Мобильді қабылдау: сырдариялықтардың өтініш-тілектері тыңдалды
Сырдария ауданына қарасты Асқар Тоқмағанбетов ауылында және Тереңөзек кентінде мобильді қабылдау өтті.Іс-шараға «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай, облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Жорабек Нұрымбетов, партияның Сырдария аудандық филиалының төрағасы Ержан Әжікенов, облыстық мәслихат депутаты, партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Жұмабек Ембергенов,аудан әкімінің орынбасары Роллан Еспенбетов және тиісті басқарма басшыларының орынбасарлары мен бөлім басшылары қатысты.
«AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасы, жоспары, жобалары халықтың ұсыныс-тілегінің негізінде әзірленген. Мобильді қабылдаудың да басты мақсаты – тұрғындардың өзекті мәселелерін шешу және елді мекендердегі тұрғындардың өзекті мәселелеріне құлақ түріп, тиісті деңгейде шешілуіне атсалысу, бағыт-бағдар мен кеңес беру. Мемлекет басшысы да азаматтарға арнап көшпелі қабылдауды жиі өткізіп, шалғай ауылдардың тұрғындарымен кездесу керектігін айтқан болатын. Бүгінгі қабылдауда ауданға қатысты айтылатын мәселелердің барлығы зерделеніп, зерттеліп, нақты жұмыстар атқарылатын болады», – деді қабылдауға келген жергілікті халықпен тілдесу барысында партияның облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай.
Мобильді топ елді мекендердегі халықты толғандырған сауалдарын тыңдап, оларға Мемлекет басшысының халыққа Жолдауы аясында атқарылатын жұмыстар, түрлі заңнамаларға енгізіліп жатқан өзгерістер мен бағдарламалар төңірегінде кеңінен ақпарат берді.
Жалпы Сырдария ауданында ұйымдастырылған мобильді қабылдауға 40-қа жуық тұрғын келді. Тұрғындар әсіресе газдандыру, жол жөндеу, ойын алаңын салу, аяқ су мәселесін шешу, жарықтандыру, әлеуметтік нысандарды күрделі жөндеуден өткізу мәселелері мен «Ауыл аманаты» жобасы бойынша өтініш тілектерін білдірді. Әр мәселе бойынша топ мүшелері тарапынан нақты жауап беріліп, хаттамаланды.
Қабылдау барысында тұрғындар тек жеке бастың емес, жалпы елдік проблемаларды көтерді.
Мобильді топ өкілдері қабылдауда көтерілген әрбір мәселені назарға алып, тиісті жұмыстар атқарылатынын және мәселе шешімін тапқанша «AMANAT» партиясының бақылауында болатындығын жеткізді.










