Конституция
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа конституция – әділетті қазақстанның берік негізі

Жаңа конституция – әділетті қазақстанның берік негізі

Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен «Жаңа Конституция – Әділетті Қазақстанның берік негізі» тақырыбында мәжіліс өтті. Жиынға аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, аудан прокуроры Абай Мұхтарұлы, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, зиялы қауым өкілдері, депутаттар, құқық қорғау қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер және аудан тұрғындары қатысты.

Аудан басшысы Жаңа Конституцияның елдің құқықтық жүйесін нығайтудағы, мемлекеттік басқаруды жетілдірудегі және Әділетті Қазақстанды қалыптастырудағы маңызына кеңінен тоқталды.

– Қазақстан Республикасының Конституциясы – тәуелсіз мемлекетіміздің құқықтық іргетасы, қоғамдық келісім мен тұрақтылықтың, ел бірлігі мен өркендеуінің басты кепілі. Мемлекет басшысының бастамасымен жаңарған Ата Заңда нақты бағыттар айқындалған. Біріншіден, Конституцияның кіріспе сөзі негізгі идеологиялық ұстанымдардың тұтас әрі құрылымдалған жиынтығы болып табылады. Екіншіден, еліміздің аумақтық тұтастығына қатысты нақты ұстаным белгіленді. Преамбулада жазылғандай, аумақтық тұтастық ешқашан өзгермейді және оған қол сұғылмайды. Үшіншіден, Қазақстанның зайырлы мемлекет екендігі нақты айқындалды. Жаңа Ата Заңда білім беру мен тәрбие жүйесінің зайырлы сипаты бекітілді. Төртіншіден, дәстүрлі құндылықтар ең жоғары құқықтық деңгейде қорғалды. Бесіншіден, ел дамуының адами өлшемі енгізіліп, адам құқықтарын қорғау негізгі басымдық ретінде белгіленді. Жалпы, жаңа Ата Заңда төл тарихымыз, Әділетті Қазақстан идеясы, Заң мен Тәртіп қағидаты, «Таза Қазақстан» бастамасы, бірлік пен ынтымақ, мәдениет пен білім, ғылым мен инновация секілді маңызды бағыттардың барлығы қамтылған, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Мәжілісте аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, аудан прокуроры Абай Алимбаев, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, Қорқыт ата университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Ғабит Тұяқбаев сөз сөйлеп, Жаңа Конституцияның қоғамдағы рөлі мен маңыздылығына тоқталды. Қазақстан Республикасының Конституциясы – ел тәуелсіздігінің берік негізі, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілі екенін атап өтті.

Жиын соңында зиялы қауым өкілдері мен құқық қорғау қызметкерлеріне жаңа басылымдағы Қазақстан Республикасы Конституциясының кітаптары табысталды. Бұл - Конституция қағидаттарын кеңінен насихаттауға, құқықтық мәдениетті арттыруға және қоғамда заң үстемдігін нығайтуға бағытталған маңызды қадам.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі
02 шілде 2026 ж. 504 0