Архив құжаттары сандық форматта
Қазіргі ақпараттық технологиялар дәуірінде архив құжаттарын сандық форматқа көшіру - уақыт талабы әрі тарихи мұра болып табылатын архивтік құжаттарды сақтаудың тиімді жолдарының бірі. Цифрландыру жұмыстары құжаттардың ұзақ мерзім сақталуын қамтамасыз етіп қана қоймай, оларды пайдаланушыларға жедел әрі қолжетімді түрде ұсынуға мүмкіндік береді.«Қызылорда облыстық мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің «Сырдария аудандық архиві» филиалында архив құжаттарын цифрлық форматқа көшіру жұмыстары 2013 жылдан бері жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Осы уақыт аралығында архив қорында сақталған тарихи және әлеуметтік маңызы бар құжаттардың 1 588 997 астам парағы жоғары сапада сканерленіп, электрондық форматқа көшірілді. Әрбір құжат арнайы талаптарға сәйкес өңделіп, электронды жүйеге енгізіліп, арнайы жадыда сақталады.
Цифрландыру жұмыстарының басты мақсаты – архив құжаттарының мазмұны мен сапасын өзгеріссіз сақтау, әрі олардың ұзақ мерзімді сақталуын қамтамасыз ету. Электрондық көшірмелер ақпараттық жүйелер мен арнайы серверде сақталып, түпнұсқа құжаттарды жиі пайдалануды азайтады. Бұл өз кезегінде архив қорындағы құжаттардың физикалық тозуын азайтып, олардың келешек ұрпаққа сапалы жетуіне сенімді жағдай жасалады.
Бүгінде цифрлық архив жүйесі азаматтардың архивтік анықтамалар мен қажетті мәліметтерді алу уақытын қысқартып, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруға оң әсерін тигізуде. Алдағы уақытта ақпараттық жүйе ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуге, тарихи деректерді зерделеуге және ұлттық құндылықтарды насихаттауға кең мүмкіндік береді.
Архив құжаттарын цифрлық форматқа көшіру – бұл тек техникалық жұмыс емес, өткен мен болашақты байланыстыратын маңызды іс. Сондықтан «Қызылорда облыстық мемлекеттік архиві» КММ-нің «Сырдария аудандық архиві» филиалында бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, архив қорын толық цифрландыру кезең-кезеңімен жүзеге асырыла береді.
Жандос МАЙХАНОВ,
«Қызылорда облыстық мемлекеттік архиві» КММ-нің
«Сырдария аудандық архиві» филиалының
ақпараттық технологиялар бойынша инспекторы
Фото: Н.Нұржаубай









