Конституция – ел бірлігі мен тұрақтылығының негізі
Қазақстан Республикасының Конституциясы – еліміздің құқықтық жүйесінің негізін айқындайтын басты құжат. Ата Заң мемлекет пен қоғам дамуының негізгі қағидаларын белгілеп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуына берік негіз қалыптастырады. Конституцияда Қазақстанның демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнығуының басты ұстанымдары бекітілген. Елдегі бейбітшілік пен қоғамдық келісімді сақтау, заң үстемдігін қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтарын қорғау – тұрақты дамудың маңызды шарттары. Конституцияның әрбір нормасы қоғамдағы тәртіп пен өзара жауапкершіліктің қалыптасуына бағытталған.Ата Заңды құрметтеу – мемлекетті құрметтеудің бір көрінісі. Әр азамат Конституцияда бекітілген өз құқықтарын біліп қана қоймай, заң талаптарын сақтауға және басқа азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуге міндетті. Құқық пен міндет қатар жүрген жағдайда ғана қоғамда әділдік пен өзара сенім қалыптасады. Сондықтан Конституцияның мәнін түсіну және оның қағидаларын күнделікті өмірде ұстану – елдің тұрақтылығы мен бірлігін нығайтатын маңызды қадам. Ата Заңға деген құрмет ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, еліміздің жарқын болашағына қызмет ете береді.









