Ата Заң – азамат құқығының берік кепілі
Конституция – Қазақстан азаматтарының негізгі құқықтары мен бостандықтарын бекітетін маңызды құқықтық құжат. Әр адамның өмір сүруге, білім алуға, еңбек етуге, денсаулығын қорғауға, өз ойын еркін білдіруге және заң алдында тең болуға қатысты құқықтары Конституциялық деңгейде қорғалады. Бұл – мемлекеттің басты құндылығы адам және оның құқықтары мен бостандықтары екенін көрсетеді. Азаматтардың құқықтарының сақталуы қоғамдағы әділдік пен тұрақтылықтың нығаюына тікелей ықпал етеді.Сонымен бірге Конституция әр азаматқа белгілі бір міндеттер жүктейді. Заңдарды сақтау, басқа адамдардың ар-намысы мен құқықтарын құрметтеу, мемлекеттік рәміздерді қадірлеу, табиғатты қорғау және ел алдындағы азаматтық жауапкершілікті сезіну – қоғам мүшелерінің ортақ міндеті. Өз құқықтары мен міндеттерін жақсы білетін азамат кез келген жағдайда заң аясында әрекет етуге ұмтылады. Бұл құқықтық сауаттылықтың артуына және қоғамда заңға деген құрметтің қалыптасуына жол ашады. Сондықтан Конституцияны білу – тек құқық саласына қатысты мәселе емес, әр азаматтың күнделікті өміріне тікелей қатысы бар маңызды құндылық.








