ЖАҢАЛЫҚҚА БЕЙІМ ЖАСТАР
Бүгінде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында қолға алынған жобалар маңыздылығын жоғалтпай, ауқымды істерге бастамашы болуда. Ұлт руханиятының айқын көрінісін айшықтайтын жаңғыру тетіктері өткен мен бүгіннің алтын көпірі. Ұрпақтар сабақтастығы салтанат құрып, санамызға сарқылмас құндылықтар еніп, дініміз, діліміз, мәдениетіміз, сан саламыз жаңа сипатта даму жолына түспек. Мақала өзегін жарып шығып, тағылым көкжиегін кеңейткен басты алты принцип, кіші бағдарламалар, атаулы жобалар жасампаздықтың жарқын үлгісі. Әрқайсысы арнайы жүктелген міндеттер шеңберінде кезең-кезеңімен жүзеге асады.
Халық арасында түрлі салада еңбек етіп, әлемдік аренадан орын алуға ниетті жандар жетерлік. Тың жаңалықтар ашуға, азаматтарға игі бастамаларды жүзеге асыруға себепкер болған «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының былтырғы қорытындысы бойынша 102 азамат таңдап алынды. Қоғам өмірінде көрінбей жүрген таланттар мен еңбегі елге сіңген айтулы тұлғалардың есімі тарих бетіне алтын әріптермен таңбаланып, олардың өлшеусіз мұралары жұртшылыққа жаңа қырынан танылуда. 100 жаңа есімнің қатарында жерлесіміз Сымбат Әбдірахманова да бар.
Қарапайым отбасынан шыққан бойжеткен алғашқыда мектеп қабырғасында жүріп, талай дүниелерді іске асыруды армандайды. Тың жалынмен ойлаған мақсаттары бірте-бірте орындалып, биік дәрежені бағындыруға жол ашылады. Он бірінші сыныпта оқып жүріп, өз қалауымен ағылшын пәнін таңдап, парсы тілінің маманы атанады. «Дүниені өзгерткің келсе, өзіңнен баста» деген тәмсілді өмірлік қағидасы қылған жас аудармашы Иран елшілігіне дейін қызмет атқарады. Сондай-ақ, қосымша педагогика-психология мамандығын тәмамдап, қос салада табанды еңбек етіп жүр. Оның қаржы қажет етпейтін жобалары көпшілік назарын аудартады. Облыс бойынша парсы тіліндегі жалғыз аудармашы балалардың танымдық әрекетін дамытатын мультфильмдер дайындап, өз қабілетін жан-жақты танытуда. «Қолымнан ештеңе келмейді» – деген ұғымды жоққа шығарған Сымбаттың алдағы уақытта бағындырар белесі айтарлықтай.
Аталмыш жобаға облыс атынан қатысқан тағы бір жас тұлға, ғылым жолында жүріп, талай асуларды бағындырған А.Нобель атындағы медальдың иегері Нұрбол Аппазов есімі ерекше. Ол Қорқыт ата атандағы ҚМУ базасында ҚР БҒМ Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыруымен жүргізілетін ғылыми жобаларға жетекшілік жасайды. Ғылым саласында жаңа, заманауи мүмкіндіктерді еркін игеріп, өзіндік қолтаңбасын қалдыруда. Алдағы кездескен қиындықтарды еңсеріп, ел игілігіне қатысты ғылыми жобаларды дүниеге әкелді. Дамушы мемлекеттердің озық тәжірибесіне сүйеніп, қазақстандық үлгідегі ғылыми жобаларды жетілдіруге күш салып жүр.
Ал, келешек Нұрбол Аппазовтың ізін жалғар жас өрен облыстың белсенді азаматы ретінде танылған. Ол – ғылым саласында өзіндік қолтаңбасын қалдыратын, болашағынан зор үміт күттіретін Оңтүстік Кореяның Дэджон қаласында «Жас ғалым» халықаралық жобалар байқауының жеңімпазы Дінмұхамед Ақпан. Жас ғалымның зерттеуінен шыққан туындылар әлем елдерінен келген өзі секілді жастар арасынан оқ бойы озып шыққан. Өз замандастарына тәжірибесі жайлы ой бөліскен Діңмұхамедтің талабы таудай. Қазақ атын әлемге танытсам деген талпынысына көз сүйсінеді. Ол бағындырған белес өзінің жетуге тиісті межесінің бір бөлшегі ғана.
Жоғарыда ұлт мақтаныштарымен жақында кент мәдениет үйінде «Public Talks» форматындағы кездесу өткізілді. «Public Talks» (қоғам алдында сөйлесу) форматы еркіндікке, адамдар арасындағы ашық байланыс орнатуға арналған. Оған облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім бастығы Г.Әшірбекова, сала мамандары, аудан жастары, ҮЕҰ мүшелері қатысты.
Шара барысында меймандарға сан алуан тақырыпта сауалдар қойылып, тұщымды жауаптар алынды. Жас ғалымдар айтарлықтай тәжірибесімен бөлісті. Ең бастысы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласының өміршеңдігі мен өзектілігі тұрғындарға түсіндірілді.
Б.ОРДАБЕКОВ