Құрылтай
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№60 газет

11 тамыз 2026 ж.

№59 газет

08 тамыз 2026 ж.

№58 газет

04 тамыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31 
» » Еңбегімен елді көркейткен

Еңбегімен елді көркейткен

«Руханият орталығында» құрылысшылар күні кәсіби мерекесі аясында салтанатты іс-шара өтті. Жиынға аудан әкімі Берік Сәрменбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, ауданның құрылыс саласының ардагерлері мен сала мамандары қатысты.

Аудан басшысы құрылыс саласының ау­дан­ның әлеуметтік-экономикалық да­муын­дағы маңыздылығына тоқталып, құрылыс­шы­лардың елді мекендердің сәулеттік келбетін қалыптастыруда, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысандарын салуда атқарып жүрген еңбегінің айрықша екенін атап өтті.

– Құрылыс – бүгінде облыс экономи­ка­сының маңызды қозғаушы күштерінің бірі. Құрылысшылардың еңбегі ел эконо­микасының дамуы үшін зор маңызға ие. Тұрғын үйлер, әлеуметтік, инженерлік және көлік инфра­құрылымы нысандарын салуда сала маман­дарының еңбегі өлшеусіз. Мемлекет басшы­сының тікелей қолдауымен өңірде ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Бүгінде жұмыс­шы мамандарды даярлауға арналған «Сыр болашағы. Құзыреттілік орталығы» ғимараты пайдалануға берілді. Президент саябағында 300 орындық, жыл бойы жұмыс істейтін заманауи балалар тынығу лагері бой көтеріп, балалардың игілігіне қызмет етуде. Сондай-ақ саябақта Ботаникалық білім беру орталы­ғының ғимараты салынды. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында өңірдегі құрылыс қарқынын жоғары бағалап, Қызылорда қаласында тәулік бойы жұмыс істейтін кітапхана мен жаңа драма театр салуды тапсырған болатын. Бүгінде аталған нысандардың құрылысы қарқынды жүр­гізілуде. Ауданның дамуына еңбек етіп, жаңа нысандардың бой көтеруіне үлес қосып жүрген барша құрылыс саласының ардагерлері мен қызметкерлеріне шынайы алғысымды біл­діремін, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Мерекелік іс-шарада аудан басшысы сала ардагерлері мен қызметкерлерін Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министр­лігінің «Құрмет грамотасымен», облыс және аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапаттап, сый-құрмет көрсетті.

Құрылыс саласының дамуы – кез келген тәжірибелі маманның еңбегі мен жас буынның ізденісін ұштастыруды талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда, сала ардагерлерінің өнегелі жолы кейінгі ұрпаққа үлгі. Олар талай жыл бойы ауданның әлеуметтік нысандары мен тұрғын үйлерінің, инженерлік инфрақұрылымының қалыптасуына өз үлестерін қосып, ел дамуына қызмет етті. Өз кезегінде бірқатар сала ардагері ауданның құрылыс саласында қажырлы еңбек ете білген майталман мамандардың туған жердің қалыптасуына қосқан үлесі зор екенін тілге тиек етті. Салтанатты жиында жиналған қауым соңғы уақытта Сыр өңірі құрылыс алаңына айналғанына айрықша мән берді.

Бұл ретте, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев сала мамандарына мерекелік лебізін білдірді. Ал аудан өнер­паздары өнер көрсетіп, салтанатты кештің шырайын аша түсті.

Б.ОРДАБЕКОВ
11 тамыз 2026 ж. 78 0