Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » БІРТУАР ПЕРЗЕНТ, ТҰҒЫРЛЫ ТҰЛҒА

БІРТУАР ПЕРЗЕНТ, ТҰҒЫРЛЫ ТҰЛҒА


Халқымызда елге еңбегі сіңген тұлғаларға қатысты айтылатын нақыл сөз көп. Оның ішінде, «Жақсы ісімен мың жасайды», «Бір кісі мың кісіге олжа салар» деген нақыл, одан кейін «біртуар азамат» деген тіркес сол тұғырлы болған тұлғалардың таңдаулысына ғана тән. Сөйлеген сөзі мен жасаған ісі үйлесіп, «ел» дегенде ет жүрегі елжіреп, кейінгілерге үлгі-өнегесін көрсететін жақсы мен жайсаң жан-жағына үнемі шуағын шашып жүреді. Сөйте тұра, халыққа қалтқысыз қызмет қылып, ыстық ықыласқа бөленері хақ. Өз ісінде әділ­дік, шынайылық, тазалық, адал­­­­­дық секілді қасиеттерді бой­тұмар етіп, әлеует пен әлеуметті ойлаған тұлғаның есімі ел жадында мәңгі сақталады және оның өнегесі ұрпақтар сабақтастығына айналмақ. Мұны біз жақында «Дос­­­­тық» үйінде өткен мемлекет және қоғам қайраткері Қонысбек Төрешұлы Қазантаевтың өмір жолы мен қызметіне арналған «Аудан тарихындағы тұғырлы тұлға» атты дөңгелек үстелде байқадық.
Иә, тақырыптың өзі айтып тұрғандай, Қонысбек Қазантаевтың есімі аудан тарихында алтын әріптермен жазылған. Өмірі өне­геге толы тұлғаның ауданның өсіп өркендеуіне, әлеуметтік-экономи­­­калық дамуына, қиын сәттерде тығырықтан жылдам шығып, ел мүддесін қорғауда жасаған еңбегі ұшан-теңіз. Ол кісінің тәрбиесін көріп, шекпенінен шыққандардың ел үшін жасаған жұмыстарындағы тазалығынан Қ.Қазантаевтың өнегесі көрініп тұрады. Мұны дөңгелек үстел басына жиналған замандастары, әріптестері мен шәкірттерінің айтқан естелік әңгімелерінен анық ұқтық.
Ел есіндегі білікті басшы, парасат иесіне арналған «Халқының жүрегіндегі қаһарман» атты бей­не­көрініс көрсетілгеннен соң ау­дан­­дық ардагерлер кеңесінің ұй­ым­дастыруымен өткен шараны Х.Әбенұлы ашып, ел үшін аянбай еңбек еткен біртуар азаматтың өмір жолына тоқталып, өнегелі ісін жеткізді.
– Елбасы Н.Ә.Назарбаев ұрпақ­қа ұлағат боларлық өнегелі істерді насихаттауды, дә­ріптеуді әрдай­ым қолдап келеді. Арда туған азамат­тардың өмір жолын үлгі тұтып, еңбектерін бағалап, жасаған игі істерін келешекке ғибрат ету – біздің азаматтық парызымыз. «Елдің атын ер шығарады» десек, халқын сүйген азамат елінің есінен кетпейді, мәңгі жадында сақталады. Биыл көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан, бітім-болмысымен дараланатын қайраткер азамат – Қонысбек Қазантаевтың туғанына 95 жыл толып отыр. Қ.Қазантаев – туған топырағының қайсар қайраткері, облыс тарихында өзіндік дара орны, қалдырған ізі бар азаматтардың бірі, – деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хайролла Әбенұлы.
Облыста қай салада да жұмысқа деген адалдық, кадрға деген жоғары талап, әділдікті ту ету, болмыс-бітімімен баршаға үлгі болу ісін Қонысбек Төрешұлынан үйренгендер қатары көп екенін жеткізген аудан­дық ардагерлер кеңесінің төрағасы кездесу барысында құрметті мей­мандарға сөз берді. Ел дамуына еңбегі сіңген ардагерлер Алмагүл Божанова, Біржан Көштаев, Төлеген Аштанбаева, Тасқара Байниязов, Жайшылық Ағыбаев, Алмагүл Бақтиярова, Ширек Сқақов, Әскербек Төрекеев, Батырбек Маншарипов, Райкүл Жалғасбаева, Бексұлу Синае­ва тұғырлы тұлғамен ең алғаш кездескен сәттерін, жұмыс барысында іскер басшыдан білген-түйгендерін, қайраткерлік мінезін, ел мүддесі жолында талабының жоғары екенін, іргелі іске енжарлық танытқанда жылдам тезге салатынын және өзге де қадір-қасиетін айтып, естеліктерін жеткізді. Сондай-ақ, сөз барысында еңбек ардагерлері текті тұлғаның ел дамуы жолындағы еңбегін дәріптеу, насихаттау мақсатында еске алу шараларын тұрақты түрде өткізу керектігін атап айтты. Оған қоса, халық ұлына арнап аудан орталығынан ескерткіш-бюстін орналас­тыру жөнінде өз ұсыныстарын жеткізді. Бұл ауданның дамуына сүбелі үлес қосқан арда азаматқа кейінгі толқынның ерекше құрметі болмақ.
Дөңгелек үстел басында еңбекпен құрметке бөленгендер Қонысбек Төрешұлы туралы, оның өнегесі жөнінде тоқтамастан айта беруге болатынын айтты. Елеп-екшегеннің өзінде әрқайсысы 15-20 минуттан сөз сөйлеп, тұғырлы тұлғаның парасат пайымын, азаматтық болмысын, жүріп-тұрудағы тазалығын тізбектеді. Ал осы шарада «Қазақтың көрнекті ақыны Сырбай Мәуленов: Сыр бойында болыс көп, ең мықтысы – Қонысбек» деп жоғары баға бергенін айтқан ақын, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Мұхтар Сақтапов мемлекет және қоғам қайраткері жөніндегі жақсы әңгімелерді арнау өлеңіне тоғытып, дөңгелек үстелді қорытты. Айта кетейік, шара аясында аудандық кітапхана қызметкерлері Қ.Қазантаевтың өмір жолы мен қызметіне арнап «Тарихты тұлғалар жасайды» атты кітап көрмесін ұйымдастырды.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
01 қараша 2018 ж. 1 993 0