Жұлдыз Әбдікәрімова Қайрат пен Нюшаның ара-қатынасы жайында: Бәрі менің бақылауымда
“Қайрат еш уақытта “бойдақпын” деп сұхбат берген емес. Тек 10 жыл көлемінде жеке өміріміз жайлы ақпарат таратылмады.
Қайрат мені қоғамнан жасырған емес, жасырған күннің өзінде, мен қарсы болмас едім”, – дейді Жұлдыз Instagram-дағы оқырмандарына берген жауабында.
Бұдан өзге, Жұлдыз 19 жасында тұрмыс құрғанын және ерте бастан отбасылы болғанына өкінбейтінін айтқан.
“Мен уақыты келгенде тұрмыс құрдым. Сондықтан еш уақытта өкінген емеспін. Карьераны қайта жалғастыруға болады, ал балаға уақытылы дұрыс тәрбие бермесең, сонда қиындықтың қиыны болады. Әр істің бір қайыры бар, сондықтан қиналды демеу керек”, – дейді ол.
Сондай-ақ, Қайрат Нұртастың келіншегі отбасында береке мен бірлікті сақтап қалудың жолдарымен бөлісті.
“Ұрыс-керіс шаңырақтың берекесін алатын болғандықтан, болмайтын ұсақ әңгімеге жол бермеуге тырысамыз”, – деп түсіндірді ол.
Желі қолданушыларының бірі Қайрат Нұртастың ресейлік әнші Нюшамен қарым-қатынасы жайлы ашық сұраған. Ол, тіпті қос өнер иесінің арасында махаббат болғаны жайлы меңзеген. Оған Жұлдыз:
“Қайрекең Нюша апасын тек қана сыйлайды! Барлығы менің бақылауымда, сондықтан уайымсыз, тыныш ұйықтасаңыздар болады”, – деп жауап берді.