ХАЛЫҚ АҚЫНЫ – ҚУАНЫШ БАЙМАҒАНБЕТОВ
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, М.Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы» – деп атап өтті. Сол айтқандай, халық ақыны Қуаныш Баймағанбетов Сыр елінің шоқтығы биік рухани мәдениетінің көрнекті өкілдерінің бірі. Ол жастайынан қисса, дастандарды оқып, Сыр өңірінің белгілі ақын-жырауларының мол мұрасына қанығып өседі. Балқы базар бастаған дүл-дүл ақындардың жалынды жырларынан қуат алып, өзі де өлең жазуға талпыныс танытады. Әрі олардың мақамымен жыр төгілтеді.
Қ.Баймағанбетов жеті жасында молдадан діни сауатын ашады, ал 13-14 жасында арабша оқып, хат таниды, тілін сындырады. Одан әрі оқуын тереңдете түседі. Сөйтіп Шығыс әдебиетіне бет бұрады. Бұл ретте араб, парсы, татар, көне түркі, шағатай тілдеріндегі кітаптарды іздеп тауып, бірінен соң бірін оқиды, мол білімге қанығады.
Білімді ақынды, сөз зергерін зерттеушілердің, оның ішінде жерлесіміз этнограф Тынышбек Дайрабайдың пікірінше Қуаныш Баймағанбетовтің ізденісі мен өсу, толысу жолының ендігі кезеңі 1925 жылдан басталады. Өйткені ол Қазақстан астанасы – Ақмешітке (Қызылорда) көшіп келген соң қазақ әдебиетінің алыптары С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, Ж.Аймауытов, М.Әуезов, С.Мұқанов, М.Ғабдуллин, М.Дәулетбаев, Ғ.Мүсіреповпен танысып, олардан тәлім-тәрбие, тағылым алды. Алыптарға ере жүріп, Қазақстан Жазушылар ұйымының мүшелігіне өтеді. Арынды ақынның өлең-жырлары облыстық, республикалық басылымдарда 1921 жылдан бастап жариялана бастаса, 1929 жылы «Кедей жыры» деген атпен дербес өлеңдер жинағы жарыққа шықты. Бұл қазақ әдебиеті алыптарының қарапайым ақынға деген қамқорлығы. Олай дейтініміз Қ.Баймағанбетовтың алғашқы өлеңін Сәкен мен Сәбит «Еңбекші қазақ» газетіне жариялатқан екен.
Елбасы өзінің бағдарламалық мақаласында: «Мен халқымның тағлымы мол тарихымен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын», – деп айтқанындай ақын ерте заманда өмір сүріп, өзінің күңіренте күйін төккен қылқобызын ұрпаққа мұра етіп қалдырған Қорқыт бабадан басталатын тарихи тұлғаларды зор ықыласпен, қадір-құрметпен шабыттана жырға қосты. Осылайша туған халқының рухани қазынасына өз үлесін қосуды мұра тұтқан ақын Сыр өңірінің талай дүл-дүл ақындары мен ел қорғаған батырларын жалынды жырға қосып, олардың ел алдындағы мәртебесін биіктетті.
Біз мақала барысында Қуаныш Баймағанбетовтың бірнеше шығыс тілдерін меңгерген білімді шайыр екенін айттық. Мұның барлығы сайып келгенде білмекке ұмтылудың, үлкен ізденістің нәтижесі. Шығармашылық жолда осылайша тынбай еңбек ету оны тамаша дастандар жазуға алып келді. Бұл ретте этнограф-ғалым, жазушы Тынышбек Дайрабай Қ.Баймағанбетовтың «Сырдың сұлу сүлейлері» толғауын және «Тас жарған шындық» поэмасы туралы былайша түсінік береді: «Сырдың сұлу сүлейлері» деген үш сөзде сымға тартқан күмістей сұлулана өрнектелген өмірлік оқиғалар, есімдері өздеріне тән сыр-сипатпен екшелене, ерекшелене сомдалған қасиетті бабалар мен қастерлі перзенттер шоғыры бүгінгі мен болашақ ұрпақ зердесіне қона кетердей құнарлы сөз, қуатты теңеулермен бедерленген. Сондықтан да бұл толғау ел аузында жаттаулы, жұрт жүрегінде сақтаулы. Ақынның «Тас жарған шындық» деген поэмасы таза шығармашылық тұрғыдан да тағлым-тәрбиелік мұрат деңгейінен алғанда да қымбат, бағалы, қазіргі қазақ әдебиетінің қордалы қорына қосылған айтулы бір туынды. Осы аталған толымды толғау мен парасат тұнған поэманың өзінен де Қуекеңнің бірегей білімдарлығы айқын аңғарылады. Ал, бұған ұлы ғұлама «Әбиғали-сина» туралы тарихи деректер мен таңғажайып тылсымды аңыздарға негізделген көлемі он мың жолға жуық тамаша дастан жазғанын айтсақ та жеткілікті. Ақынның өміршең туынды жасағанын, республикамыздың ұлттық ғылыми кітапханасына Шығыс халықтарының жазба және ауыз әдебиеттерінің бірнеше үлгілерін тапсырғанын айтсақ та болады. Бұл тұста ауыз әдебиетін жинауда Рахмет Мәзхожаевпен бірлесе еңбек еткенін айту орынды болмақ, – дейді ғалым.
Арқалы ақын айтыскерлігімен де елге танылды. Атақты Иса Байзақовпен арадағы жұмбақ айтысы, замандасы, ауатком хатшысы Ысқақ Байжиеновпен сөз қағысуы, республика ақындарының 1958 жылы өткен үлкен айтысында Қуаныш Баймағамбетовтың бас жүлденің біріне иелік етуі соның айғағы. Ұлттық Ғылым Академиясының қолжазба қорында ақынның «Қысырау душа мен Мәсу», «Стамбек», «Қым-қиғаш», «Жүсіп-Зылиха», «Мария-Мағауия», «Мұса пайғамбар», «Сандыбадтың жеті сапары», «Аңламас батыр оқиғасы» аталатын өзі жырлаған жырлары мен жинаған қолжазбалары аталмыш қорда сақтаулы.
Қорыта айтқанда, ақын, айтыскер, жыршы, рухани дүниемізді жинаушы Қуаныш Баймағанбетовтің мол мұрасы бүгінгі рухани жаңғыру кезеңінде жас ұрпақтың кәдесіне жарайтыны анық.
ШаҺарбек НҰРСЕЙІТОВ