Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Аудан абыройын асқақтатты

Аудан абыройын асқақтатты

Ауданымыздың атын айтыс өнерінде жақсы жағынан шығарып жүрген Мансұровтар әулетінің түлегі Нұрахмет Мансұров Нұрмат пен Мұхамеджан ағалары салған жақсы ізді жалғап, «Жаңа күн – Жаңа Қазақстан» атты айтыстың облыстық кезеңінде бас жүлдені иеленді.

Бұл жолғы айтыс Республика күні мерекесіне орай «Төрт тоқсан – төрт өнер» ұлттық мәдени-ағартушылық жобасы аясында өткізілді. Айтысты облыстық білім басқармасының «Дарын» облыстық қосымша білім беру орталығы ұйымдастырды. Жас ақындар айтысына айдынды Арал мен жаңарған Жаңақорған аралығынан жас ақындар қатысты.

Айтыста Сырдария ауданының намысын аудандық Өнер мектебінің С.Сейфуллин ауылындағы филиалының дәстүрлі ән сыныбының оқушысы Нұрахмет Мансұров қорғады. Ол сөз сайысына жақсы дайындықпен барып, қарсыластарынан ойы озық, талабы жоғары екенін дәлелдеді.

Айтысқа белгілі ақын Серік Ыдырысов бастаған азаматтар қазылық етті. Сондай-ақ «Алтын домбыраның» үш дүркін иегері Мұхтар Ниязов жас ақындарға сәттілік тіледі. Қазылар алқасының шешімімен аралдық Жанұзақ Серіков ІІІ орынды иеленді. ІІ орынға қармақшылық Еркебұлан Жалғасбаев лайықты деп танылды. Жүлделі І орын қызылордалық Ұлықбек Бектайға берілсе, бас жүлдені Нұрахмет Бағдатұлы жеңіп алды.

– Айтыс жоғары деңгейде өтті. Біздің ізімізді жалғар талантты жас ақындардың өсіп келе жатқанына қуанамыз. Болашақта Мұхтар ағалары секілді елге қуаныш сыйлап, Сыр өңірінің атын абыройға жетелейді деп сенеміз. Бұл жолы Сырдария ауданының атынан қатысқан Нұрахметтің сөз саптауы да, дайындығы да көңілімізден шықты. Жеңімпаз атанған оқушыларға сәттілік тілеймін. Төл өнеріміз төрден түспесін, – деді марапаттау салтанатында елімізге белгілі айтыскер-ақын Серік Ыдырысов.

Біз де ауданымыздың мерейін тасытқан №137 мектептің 10 сынып оқушысы Нұрахмет Мансұровты жеңісімен құттықтаймыз.

А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ
31 қазан 2023 ж. 296 0