БІР ТАЛ ҚАМЫСПЕН БАРЫС АЛҒАН
Кезінде Асқар ауылында өмір сүрген Әбдіқадір Мұстафаев ақсақалды білетіндер болса, сол кісінің әкесі Мұстафа Қараөзек бойында темірден түйін түйген белгілі ұста болған. Бүгінде «Құмкөл» жақтағы «Мұстафа» деген жер сол кісінің есімімен байланысты.
Заманында Мұстафа Қараөзек дариясына құятын Қарарын көлінің бойында орналасқан елді мекенді мекен еткен. Жас кезі. Шаруаға ширақ, еңбекке бейім. Ол кездерде мал азығы үшін қамыс шөпті қолмен оратын шақ. Сол жәймен Мұстафа күнделікті шөп орып жүреді.
Бір күні таңғы салқында шөпті өндіріп оруға ерте шығады. Күн ұясынан әлі шықпаған кез. Күнделікті қамыс орып жүрген жеріне келіп, шамалы күннің қылау беруін күтеді. Сол сәтте қалың қамыс арасынан дыбыс естіледі. Естіліп қана қоймай, ақырын өзіне қарай жақындай түседі. Қараңғылықта қамыс арасынан сытырлаған дыбыстан Мұстафа қорқа бастайды. Жақындаған сайын қорқыныш үдей түсті. Қамыс арасына тесіле қарағанда біртүрлі бейне көзге шалынды.
Күн ұясынан қызарып шыға бастаса да қалың қамыс арасы әлі де қараңғы. Ақырын жақындай түскен дыбыс дөңгелек пішінді белгісіз бейне болып көрінгенде оны аңғаруға жарық түсер емес. Таңғы соққан самал жел әлсін-әлсін қамыстарды қозғалтқанда болар-болмас таң сәулесі саңылау береді. Бірақ бұл Мұстафа қараған тұсты жарық қыла алмады. Әлгі бейне жақындаған сайын аралық азая берді. Біртүрлі бейненің өзіне қарай беттеп келе жатқанын байқағанда бойды үрей билеп, Мұстафа орнында тапжылмай отырып қалды. Енді қозғалмаса кеш боларын біліп, өзі орған қамыстың ішінен жуан біреуін алды да, алдындағы бейнені үшкір ұшымен түртіп қалды. Сол-ақ екен әлгі бейне «қорс» етті де әрі қарай жанұшыра ұмтылды. Оны көрген Мұстафа да қорыққан күйі кейін қарай қаша жөнелді. Біршама жер жүгіріп, жазыққа жетіп, бір демалды. Ізін қуған ештеңенің байқалмағанын аңғарып, күннің жер бетін толық жарық қылған сәтін тағатсыздана күтті.
Жер жүзін күн шуағы жайлағанда Мұстафа қорқа қашқан ізімен кейін қарай жүрді. Жан алқыммен жүгірген бойы қамыс арасы бір аяқ жол болып қалған. Байқап қараса, әжептәуір жер қалың қамысты жарып шығыпты. Жүре-жүре қол орағын тапты. Одан кейін қараңғыда құшақ қамыстан алған бір тал жуан қамысты да көрді. Сәл жүріп еді, қан-жоса болған жолбарыс жатыр. Тісі ақсиған жыртқышты көргенде Мұстафа селк ете қалды. Мысық тұқымдас ірі аң қозғалмастан жатқанын байқап, оның жантәсілім еткенін ұқты. Қасына жақындап, түртіп көрді де дайын олжаның терісін сыпырып алды.
Түз тағысының терісін сыпырып жатып Мұстафа таң алдындағы қорқынышты оқиғаның қалай болғанына ой жүгіртті. Сөйтсе, бетпе-бет кездескен жолбарыс пен жабайы қабан бір-біріне айбат шегіп, бірі азық үшін, бірі жан үшін шайқасқа түскен. Сарғылтым түсті дала барысы жемтігіне қарай шабатын сәтін аңдып келсе, жабайы шошқа артқа шегіншектеп жылжумен болған. Осы мезетте өз жаны үшін жанталасқа түскен Мұстафа жуан қамыспен қабанды түртіп қалған. Жабайы жануар үркіген күйі ышқынып, алдындағы тарғыл жыртқышты сол пәтпен жарып өткен. Жемтігінен мұндай оқыс қимылды күтпеген түз тағысы сол жерде жантәсілім етеді.
Ірі жолбарыстың терісін сыпырып, Мұстафа иығына асқанда оның құйрығы жерге тиіп тұрған. Сол бойда ол ауылға келеді. Тарғыл түсті теріні көргенде ауыл иттері безе қашқан көрінеді. Ал елді мекен тұрғындарына Мұстафа «Жыртқышпен өзім айқастым» деген екен.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ,
Оқиға желісі өлкетанушы
Ж.Маханбеттен алынды