Тарихи құжат – ел игілігіне
Еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде ерекше маңызға ие тарихи кезеңнің бірі – Қазақстанның жаңартылған Конституциясының заңды күшіне енуі. Маңызды оқиға мемлекеттің одан әрі даму бағытын айқындап, саяси реформаларды тереңдетуге, азаматтардың құқықтары мен бостандығын нығайтуға бағытталған жаңа кезеңнің басталғанын білдіреді.Осы тарихи сәтте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Үндеу жариялап, Жаңа Конституцияның күшіне енуі тәуелсіз Қазақстанның жаңа дәуіріне жол ашқанын атап өтті. Президент бұл өзгерістердің елдегі саяси және экономикалық реформалардың жүйелі жалғасуына, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға және азаматтық қоғам институттарын дамытуға берік негіз қалайтынын жеткізді.
«Жаңа Конституциямыздың заңды күшіне енуі – бүкіл еліміз үшін айрықша маңызды оқиға. Баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Бүгін тәуелсіз Қазақстан тарихының жаңа дәуірі басталады. Біз саяси-экономикалық реформалардың, ауқымды өзгерістердің және қарқынды дамудың даңғыл жолына түсеміз. Осы ерекше күн еліміздің бүкіл саяси жүйесін, сондай-ақ мемлекеттің және азаматтық қоғамның негізгі институттарын түбегейлі жаңғырту кезеңі басталғанын аңғартады. 15 наурызда өткен жалпыұлттық референдумда Қазақстан халқы ел тағдырына тікелей ықпал ететін және мемлекеттің ондаған жылдарға арналған даму бағдарын айқындайтын таңдауын жасады. Миллиондаған отандасымыз берекелі бірлік танытып, шынайы отаншылдық пен жоғары жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетті. Бұл тарихи шешімнің төл шежіремізде алтын әріппен жазылатыны анық» деді Мемлекет басшысы.
Жаңартылған Ата Заң – бүкіл халықтың таңдауымен қабылданған маңызды құжат. Жалпыұлттық референдум арқылы қазақстандықтар елдің болашақ даму бағытын айқындауға тікелей қатысып, азаматтық жауапкершіліктің жоғары үлгісін көрсетті. Бұл – демократиялық қағидаттардың нығайып, халықтың мемлекет тағдырына деген белсенді көзқарасының қалыптасқанын айқын аңғартатын маңызды қадам.
Конституция – мемлекеттің құқықтық тірегі ғана емес, қоғамдағы тұрақтылық пен келісімнің кепілі. Жаңартылған негізгі заңда адам құқықтарын қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету, мемлекеттік институттардың жауапкершілігін күшейту, билік тармақтарының тепе-теңдігін сақтау сияқты маңызды қағидаттар көрініс тапты. Мұның барлығы елдегі саяси жүйені жаңғыртып, халық пен билік арасындағы өзара сенімді нығайтуға бағытталған.
Ел Президенті өз үндеуінде Конституция күнінің ендігі жерде көктемгі жаңару мен жаңғырудың белгісі саналатын «Наурызнама» онкүндігімен қатар аталып өтетінін ерекше атап өтті. Бұл – қоғамның жаңаруын, ұлттық құндылықтар мен конституциялық қағидаттардың сабақтастығын білдіретін маңызды символдық шешім.
«Бұдан былай Конституция күні «Наурызнама» онкүндігімен қатар аталып өтеді. Мұның символдық мәні зор. Конституция күні ел ішінде ғасырлар бойы орныққан көктемгі жаңару дәстүрлерін Ата заңның басты қағидаттарымен тоғыстырады, яғни азаматтарымыздың ырысты ынтымаққа, озық білімге, ел игілігі жолында адал еңбек етуге деген талпынысымен үндеседі. Біз нағыз Халық Конституциясының мызғымас құқықтық негізіне арқа сүйеп, барлық мақсат-мұраттарымызға міндетті түрде жетеміз. Заң мен Тәртіп, Еңбексүйгіштік пен Өрлеу, Тазалық пен Табиғатты аялау сынды жасампаздық құндылықтарын қоғамда берік орнықтырамыз. Бұған еш күмәнім жоқ. Біз бірлігі бекем, біртұтас ұлт ретінде әлемдік өркениеттің шыңын бағындырып, баршаға бірдей мүмкіндік беретін және барлық азаматтың жан-жақты дамуына жол ашатын мемлекетті – Әділетті Қазақстанды құрамыз! Қастерлі Отанымызды көркейту жолындағы жоспарларымызды ойдағыдай орындаймыз. Мен бұған кәміл сенемін! Қазақстан Республикасы жасай берсін! Халқымыз мәңгі жасасын!» деді Мемлекет басшысы.
Жаңа Конституция еліміздің болашақтағы дамуына бағыт-бағдар беретін стратегиялық құжат ретінде заң мен тәртіпті нығайтуға, еңбексүйгіштік пен жауапкершілікті арттыруға, табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыруға және азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға негіз болады. Бұл құндылықтар қоғамның тұрақты дамуына, ұлттық бірліктің нығаюына және мемлекетіміздің өркендеуіне қызмет етеді.
Бүгінде Қазақстан ауқымды реформаны жүзеге асырып, әділетті қоғам қалыптастыру жолында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісі, азаматтардың құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктері және заң үстемдігін қамтамасыз ету бағытындағы бастамалар – осы өзгерістердің нақты көрінісі. Тәуелсіздіктің басты тірегі саналатын Конституция әрбір азаматтың құқықтары мен міндеттерін айқындай отырып, елдің баянды болашағына қызмет етеді. Сондықтан Ата заңға құрмет – мемлекетке, елдік құндылықтарға және ұлттық бірлікке деген құрмет.
Мемлекеттің қуаты – заңның үстемдігінде, халықтың бірлігінде және ортақ мақсат жолындағы ынтымақтастығында. Сондықтан Жаңа Конституция – бүгінгі буынның ғана емес, келешек ұрпақтың да жарқын болашағына қызмет ететін басты құндылық болып қала береді.
Б.ОРДАБЕКОВ
Фото: ашық дереккөз











