Ізгілік шамшырағы

«Ұстаз – ұлық емес, ұлы қызмет» дегендей ұлы қызметті абыроймен атқарып, шәкіртке жол нұсқаған аяулы ұстаз осынша жасқа келгеніне қарамастан, қоғам өміріне белсене араласады. Ақ жаулықты ана өнерден де құр алақан емес. «Сыр Ана» әжелер ансамбілінің және аудандық «Асыл әже» мектебінің мүшесі. Сұлупан Шамшадинқызы ауданның дамуына зор үлес қосқан, ауданның Құрметті азаматы Бақытжан Сауытбаевтың жары. Қос ұстаз жас ұрпаққа білім мен тәрбие берді, өздері де өмірге өнегелі ұл-қыз әкеліп, үлгілі отбасы атанды. Бүгінде өмірден өткен Бақытжан аға ардагерлік кезеңінде де ауданның қоғамдық өміріне белсенді араласып, мүмкіндігі шектеулі жандардың қолайлы өмір сүруіне атсалысқанын айту керек. Сұлупан апай ұстаздық жолын абыройлы атқарумен қатар азаматының да, баларының да бар жағдайын жасаған сүйікті ана, асыл жар.
Мерейлі іс-шарада «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дегендей, ардагер-ұстаз төрден орын алып, мектеп-лицейді бітіруші түлектер «Ұстазым» хорын орындады.
Сұлупан Шамшадинқызы саналы ғұмырын ұстаздық ұлы қызметке арнап, химия пәнін түрлі әдіс-тәсіл арқылы шәкірттерге терең меңгерткен, мұғалімдердің де білімін жетілдіруге ықпал еткен ақылшы ұстаз. Оның айқын бір дәлелі ұстаз ашқан «Атаулы мектеп». Атаулы мектептен білім алған шәкірттері білім шыңына жетіп, ұстаз абыройын асырды. Бір бойына бірнеше өнерді қатар меңгерген аяулы ұстаз білім ұясын өрге сүйреген, білім саласына жаңалықты алдымен болып енгізген ізденімпаз ұстаз атанды. Кеш қонақтары ұстаздың саналы ғұмырындағы жасаған игілікті ісін арнайы дайындалған бейнеролик арқылы тамашалады.
Мерейтой иесіне арналған құттықтау легін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев бастап, аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Балшекер Өтегенова, аудандық білім бөлімінің әдіскері Жанар Төреқұлова жалғастырды. Мерейтой иесіне білім бөлімі мен кәсіподақ төрағасының Алғыс хаты мен республикалық «Ел құрметі» қоғамдық қорының «Ерен еңбек иесі», «Алтынсарин» төсбелгісін табыстады.
Ардақты ардагерге құрмет көрсетіп, жүректен шыққан жылы лебізін аудандық әжелер кеңесінің төрайымы Ұлмекен Жанәлиева, мәдениет майталманы Жантемір Айсин, аудандық ақсақалдар кеңесінің мүшесі, спорт саласының ардагері Мектепхан Елеусінов айтты. Сонымен қатар еңбек жолында сан жылдар бойы бірге қызмет еткен, қиындықта да, қуанышта да қатар жүрген, мерейтой иесімен ұзақ жылдар бойы бірге қызмет атқарған әріптестері де сөз алды.
Бұл күні сексен жасқа келген Сұлупан Шамшадинқызының ұстаздық жолда атқарған қызметі мен адамгершілік қасиеті туралы жақсы сөз айтылды. Біз жоғарыда атап өткендей, ардақты ұстаз қоғам өміріне белсенді араласып, әсіресе, аудан дамуына, жастар тәрбиесіне өзіндік сөзін арнаған жан. Қоғам дамуына бей-жай қарамайтын ардагер ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдап, онда қасиетті Сыр елінің бүгінгі тыныс-тіршілігін айтқан. Аналық жылы лебізін білдірген хат үшін Президент ризашылығын білдіріп, арнайы сый-сияпатын жолдаған. Елорда төрінен Мемлекет басшысының қолы қойылған алтын сағатты, Бурабай шипажайына жолдаманы және Алғысты аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев әкеліп тапсырғаны аудан жұртының мерей-мәртебесін асырғаны белгілі.
«Шәкіртсіз – ұстаз тұл» дегендей, расында мұғалімнің өлшеусіз нәтижесі – білім берген шәкірттері. Ұстаз болу – бір бөлек, ал 35 жыл бойы сынып жетекші болып, жүздеген шәкірттің екінші анасы болу – үлкен жауапкершілік пен жүректің ісі. Сұлупан апайдан білім алып, бүгінгі күні ауданның түрлі саласында көшбасшы болып жүрген шәкірттері өнегелі өмір иесін құттықтады. Олардың қатарында ардагер-журналист Сәуле Ерімбет, мемлекеттік қызмет саласының ардагері Жанат Жансейітова бар.
Тәрбиелік мәні зор кеште мектеп-лицейден енді аз ғана уақытта қанат қағып, үлкен өмірге аяқ басқалы тұрған оқушылар мен жас мамандар байырғы ұстазға көкейлеріндегі сұрақтарын жолдады. Олар «ұстаз ретінде оқушымен қарым-қатынаста ең маңыздысы не болды және жас мамандарға қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?», «нағыз ұстаз болу үшін адам бойында қандай қасиет болу керек?» деген сауалдарын қойды.
– Қырық жылға жуық ұстаздық етіп, бүгінде зор құрметке бөленіп отырғаныма шүкіршілік етемін. Бұрынғы кездегі еткен еңбегімізді айтып тауысу мүмкін емес. Шәкіртке білім мен тәрбие беруде уақытпен санаспадық. Ізденіс пен шығармашылық биік шыңға жетеледі. Ұстаздың еңбегі инемен құдық қазғандай. Сондықтан қазіргі ұстаздарға айтарым – осы ұлы жолда шыдамды, ізденімпаз болыңыздар. Қазірдің өзінде қол қусырып отыру мен үшін жат нәрсе. Немере-шөберелеріме сабақ оқытып, есіктің алдына бақша, гүл егемін. Ағайын-туыс, көрші-көлеммен, қоғаммен бірге болу қанымдағы қасиет. Баршаңызға біздің жолымызды берсін деп тілеймін, – деді ардагер-ұстаз.
«Ата-ананың ақылы – ақылдың кені» дейді дана халқымыз. Сұлупан апай тек аяулы ұстаз ғана емес, бір әулеттің ардақты анасы, ұрпағына үлгі болған асыл жан. Ұрпағы – ұлағатты, артында ізі бар адам – нағыз бақытты адам. Мерейлі 80 жастың иесінің, елдің анасына айналған ақ жаулықты ананың, ардақты ұстаздың еңбек еткен жылдарындағы алған атақ абыройы көп. «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері», «Аға мұғалім», бірнеше мәрте министрліктен, облыс, аудан әкімдігінен алған «Құрмет грамоталары», «Еңбек ардагері», «Сырдария ауданының 90 жылдық» медалі ұстазға деген құрметтің белгісі.
Айдынды Аралда туып-өсіп, саналы ғұмырын қасиетті Тереңөзек топырағында өткізіп, ұстаздық жолда ерен еңбек еткен Сұлупан Шамшадинқызының өмірлік тәжірибесі мен ақыл-кеңесі ұстаздар қауымы үшін қажет. Себебі, қарт ұстаздың еткен еңбегі мен төккен тері ерен. Бүгінгі күні сол еңбектің зейнетін көріп, ұрпақ үшін игілік пен ізгіліктің, пайым мен парасаттың үлгісін танытып, ұлы жолдың шамшырағын жағып келеді.
Бибісара ЖАНӘЛІ