Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » МЕРЕЙЛІ КҮНДЕРДІҢ КУӘСІ БОЛДЫҚ

МЕРЕЙЛІ КҮНДЕРДІҢ КУӘСІ БОЛДЫҚ


Тамылжыған тамыздың тамаша күндерінің бірінде Сыр елінде, дәлірек айтсақ – Сырдария ауданының орталығы Тереңөзек кентінде осы ауданның құрылғанына 90 жыл толу тойы дүркіреп өткенін көзімізбен көрдік. Оған 40 мыңға жуық тұрғындарының жүруге жарайтыны мен осы топырақта туып, ауасын жұтып, суына шомылып, бұйырған ризық несібесімен қоректеніп, білім алып, кейіннен қызмет бабымен Тәуелсіз республикамыздың түкпір-түкпірінде абыройлы еңбек етіп жатқан тұлғалы азаматтары қатысып, мерейлі күндердің куәсі болдық.
Осы тойдың аясында қазақтың қайталанбас қаламгерлері Қалтай Мұхамеджанов пен Әбіраш Жәмішевтің де 90 жылдық мерейтойлары аталып өтіп, тойдың маңызы мен мәнін аша түскендей әсер етті.
Аудан орталығынан «Парасат» алаңының ашылуы, мәдениет үйінде өткен ғылыми-практикалық конференция, «Жаныңда жүр жақсы адам» және №35 мектептегі шығармашылық кездесулер, тойға арнайы келген жерлес дәрігерлердің жергілікті ауруханаларда «шеберлік сағатын» өткізуі, республикалық ақындар айтысы, өнер жұлдыздары қатысқан кешкі гала-концерті, сондай-ақ бүкіл салтдәстүрімізбен безендіріліп, қонақ күткен киіз үйлер көрінісі – бүкіл ұлттық мұраларымызды берік сақтаған, бірлігі мен тірлігі жарасқан халық екенімізді тағы да бір дәлелдегендей болды.
Бұдан 50 жылдай бұрын осы ауданның қалыптасып, өркендеуіне Қонысбек Төрешұлы Қазантаев ағамыз да абыройлы еңбек етіп, зор үлесін қосқан еді. Текті әкеңізден дарыған сол іскерлік қабілетіңіз бен ұйымдастырушылық шеберлігіңіз ұштасып, аудан халқын бір бағытқа жұмылдыра білетініңізді байқатты.
Осы тойдың арқасында жиынға қатысқан жұртшылықтың да бірбіріне деген шынайы мейірімі ерекше сезілгендей болды. Сағынысып көріскен жандардың жүзінен нұр төгіліп, туған топыраққа, ұлы тұлғаларға деген сүйіспеншілік сезімін сезінгендей болдық.
Құрметті Ғанибек Қонысбекұлы!
Жауапты науқан – күріш ору алдында аудан тұрғындары мен еңбеккерлерін екі күн бой серпілтіп, ұрпаққа үлгі боларлықтай той өткізіп, маңызды іс-шараны ойдағыдай атқардыңыз. Сол үшін шексіз ризашылығымды білдіремін.
Сіз басқарып отырған аудан мен оның қажырлы еңбеккерлері облыс аумағында әрдайым алдыңғы қатардан көріне берсін деп тілеймін!


Қайырбек Асанов,
ақын,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
«Сырдария ауданының Құрметті азаматы»
25 тамыз 2018 ж. 929 0