Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№77 газет

10 қазан 2026 ж.

№76 газет

06 қазан 2026 ж.

№75 газет

03 қазан 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
» » Төл мереке төрінде

Төл мереке төрінде

«Алты алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деген Алаш қайраткері Мағжан Жұмабаевтың сөзі қанша уақыт өтсе де, өз құндылығын жоғалтпайды. «Руханият» орталығында аудан әкімі Берік Сәрменбаев Ұстаздар күні мерекесіне орай сала ардагерлері мен қызметкерлерін қабылдап, кәсіби мерекемен құттықтады. «Ұстаз – қай заманда да киелі ұғым, ең ұлы құрмет иесі. Кемел келешек пен бақытты болашақтың кілті қашан да мұғалімнің қолында болған. Өйткені, адам бойындағы ең асыл қасиетті жас ұрпақтың санасына дарытатын ұстаздар қауымы. Сондықтан Ұстаздар күні – қоғамдағы орны бөлек мерекелердің бірі» деген аудан басшысы ұстаздық ұлы жауапкершілік пен биік адамгершілікті талап ететін қасиетті мамандық екенін атап өтті.

– Бүгінгі жүздесу – білім мен тәрбие саласында аянбай еңбек еткен, өз өмірін жас ұрпақтың болашағына арнаған ардагер ұстаздарға деген құрметіміздің көрінісі. Бұл – өскелең ұрпақтың, қоғамның ұстазға деген шексіз алғысы мен шынайы ризашылығының белгісі. Елордада Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлының қатысуымен өткен «Адам капиталы, білім, прогресс – халықтық конституцияның негізгі құндылықтары» тақырыбындағы ұстаздардың республикалық тамыз конференциясында Президентіміз: «Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанның тірегі болатын жауапты әрі адал азаматтарды тәрбиелеу – бәріміздің ортақ міндетіміз» деген болатын. Президентіміздің тапсырмасымен, аймақ басшысының қолдауымен білім беру инфрақұрылымдары жаңғыруда. 2022 жылдан бері 121 млрд теңгеден астам қаржыға 46 заманауи білім беру нысаны салынып, ел игілігіне табысталды. Қазақтың аса көрнекті ағартушысы Ыбырай Алтынсарин «Мен үшін мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені ол – мектептің жүрегі» деп айтқанындай, мектептегі білімнің сапасы ең алдымен дәріс беруші ұстаздардың кәсіби біліктілік деңгейлері мен педагогикалық шеберліктеріне тікелей байланысты болады. Сіздер осындай сара жолдан үлкен абыроймен өткен ардақты жансыздар. Ауданның білім саласының дамуында өздеріңіздей ардагер ұстаздардың еңбегі өлшеусіз, – деді аудан басшысы.

Ұстаздар қауымын мерекелік қабылдауда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов және ардагер ұстаздар сөз сөйлеп, мерекелік лебіздерін жеткізді.

Іс-шарада ұзақ жыл бойы білім беру саласында жемісті еңбек етіп, ауданның білім жүйесінің қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан бірқатар сала қызметкерлеріне аудан әкімінің «Алғыс хаты» табысталып, сый-құрмет көрсетілді.

Ұстаздар қауымының кәсіби мерекесі «Ұстаз – білім шамшырағы» атты мерекелік іс-шарамен жалғасты. Мерекелік жиын аудандық мәдениет үйінде ұстаздардың қатысуымен өтті. Ауданның білім саласында еңбек етіп, шәкірт тәрбиелеу жолында аянбай тер төгіп жүрген білім саласының қызметкерлері мен ардагерлерін аудан әкімі құттықтады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Ұстаз – әр адамның өмірінен ерекше орын алатын тұлға. Бұған ешкімнің де таласы жоқ деп ойлаймын, бұл – бәрімізге ортақ пікір. Ұстазды ұлықтау – өркениетті қоғамның болмысын айқындайтын аса маңызды қасиет» деп, мұғалім мәртебесінің биік екенін атап өткен болатын. Бүгінде білім саласын дамытуға, педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыруға және оқушыларға сапалы білім беруге мемлекет тарапынан айрықша көңіл бөлінуде. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында өңірде 54 млрд 400 млн теңгеге 10 мектеп пайдалануға берілді. Биыл «Ай-Керім» балалар білім беру-сауықтыру орталығы ел игілігіне табысталды. Орталықта жыл сайын 8 400 бала қамтылып, робототехника, бағдарламалау, инженерлік жобалау және басқа да заманауи бағыттар бойынша білім алады. Сонымен қатар ботаникалық орталық іске қосылып, оқушылардың биология, экология және ботаника бағыттарын тәжірибе жүзінде меңгеруіне мүмкіндік жасалды. Мұның барлығы болашақ ұрпақтың білімді, саналы азамат болып қалыптасуына жасалған жағдай.

– Ауданның білім саласы жыл сайын толымды жетістіктермен толықтырылып келеді. 2025-2026 оқу жылында 487 түлек ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, 349 түлек білім грантының иегері атанды. 53 мектеп бітіруші «Алтын белгі», 45 түлек «Үздік аттестат» иеленді. Сонымен қатар 214 оқушы облыстық және республикалық деңгейдегі байқауларда, 35 мұғалім кәсіби байқауларда жоғары нәтижелер көрсетті. Ұрпақ тәрбиесіне саналы ғұмырын арнап жүрген ұстаз еңбегі мемлекет және қоғам тарапынан шынайы құрметке лайық. Бүгінгі ұстазға қойылатын талап та, жауапкершілік те жоғары. Сіздердің еңбектеріңіз – ел болашағына қосылған өлшеусіз үлес. Дана халқымыз: «Ұстазы мықтының ұстанымы мықты» дейді. Білім берген шәкірттеріңіз мерейлеріңізді асырып, биіктерден көрінсін, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Мерекелік жиында білім саласының үздік қыз­меткерлеріне ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Құрмет грамотасы», облыс және аудан әкімінің «Алғыс хаты», облыстық білім басқармасының «Құрмет грамотасы» мен «Алғыс хаты», сондай-ақ облыстық және аудандық кәсіподақ комитеттерінің «Құрмет грамотасы» мен «Алғыс хаты» табысталды.

Мерекелік іс-шарада ұлағатты ұстаздардың құрметіне аудан әкімінің ықылас гүлі ұсынылып, концерттік бағ­дарламаға ұласты.

Айту керек, ауданның жалпы білім беретін мектептерінде 1319 педагог еңбек етсе, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 303 қызметкер бала тәрбиесі мен білім беру ісіне үлес қосуда.



Б.ТАҢАТАРҚЫЗЫ
10 қазан 2026 ж. 75 0