Құпиясы ашылмаған құдық
Нарықтық қатынасқа төселудің ауыр жылдарында елді жайлаған жұмыссыздық ауылға да келді. Сол кезде асқарлық Сағындық Қаратаев ағасымен бірге ескі «Партсъезде» бірнеше гектар жер алып, картоп, қауын-қарбыз, көкөніс екті. Өз еңбегіне сенген жандардың жұмысы нәтижесіз болған жоқ.
Іргедегі «Елтай» каналымен көк егіске су келіп тұрды. Жұмыстан бос кезде таяу маңда орналасқан «Ошағанды» көлінен балық аулады. Дегенмен, жапан далада көкөніс өсірушілерге ауыз суды 10-15 шақырым қашықтықта орналасқан ауылдан тасығанша, сол жерден құдық қазып алған тиімді еді. Ағайындылар ақылдаса келе ескіден келе жатқан ата-баба әдісіне жүгініп, су жақын орналасқан сайдың табанынан қазуды ұйғарды. Сөйтіп, Сағындық білек сыбанып іске кірісті. Ол құдық қазған орын талай ұрпаққа өмірлік нәр берген ақиық ақын Асқар сұлу жырға қосқан «Ақболтайдың» арнасы еді. Осы арнаның бойында балалық, жігіттік шағын өткізген Асекең кейін елге танымал болған кезінде «Ақболтайға» келіп:
Кешегі шабдар атым жоқ,
Астымда сұлу Волгам бар, Ақболтай, – деп тебіренбейтін бе еді?!
Заман ағымымен кеңшардың күріштік танабы инженерлік жүйеге келтіріліп, жаңа арналар қазылып, «Ақболтай» құрғап, сайға айналады. Сол сайдан Сағындық құдық қазады ауыз суға арнап. Бір күн емес әрине, бір аптадан астам уақыт. Мына қызықты қараңыз. Бірінші метрін қазғанда түйенің жақсы сақталған өркеші шығады. Содан кейін Ойсылқараның сүйектері көрінеді.
– Екі метр қазғаннан кейін қап-қара су шығып, шегенделген құдықтың ізі шықты, – дейді С.Қаратаев бұдан 18 жыл бұрынғы оқиғаны еске алып. – Шегендеген тастары бөлек еді құдықтың. Өткен ғасырдың құрылыс материалына жатпайды. Одан арғы ғасырдікі болмаса. Құдық ішіне түсіп, тазартқан кезде ересек балам көпке шыдамай тоңатын. Ал мен түссем рақаттанып терлейтінмін. Бұл сол тастың қасиеті деп ойлаймын бүгінде. Сол кезде ғалымдарды шақырып, зерттеуге қол қысқа болды. Күнкөрістен аса алмадық, – дейді Сағындық.
Белгілі мүсінші, рухани дүниеміздің жанашыры Жәркен Исмағұлов Асқар ауылының аумағында «Сағындық қазған құдық бар» деген хабарды айтқан соң сәрсенбінің сәтінде С.Қаратаевпен бірге жолға шықтық. Асқар ауылына барғаннан кейін осы өңірдің шежіресіне жетік Сағындықтың сыныптасы Тұрсынбек Сұлтанұлын ертіп алдық. Межелі жерге жетіп, құдық пен егістіктің орнын іздедік. Егістік пен күркенің ізі табылды. Бірақ құдықты табу мүмкін болмады. 18 жылда біраз нәрсе өзгеріп кетіпті. Құдықтың орны осы-ау деген жерді қалың жыңғыл мен шеңгел басыпты. Сағындық «Құдықтың бетін темірмен жапқанмын» дейді. Оған құрдасы Тұрсынбек «Жапсаң сол темірің қайда, 18 жылдан бері іздемей бүгін іздегенің қай сасқаның» деп наз айтады. Бұл ретте, Сағындық құдықты іздеуге талай рет оқталғанын, бірақ оқыстан шаруалар киіп кетіп, едәуір уақыт жоғалтқанын, екі жылдан бері зейнеткерлікке шыққан соң ойда жүрген шаруаны зерттеуге көңіл ауғанын жеткізді. Ол негізінен ескі жәдігерлердің жоқшысы десек те болады. Осы сапарда оның беліне байлаған қынынан осыдан 2-2,5 ғасыр бұрын жасалған шағын қанжарды көрдік. Бейнесі жыланға келеді. Салмағы да ауыр. Жасалған металы беймәлім. Оны зерттеген облыстық мұражай қызметкерлері бұдан 2-2,5 ғасыр бұрын жасалған деген қорытындыға келген. Сонымен бірге, Сағындық ауылға қайтарда арнайы құралдар алып, құдықты іздеуге тағы да келетінін, өйткені қараша айында Алматыдан елге демалысқа келетін ғалым жерлесіміз, тарих ғылымының кандидаты сәкендік Тәттігүл Картаева осы құдықтың материалымен танысуға қызығушылық танытып отырғанын айтты.
Ешкім қолқаламаса да «жоқ іздеген» жолаушыға біз де сәттілік тілейміз.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ
Пікір 2