Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚОҢЫРАУ ҮНІ – КҮЙ КҮМБІРІНЕ АЛМАСТЫ

ҚОҢЫРАУ ҮНІ – КҮЙ КҮМБІРІНЕ АЛМАСТЫ


Төртінші тоқсан басталып, оның алғашқы күнін мектепте оқып келген оқушы балам жақсы жаңалығын қуана жеткізді. Бүгінгі күн олар үшін ерекше болыпты. Жаңа тоқсанның алғашқы қоңырау үнінің орнына күй әуенін естігенде балам таң қалғанын айтты. Мұны ұстаздары жас ұрпақтың бойына ұлттық рухты сіңіру мақсатында қолға алынған ізгілікті шара деп түсіндіріпті.

Елбасы Н.Назарбаевтың 2017 жылғы 12 сәуірдегі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында еліміз мықты, әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынымыз және бұқаралық сананы қалай өзгертетініміз туралы өз көзқарасын ортаға салды. Мақаланың бірінші бөлімінде Ұлттық бірегейлікті сақтау туралы ұғымға тоқталды. Саналы ұрпақтың бойына ұлттық рухты мәңгі қалдыруға байланысты салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ғұламалардың үнін ұрпақ бойына сіңіруді тапсырғаны белгілі. Осы мақсатта ауданның білім беру ошақтарында тың бастама қолға алынды. Оқушылар қоңырау үнінің орнына енді Құрманғазының күйлерін еститін болады. Барлық аудан мектептерінде сабақ басталарда «Сарыарқа», дәріс аяқталып үзіліске шыққанда «Балбырауын» күйлері орындалуда. Құлаққа жағымды әуендер әрбір жеткіншекті ұлы ұлттың перзенті екенін сезінуге мүмкіндік береді.

 
                                                                                                 Б.ЖАНӘЛІ                             
05 сәуір 2018 ж. 2 197 0