ІСКЕР БАСШЫҒА ТӘНТІ БОЛАТЫНБЫЗ
Таудың биіктігі алыстаған сайын айқындала түсетіндігі тәрізді Қонысбек Қазантаевтың тау тұлғасы көз алдымызда әлі күнге елестеуде, жадымызда сақтаулы.
Қонекең ұмытпасам, 2000 жылы 17 тамызда 77 жасында дүниеден озды. Өткен күнде белгі жоқ, содан бері 18 жыл өтіпті, тірі болғанда Қонекең биыл 95 жасқа толар еді. Ардақты ағамыз қазір ортамызда болмаса да тірлігінде қызметтес болған замандастары ұмыта алар емес. Мәселен, мен өзім Қонекеңмен қызметтес болған 11 жылдан астам өткен күндер әлі есімде.
Сонау 1964 жылдың қаңтар айында қысқы демалыс кезі болатын. Мен ол кезде №137 «1 Май» мектебінде оқу ісінің меңгерушісі болып жұмыс істейтінмін. Сол жылдың 8 қаңтар күні марқұм Сейтмұрат Ембергенов екеуміз Сырдария селолық өндірістік партия комитетінің бюросына шақырылып, бюро мәжілісінің қаулысымен мен аудандық «Білім» қоғамының жауапты хатшысы, ал Сейтмұрат парткабинет меңгерушісі болып бекітілдік.
Аудандық партия комитетінің бүкіл лекциялық насихат жұмыстары «Білім» қоғамы мүшелері арқылы жүргізілетін еді. Сондықтан күнделікті қызметім аупарткомның идеология жөніндегі хатшысы Көбейсін Исаевпен тікелей байланысты болатын. Ал, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Қ.Қазантаевтың қабылдауында бола бермейтінмін. Бір күні мені Қонекеңнің өзі шақырып, әуелі менен лекциялық насихаттың жайын сұрады. Содан соң маған бір жұмыс тапсырғысы келетінін айтты. Қолыма үлкендеу келген қалың блокнотын ұстатып, оған аудандық статистика бөлімінен келген және өз қолымен жазылған көптеген экономикалық талдауларды көшіріп жазу қажет, – деді. Жұмысты асықпай ұқыпты орындауды тапсырды. Соңынан Қонекең аудан насихатшысының аудандағы нақты жағдайды білуі үшін аудандық партия комитетінің бюро мәжілістеріне, пленум, актив, аппарат жиналысына үзбей қатысып отыру керектігін ескертті.
Кейін тапсырманы бар ынтаммен орындап, өзіне табыс еттім. Міне, Қонекең аппарат қызметкерлерін осылайша кімнің нендей жұмысқа бейім екендігін сырттай зерттеп біліп, олардың қабілеттерін сынап отырады екен. Менің іс-қағаздарды орындауға мұқият қарап, әдемі жазуға тырысатындығымды білген Қонекең мені аппаратта 11 жылдан астам уақыт ұстады. 1965 жылдың бас кезінде мені аудандық партия комитетіндегі аса жауапты қызмет – партстатистика және бірыңғай партия билеті секторының меңгерушісі етіп ауыстырды.
Біздер – сол кездегі аупартком аппараты қызметкерлері Қонекеңнің істеген ісіне, сөйлеген сөзіне, адамгершілігі мен әділеттілігіне, дарынды басшы екендігіне тәнті болатынбыз. Оның тапсырмасын бұлжытпай орындап, «Болмасаңда ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» – деп Абай айтқандайақ барлық жағынан сол кісідей болуға талаптанатынбыз. Әсіресе, Қонекеңнің сұлу жазуына қатты қызығатынбыз, әрбір әріпті Қонекеңше жазуға тырысатынбыз.
1972 жылы СОКП Орталық Комитетінің шешіміне сай аудандық партия комитеттерінде жалпы бөлім деп аталатын жаңа бөлім ашылды. Осы бөлімнің меңгерушілігіне Қонекең мені лайық деп тауып, облыстық партия комитетіне ұсыныс берді. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Хасен Шаяхметұлы Бектұрғановтың қабылдауында болдым. Ол менің жеке іс-қағазымды, өмірімді оқып отырып: – Шырағым, сен Қазантаев екеуің бір мектепте, бір ұстазда оқыған жоқсыңдар ма? Екеуіңнің жазуларың ұқсас екен, ал енді жаңа қызметіңді де Қазантаевша атқарарсың, – деді.
Сол жылдарда облыстық партия комитетінде жылына кемінде екі рет аупартком бөлімдерінің жұмыстарына талдау жасап тұратын. Ал, Тереңөзек аудандық партия комитетінің жалпы бөлімінің жұмысына жақсы баға беріліп, әрдайым мадақталатын. Кейіннен басқа аудандардың бөлім меңгерушілері мені ортаға алып, жұмысымдағы ерекшеліктерді білгілері келетін. Мен оларға: «Қазантаевтай басшыларың болса, сендерде мадақталар едіңдер» – деп жауап беретінмін.
1973 жылы СОКП Орталық Комитеті партия билеттерін ауыстыру туралы шешім қабылдады. Қонекең мені шақырып алып: – Партия билеттерін ауыстыру – саяси маңызы бар науқан, қажетті жағдайлар жасаймыз, осы жұмысты басқарып атқаруды өзіңе сеніп отырмыз, ал жалпы бөлім жұмысын уақытша басқа адамға тапсырармыз, – деді. Сонымен Қонекеңнің сенімін ақтау үшін аянбай еңбек еттік және сол кісінің жәрдемімен саяси науқанды да абыроймен атқардық. Осыдан кейін 1974 жылдың қортындысында Тереңөзек аудандық партия комитеті жалпы бөлімнің жұмысы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде республикадағы 250 ауданның ішіндегі алдыңғы қатарлысы деп танылды. Әрине, бөлімнің жұмысының мұндай жоғары баға алуы да Қонекеңнің құжаттармен жұмысына маңызды іс ретінде қарауының нәтижесі еді.
Мені де, өзімен қызметтес болған өзгелерді де таңқалдыратыны да, сүйсіндіретіні де Қонекеңнің аса ұқыптылығы мен талғампаздығы еді. Жазу үстелінің үстінде қанша қағаз бен кітаптар, жазу құралдары болсын, бірде-біреуінің ыңғайсыз, не ретсіз жатқанын көрмейсіз. Кейде ұшы мұқалған қаламды қайта ұштауды маған тапсыратын. Қаламды Қонекеңше мінсіз етіп ұштау, оңай жұмыс болмайтын. Негізі бұл да бізді ұқыптылыққа үйретудің тәсілі болса керек. Қонекең өзінің ұтқыр, уытты сөзімен елеусіз нәрседен де тәлім алуға ықпал ететін. Бір пленум мәжілісінің үзіліс кезінде қоғамдық асханадан қонақтарға түскі тамақ алдырған едім. Сонда Қонекең: «Қонақтарға тамақты беті-қолын аптасына бір жумайтын даяшы әкелді ғой» – деп ескертпе жасады. Шынында да даяшының ұсқыны кімге болса да ұнарлықтай емес екен. Қонекең осылайша біздің талғампаздығымыздың да аздығын, сергектігіміздің де кем екендігін аңғартты. Кейін қарамағындағы қызметтестеріме Қонекеңнің ескертпесінен қорытынды шығарып, әрдайым таза жүруге, ұқыпты болуға тырысайық, – дедім.
Қазантаев кадрларды тәрбиелеу ісіне ерекше назар аударатын. Бірде облыстық партия комитетінің шақыруымен облыс орталығына бара жаттық. Жолда Қонекең ұзақ ойға шомып, үнсіз келе жатып кенеттен дауыстап: – Ол өзі жанып тұр-ау, жанып тұрау! – деп екі рет қайталады. Маған қарап Қонекең сол кездегі аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Сейілбек Шаухаманов туралы менен: – Көп араласып қатар жүресіңдер ғой. Ол туралы не білесің? – деді. Менде Сейілбек білгір жігіт, жақсы кадр деп бағалайтынымды айттым. Көп ұзамай Сейілбек совхоз директоры болып бекіді.
Қонекең аппарат жиналыстарында: – Аудандық партия комитеті – аудан коммунистерінің штабы, ал аппарат қызметкерлері осы штабтан әбден ысылып, шынығып шығулары керек. Сонда ғана қандай ауыр жұмыстарды да қиналмай атқаруға болады – дейтін. Біз білетін Қазантаевтан тәлім алған көптеген азаматтар: Елеу Көшербаев, Қозтай Әбуов, Сейілбек Шаухаманов, Қожахмет Бекқожаев, Дамир Илямеддинов, Самит Далдабев, Мақсұт Әбдіразақов, Алмагүл Божанова, Сәбит Отызбаев және басқа көптеген кадрлар аудан, облыс басшылары болып қызмет атқарып, республикаға танылды.
Қонекең аса шебер, өте әділ, әрі білгір басшы болғандығы әрқашан біздің жадымызда, елдің де есінде болатыны күмәнсіз. Өйткені Қонекеңнің ауданымыздың экономикасын, мәдениетін дамытуға, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға еткен еңбегі ұшан теңіз. Ол өзінің мінсіз ісімен, жанының тазалығымен де халықты өзіне тәнті етті.
Рахымжан БӘЙМЕНОВ,
Сырдария ауданның Құрметті азаматы