіген поезд секілді көз алдымнан студенттік өмірім алаңсыз зырғуда. Балалық шақтың бақытындай, мектеп ішіндегі мерейлі уақытыңдай, студенттік кезеңнің салтанатты қызықтары жетіп артылады екен. Мен Қорқыт Ата атындағы университеттің журналистика мамандығында оқимын. Бәлкім сіз осы кезеңді басыңыздан өткерген шығарсыз, ал кейбіреуіңіз ұмытылмас шақтың кереметіне жетуді армандап жүрген боларсыз. Қызық болса, сіздерге де бір күндік өміріммен бөлісейін.
Қоңыр күздің салқын күндерінің бірі. Сағат таңғы 6:30. Беймаза уақытта шырылдаған оятқыштың дауысынан көзімді тырнап, тәтті ұйқымды қимай ояндым. Ішімнен бірінші сабақ 8:30-да, оятқышты неге ертерек қойдым екен деп өзімді өзім кінәлағандай болдым. Жуынып-шайынған күйде таңғы асымды ұйқылы-ояу ішіп, аялдамаға беттедім. Сайтандай сыпылдаған суық жел бүгін сабаққа бармаяқ қойсаң қайтеді, одан да ұйқыңды қандыр дегендей, ызғарымен ойымды билеп алды. Қоғамдық көлікте қыстырылысқан адам. Барлығының арманы сол бір орындыққа отыру секілді көрінеді маған. Мінген адамды діттеген жеріне апаратын көлікке рақметімді айтып мен де өзімнің аялдамамнан түсіп қалдым.
Сағаттаған уақыттар. Тыңдалған дәрістер. Оқытушылардың себуден жалықпайтын білім дәні... Бұл сөздерді студент деген атты иемденген жан ғана түсінері анық. Бірінен соң бірі жалғасқан дәрістерді тыңдаған мен шаршап қалғанымды да аңғардым. Бірақ шаршауға да уақыт тапшы. Түскі астан кейінменің сүйікті сабағым басталады. Студенттік шақты басыңыздан өткерген әрбіріңіздің жақсы көретін оқытушыңыз бен беріліп оқитын бір пәніңіздің болатыны айқын.  Иә дәл сондай жағдай менде де бар. Тіпті ауырып сабақтан қалған күннің өзінде, сол оқытушының ыстық ықыласы, сабақ беруге деген құлшынысы мені шақырып тұратын. Бейсенбі күннің сабақтар тізбегін аяқтау үшін біз аудитория орындығана орналастық. Кенет, қуанышты жаңалық естігендей топ жетекшіміз есікті айқара ашты. Иә, шынында да біз шаттанатындай жаңалық яғни  сабақтың аяқталуы және театрға спектакль көруге баратынымыз. Жапағатармағай жиналып, қызғылықты қойылымның қызығына батып үйімізге тарастық. Қаланың шуылдаған көліктерінен, асыққан адамдардан ауылдағы ата-анаңды, туған-туыс бауырларыңды сағынады екенсің. Кешкілік ермегім ұялы телефон арқылы ата-анаммен сөйлесу. Сондағы айтылатын әңгімелердің өзі әншейін сағынышты басудың қамы ғой... Бірақ, бір де бір рет үйдегілердің жағдайын сұрауды ұмыт қалдырған емеспін.
Кешкі ас ішіп, асқазанды тыныштандырып болғаннан кейінгі шаруа ертеңгі үй тапсырмасын орындау. Бір жақсы жерін айтайын ба? Мектеп
сияқты емес, берілген тапсырманы орындамауға да болады. Тиісті бағаңды алып жөніңе кете бересің. Бірақ, қорытынды емтиханда алдыңнан бұлғаңдап шыққан бағаларды көргенде өкінесің, кейін әттең дейсің. Сол әттеңің күнін кешпеу үшін менде үй тапсырмасын орындауға отырдым. Күні бойғы қарбалас тіршіліктен шаршаған мен кітап оқып отырып, дәптерлерімді құшақтаған күйі ұйықтап кеттіппін.
 Күнделігімді оқып отырып, студенттің уақыты оқумен өтеді екен деп ойлап қалмаңыз. Бұл менің тек бір күндік өмірім. Студенттік шақтың бұдан да басқа естен кетпейтін қызықтары болады. Мөлдір махаббат, алғашқы қиындықтар, ойын-сауыққа толы кештер, жатақханадағы өмір де осында болады. Оны бір жазбаға сыйдыру да мүмкін емес шығар. Алайда мәңгі студент болу ешкімнің маңдайына жазылмаған. Күн артынан күн жалғасып осы сәттер де өте шықпақ. Бастысы халқыма қызмет етіп, тілшілікті тіршілік еткен журналист болсам екен деп тілеймін.
Арайлым ӨМІРБЕК
16 қараша 2018 ж. 2 935 0