Қызылордалық 400 әскери қызметкер Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшысы атанды
2018 жылдан бастап Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) әскери қызметкерлерге арналған жаңа өнімді ұсынуды жоспарлап отыр. Әскери мамандар бюджеттен тұрғын үйді жалға алу үшін алатын тұрғын үй төлемдерін пайдаланып, баспаналы бола алады. Банктің Қызылорда облыстық филиалы қызметінің жыл қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихаты барысында филиал директоры Әділжан Сәулебаев осы және басқада деректер туралы айтып өтті.
- Біз бұл жобаның болашақта үлкен сұранысқа ие болатынын көріп отырмыз. Себебі аталған бағдарлама туралы айтыла бастаған кезден бастапбір-екі айдың ғана ішінде 400-дей әскери қызметкер банкіміздің салымшысы атанып үлгерді, - дейді Әділжан Сәулебаев.
Жаңа модель қай жағынан алсаң да тиімді болмақ. Біріншіден, тұтынудан қаражат сақтап, ақша жинауға көшуге мүмкіндік береді, себебі әскери және арнайы орган қызметкерлері тұрғын үй төлемдерін баспаналы боламын деп жинай бастайды.
Екіншіден, жаңа механизмнің арқасында бюджет шығындары әскери қызметкерлердің баспаналы болуы үшін жұмсалады, ал қазір ол қаражат жалға берушілердің қалтасына кетіп жатыр.
Үшіншіден, әскери қызметкерлерді несиелендіру бір өнім аясында жүзеге асырылатын болады. Яғни тұрғын үй төлемдерін алушылар мен тұрғын үй төлемдерінің көлемі бір орталықтандырылады, республикалық бюджеттен бөлінетін ақшаның қалай пайдаланылып жатқандығы ашық жүреді.
- Жаңа өнімге сәйкес әскери қызметкерлер жаңа үйді де, қайталама нарықтағы жылжымайтын мүлікті де сатып ала алатын болады. Заем бойынша сома шектеуі жоқ. Жинақ көлемі немесе алғашқы жарна неғұрлым үлкен болса, заем сомасы да соғұрлым жоғары болады, - деп түсіндіріп өтті филиал басшысы.
Қазіргі уақытта Қызылорда облысында тұратын 44 045 азамат Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен депозит ашып, оны толықтырып келеді. Олар өз шоттарында жалпы сомасы 13 млрд 306 млн теңге болатын салымның басын құраған. Сонымен қатар облыстық филиал аяқталып келе жатқан жыл ішінде аймақ тұрғындарына 10 млрд 800 млн теңгенің займын берген.
2017 жылы қызылордалықтар Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының аясында «Арай-3» ықшамауданында салынған 14 көпқабатты тұрғын үй мен жеке құрылыс салушы тұрғызған 2 көп қабатты нысандағы пәтерлердің иегерлері атанды.
2018 жылдың қаңтар айында «Өз үйім» бағдарламасы бойынша «Арай-3» ықшам ауданында 2 көпқабатты тұрғын үй қолданысқа берілмек. Бағдарлама талабы бойынша тұрғын үй құнының 30 пайызын жинақтау қажет. Бұл нысанның 1 шаршы метрінің бағасы бұрын 140 мың теңгені құраған еді. Қазір арзандатылып 120 мың теңгеге ұсынылатын болады.
Банк өкілінің айтуынша, 2017 жылдың 29 желтоқсаны сағат 18:00-ге дейін депозиттерін толықтырып үлгерген барлық банк клиенттері жыл сайын берілетін мемлекеттік сыйлықақы ала алады.
- Қазір Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымдар бойынша 13,3%-ға дейін баратын ең тиімді мөлшерлеме ұсынып отыр. 2%-дық негізгі мөлшерлемесі бар депозит бойынша мұндай табыс дәл осы 20% көлеміндегі мемлекеттің сыйлықақысы есебінен қалыптасады. Ол 200 айлық есептік көрсеткіштен, басқаша айтқанда 453 800 теңгеден аспайтын сома бойынша есептеледі. Яғни жыл бойы біздің клиент осындай сома жинаса не оны бірден шотына салса, 2017 жылдың қорытындысы бойынша 90 760 теңгеге тең ең үлкен сыйлықақыны алады, - атап өтті Әділжан Сәулебаев.
***
«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ — еліміздегі тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін жүзеге асыратын бірден-бір банк. Ұйым Еуропалық құрылыс жинақ кассалары федерациясына (ЕҚЖКФ) және Халықаралық тұрғын үйді қаржыландыру одағына кіреді. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің жалғыз акционері – «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ.