Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «АҚ МОЛ БОЛСЫН» СҮТІ ӨЗІМІЗДЕ ӨНДІРІЛЕДІ

«АҚ МОЛ БОЛСЫН» СҮТІ ӨЗІМІЗДЕ ӨНДІРІЛЕДІ


Халық бүгінде шетелдік тауарлардан гөрі алдымен өзімізде өндірілген табиғи таза өнімдерді тұтынуға бейіл. Иә, бұл бір жағынан отандық өндірістің өркендеп, кәсіпкерлер арасында бәсекеге қабілеттіліктің дамуына септігін тигізсе, екінші жағынан қазақстандықтардың патриоттық рухын көтеруге ықпал етеді. Әрі өзімізде жасалған зиянды қоспаларсыз табиғи таза өнім – саулығымыздың кепілі. «Біз қай кезде де отандық өнімдеріміздің тұрақты тұтынушысы болуымыз керек» деген Елбасының өзіміздегі барды бағалап, экологиялық таза өнім тұтынуға шақыруында терең мән жатыр.
Осы мақсатта өз кәсібін ашып, дөңгелетіп отырған Шиелі ауданындағы «Асылхан» шаруа қожалығының сүт өңдеу цехы тұтынушылардың сұранысын қанағаттандырып келеді. Ағарғаннан түрлі өнім өндіретін шағын цех сапалылығымен қазіргі таңда жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Бүгінгі таңда ауданымыздағы балабақшалардың басым бөлігі «Ақ мол болсын» сүтін таңдайды. Шағын цех жұмысымен танысу мақсатында аталған өндіріс орнына бет алған едік. Бізді онда цехтың технолог лаборанты Ұлбосын Мұсаева қарсы алып, өзінің жұмысымен таныстырды.
Таңертең ерте жұмысқа келіп, сауылған сүтті қабылдаймыз. Ол сүтті жіті тексеруден өткіземіз. Соңғы технологияда пісіріп, арнайы аппаратқа салып, белгілі бір температурада суытамыз. Оны қатық қылып, майын бөлек алып, күбінің жаңа үлгісімен (сипиратор) пісеміз. Содан қаймақ, сүзбе жасаймыз деді – тәжірибелі технолог. Цехтың іші кең, барлығы заманауи технологиямен жабдықталған. 500 литрлік және 200 литрлік үлкен сүт пісіретін, сүттің майлылығын, белогын, соммасын, температурасын анықтайтын, анализ жасайтын құрылғыларды өз көзімізбен көрдік. Мұнда тәулігіне 100 литр сүт өңделіп, айран, қаймақ, май, ірімшік, тағыда басқа өнімдер өндіріледі. Сондай-ақ, цехта сүт сақтайтын үлкен тоңазытқыш бар.
«Экологиялық таза, пайдалы өнім ретінде біздің «Ақ мол болсын» өнімдеріне сұраныс жоғары. Дәмі мен сапасына ерекше мән беріледі. Сүт өнімдерінің бағасын қымбаттатпай, халыққа сапалы да жүйелі қызмет етуді мақсат етеміз» дейді шағын сүт өңдеу цехының технологы.
– Біздің балабақшамыз екі жылдан бері «Ақ мол болсын» сүтін пайдалананып келеді. Балабақшада балаларға таңғы асқа берілетін тағамдарымыз осы сүттен дайындалады. Бұл шағын цех – ешқандай қоспасыз, жүз пайыз табиғи сүт өндіреді. Сондай-ақ, балаларымызды да таза табиғи ағарғанмен қамтып отырмыз, – деп айта аламын. Сүттің дәмі тіл үйіреді және сүзбесі де өте дәмді, – дейді «Райана» балабақшасының меңгерушісі Динара.
Бұдан өзге «Ақ мол болсын» сүті «Арзан», «Қазына» сауда орталығының сөрелерінде сатылымда. Кәсіпкерлігі кең қанат жайып, өнеркәсібі өркендеген өңірімізде осындай бірқатар кәсіпорындардың жұмыс жасауы халықты қуантады. Ауданымызда бұдан өзге құс фермасы жұмыс жасайды. Сондай-ақ, кәсіпкер Сабыр Ермахановтың «Шұбат цехы» тағы бар. Елде бірлік болса, береке бар. Ал, қимыл-қарекет бар жерде қаржы, күнкөріс көзі бар. Экологиялық таза өз өнімдерімізді ең алдымен өзіміз пайдаланғанға не жетсін?

А.НАЗАРОВА
19 қазан 2018 ж. 680 0