Тегеурінді педагог
Адам ғұмырының мәні атқарған қызметінің санына байланысты болмайды. Яғни елге сіңірген еңбегімен, артында қалдырған өнегесімен өлшенеді. Бір ғұмырда талай белесті бағындырып, бірнеше буынның тәрбиесіне араласу – кез келген жанға бұйыра бермейтін үлкен мәртебе. Ал сол жолда білім мен тәрбиені қатар ұстап, шәкірт жүрегіне із қалдыру, кейін ел ісіне араласып, қоғамдық ортадан қол үзбеу – азаматтық ұстанымы берік адамның болмысын айшықтайды. Осындай ғибратты ғұмыр иесі – Сара Тілеубергенова. Ардақты ұстаз саналы ғұмырының қомақты бөлігін білім мен тәрбие саласына арнап, туған жерінің қоғамдық өміріне де белсене араласып келе жатыр. Сара Берікболқызы биыл жетпістің желкенін керіп, мерейтойлық жасты атап өтуде. Алғаш ол – 1973 жылы Тереңөзек қыстағындағы №35 М.Калинин атындағы мектепті тәмамдап, сол жылы №126 мектепке тәлімгер болып қызметке орналасты. Жас маман үшін бала тәрбиесіне араласу, оқушылармен жұмыс істеу үлкен мектеп болды. Баланың жан дүниесін түсіну, оның қызығушылығын ояту, қоғамдық ортаға бейімдеу сияқты жауапты міндет Сара Берікболқызының кәсіби қалыптасуына жол ашты. Өйткені ұстаздық қызметте пән білумен қатар, баламен тіл табыса білу рөлі ерекше. Өзінің таңдаған кәсібіне деген қызығушылығы оны одан әрі ізденуге жетеледі. 1975 жылы Қызылорда қаласындағы Н.Гоголь атындағы педагогикалық оқу орнының филология факультетіне оқуға түсіп, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын меңгерді. Жоғары білім алып, туған жеріне оралған жас маман 1980 жылы №126 мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын жалғастырды.
Жылдар өте тәжірибесі толысып, кәсіби білімі мен ұйымдастырушылық қабілеті арта түсті. 1983 жылы «Гүлдер» балалар бақшасына ауысып, алғашында орынбасар, кейін меңгеруші қызметін атқарды. Мектептен кейінгі маңызды кезең – мектепке дейінгі тәрбие саласындағы осы еңбек жолы. Мұнда ол бүлдіршіндермен қатар ата-аналармен, тәрбиешілермен, ұжым мүшелерімен тығыз жұмыс істеді. Баланың алғашқы тәрбиесі мен қалыптасуында балабақшаның рөлі ерекше екенін тәжірибесімен түйсінді.
Ұлағатты ұстаз 1998 жылы қайтадан өзі үшін етене таныс білім ордасы – №126 мектепке келіп, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалды. Аталған қызметті 2010 жылға дейін абыроймен атқарды.
– Өмір жолыма көз жүгіртсем, бар ғұмырымды білім мен тәрбие саласына арнаппын. Ұстаздық жолды таңдағаныма ешқашан өкінген емеспін. Керісінше, әр шәкірттің жетістігі, олардың ел қатарлы азамат болып қалыптасуы мен үшін үлкен бақыт болды. Ұстаздықпен қатар қоғамдық жұмыстарға араласу да менің өмірімнің ажырамас бөлігіне айналды. Туған ауылымның тыныс-тіршілігіне бей-жай қарамай, қолдан келгенше елге қызмет ету – азаматтық парызым деп білемін. Бүгінде зейнет жасында болсам да, өзімді қоғамнан бөлек сезінбеймін. Балаларымның қызығын, он екі немеремнің қуанышын көріп отырғаным – мен үшін өмірдегі ең үлкен бақыт. Артымнан ерген ұрпағыма дұрыс бағыт көрсетіп, жақсы тәрбие қалдыруды өзімнің басты міндетім санаймын. Маған көрсетіліп жүрген құрмет пен ықыласқа ризамын. Әсіресе биыл ауыл мешітінің қолдауымен Ұмра кіші қажылығына жолдама табысталғаны жүрегіме ерекше қуаныш сыйлады. Бұл – мен үшін үлкен сый ғана емес, рухани тұрғыдан мәні терең, өмірімде ерекше орны бар сәт. Адамның ғұмыры еңбекпен, елге жасаған жақсылығымен мәнді. Сондықтан кейінгі ұрпаққа айтарым – қандай мамандық таңдаса да, өз ісіне адал болсын, туған жерін қадірлесін, үлкенді сыйлап, кішіге қамқор болсын. Өйткені адамнан кейін қалатын ең қымбат дүние – оның жасаған жақсы ісі мен елдің жүрегінде қалған жылы сөзі, – деді Сара Берікболқызы.
Мектептегі тәрбие жұмысы – аса жауапты бағыт. Себебі білім мен тәрбиені қатар алып жүру, оқушының бойындағы азаматтық қасиетті қалыптастыру, мектеп пен ата-ана арасындағы байланысты нығайту үлкен ізденісті талап етеді. Білікті педагог осы салада еңбек еткен жылдары оқушылардың қоғамдық белсенділігін арттыруға, мектептегі тәрбие жұмысының жүйелі жүргізілуіне өзіндік үлесін қосты. Кейінгі еңбек жолында психолог, мұғалім қызметін де атқарып, білім саласының әр қырында тәжірибе жинақтады. Әр қызметі оның өмірлік ұстанымын одан әрі бекемдей түсті. Адаммен жұмыс істейтін маман үшін ең басты қасиет – сабыр мен түсіністік болса, қос қасиет кейіпкерімнің бойынан әрдайым табылды.
Осыдан 12 жыл бұрын зейнет демалысына шыққанымен, ол қоғамнан қол үзген жоқ. Керісінше, өмір бойы жинаған тәжірибесін ел игілігіне жаратуға ұмтылды. Бүгінде ауылдағы қоғамдық кеңестің мүшесі ретінде елді мекеннің қоғамдық мәселелеріне араласып, көпшілікпен бірге түрлі бастамалардың жүзеге асуына үлес қосып келеді.
Ғұмырдың ең үлкен байлығы – артында жақсы сөз қалдыру. Ал жақсы сөздің негізі – жақсы іс. Сара Берікболқызының елге сіңірген еңбегі, шәкірттерге берген білімі мен тәрбиесі, отбасына көрсеткен өнегесі – уақыт өткен сайын қадірі арта түсетін рухани мұра. Осындай өнегелі жанның өмір жолы – кейінгі буынға бағыт-бағдар, жас ұрпаққа тағылым. Туған жердің тарихын тұлғалардың тағдырымен сабақтастыра қарасақ, Сара Берікболқызы секілді жанның ғибратты ғұмыры ел шежіресінің ажырамас бөлігі екеніне көз жеткіземіз.
Ал ұлағатты ұстаздың осы кезге дейін қол жеткізген жоғарғы марапаттары мен жетістіктіктері өз алдына бір мақалаға жүк болатын әңгіме.
Балтабай ОРДАБЕКОВ











