Беделі биік Бесарықтың берені
Өлкетанушы, жергілікті қаламгер Жұмабай Байзақұлының жақында жаңа кітабы жарық көрді. Оқырман олжасына айналған құнды туынды Сырдария ауданының Құрметті азаматы Оразбек Сейтмұратовтың өмір жолы мен азаматтық болмысына арналған. Негізінен, «Тұғыры биік нар тұлға» атты атауға ие кітаптың басты кейіпкері – Оразбек Ешмағанбетұлы. Ол – Сырдария ауданының қоғамдық-саяси әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қоса білген абырой биігіндегі азамат.
Танымы мен тағылымы бөлек кітапты қолыңызға алғанда жайсаң мінезді ардақты азаматтың байсалды болмысына, көзі тірісінде атқарған толайым істеріне қанығасыз. «Бесарықтың өрені», «Басылым беттерінен», «Арманда кеткен ардағым-ай» бөлімдерінен тұратын кітаптың алғысөзін облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев пен аудандық мәслихаттың төрағасы Ержан Әжікенов жазған.
– Орекең әркез елге қажетті, халық сұранысына сай депутаттық сауал жолдауға мән беретін. Ұсыныс-пікірді елеп-екшеп, зерттеп-зерделеп барып айтатын. Сондай-ақ үлкеннің де, кішінің де тілін тауып, тез тіл табыса білетін қабілеті бір төбе. Бұл оның өмірлік тәжірибесі мен кәсіби білігінің көрсеткіші болса керек. Сондықтан аудандық мәслихаттың V,VІ шақырылымындағы депутаттық корпустың ішінде Оразбек Сейтмұратовтың салмағы ерек сезілген, – деп әріптесі жөнінде естелік келтірген аудандық мәслихат төрағасы Бесарықтың беренінің кісілік болмысын аша білген.
Шын мәнінде, дүние жалған екендігін қай кезде де дәлелдеумен келеді. Оразбек Сейтмұратов жайында өткен шақта сөз қозғау жақын-жуыққа ауыр соққаны анық. Ініге ақылшы аға, досқа жанашыр жан, перзентке асқар тау әке, өмірлік қосағына қадірлі жар, әріптеске сыйлы азамат, бауырға жол көрсетуші нар тұлға атанған арда азамат осыдан 67 жыл бұрын дүниеге келген. Еңбек жолы Бесарық ауылында басталып, КСРО-ның 50 жылдығы кеңшарына қарасты «Гүлдәурен» комсомол жастар бригадасында мал шаруашылығы маманы ретінде жұмыс жасаған. Егемендік алған жылдары сан түрлі қызметте еңбек еткен кейіпкеріміз құрылыс саласында тәжірибе жинақтаған. Ұйымдастырушылық қабілетімен айналасына таныла білген ардақты аға 2007-2013 жылдары «Бесарық» ЖШС-нің төрағасы қызметін абыроймен атқарды. Кейіннен «Қазқұрылыс сервис» мекемесінде инженер болып жұмыс жасады. Сонымен қатар кәсіпкерлік саласын меңгеріп, жеке бизнесін әртараптандыруға үлес қосты.
Қашанда кез келген ортада жайдарлы мінезімен дараланатын азамат ауылдасы Назира Жүсіповамен отау құрады. Мемлекеттік салада аз уақыт ішінде өзіндік қолтаңбасын қалдыра білген Назира Боданқызы ерінің де бабын таба білген. Назира апай «Айбатым – асыл жарым» тақырыбындағы естелік жазбасында өмірлік қосағымен бастан өткерген қиындықтары мен отбасылық өмірін, ер азаматының жақсы қасиеттерін, тамырын тереңге жайған әулет хақында ерекше тебіреніспен баяндаған.
– Қайғы бұлты көгімде тұралады,
Қиын тиді туымның құлағаны.
Есімнен кетпейтін де шығар бәлкім,
Әкем қайтып, анамның жылағаны, – деп өлең жолдарын өрнектеген Пазылбек Оразбекұлы бақилыққа аттанған асқар тауының есімін жан-жақты ұлықтай білген.
– Оразбек туралы қалам тербеп, сөз шығаруымның себебі де жоқ емес. Соны тарқата кетейін. Миллиондаған адамның тағдыры да, мінезі де, өмір сүру дағдысы да алуан. Бір-біріне ұқсамайтыны анық. Бірақ адамдар арасында ортақ мүдде, жан қалауындағы ортақ ой мен қызығушылық біріктіреді. Таныс-біліс болып, араласқан қырық үш жылдан бергі саналы ғұмырымыз ауылда өткен Оразбек досты таныған сияқтымын, – деп қалам тербеген автор ауылдың арда азаматына деген құрметін ғұмырнамалық кітабы арқылы сездіре алған.
Кітап мазмұнына үңілген біз Оразбек Сейтмұратовпен аралас-құралас болған жандар ізгі тілектері мен мән-мағынасы зор естеліктері арқылы нар тұлғаның болмысын, азаматтық бейнесін аша алғанын байқаймыз. 2022 жылы Сырдария ауданының Құрметті азаматы атағына ие болған мәртебесі биік жанның өмір аялдамасы жанына батқан дерттің салдарынан тоқтағаны өкінішті. Біз қашанда ел үшін еңбек еткен азаматтың жарқын істерін ұмытпауға тиіспіз.
Балтабай ОРДАБЕКОВ