Сот жүйесінің қызметі айқын көрсетілген
Жаңа Конституция – еліміздің құқықтық мемлекет ретінде даму бағытын айқындайтын ең маңызды саяси-құқықтық құжат. Конституцияда адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету, билік тармақтарының тепе-теңдігін сақтау және тәуелсіз сот билігін қалыптастыру басты құндылықтардың бірі ретінде бекітілген. Әсіресе, 76-83-бап сот төрелігінің мазмұнын, соттардың мәртебесін, судьялардың тәуелсіздігін және азаматтардың әділ сотқа қол жеткізу құқығын нақтылайтын негізгі конституциялық норма болып табылады.Айта кетейік, 76-бапта сот төрелігін Қазақстан Республикасында тек сот қана жүзеге асыратыны белгіленген. Бұл қағида сот билігінің дербестігін қамтамасыз етеді және қандай да бір мемлекеттік органның немесе лауазымды тұлғаның сот қызметін алмастыруына жол бермейді. Сот төрелігінің азаматтық, әкімшілік, қылмыстық және өзге де іс жүргізу нысаны арқылы жүзеге асырылуы азаматтардың құқығын жан-жақты қорғауға мүмкіндік береді. Қылмыстық істер бойынша алқабилердің қатысуымен сот талқылауын өткізу азаматтардың сот төрелігіне қатысуын кеңейтіп, соттың ашықтығы мен әділдігін нығайтады. Ал 77-бапта сот билігінің негізгі мақсаты адамның, азаматтың және ұйымдардың құқықтары мен заңды мүддесін қорғау екені көрсетілген. Конституцияның, заңдардың және халықаралық шарттардың орындалуын қамтамасыз ету де сот билігінің маңызды міндеті екені айқындалған.
Бұл ретте 78-бап бойынша судьялардың тәуелсіздігін конституциялық деңгейде бекітеді. Судьялар сот төрелігін жүзеге асыру кезінде тек Конституция мен заңға ғана бағынады. Бұл – әділ соттың ең басты кепілі. Сот қызметіне қандай да бір араласуға заңмен тыйым салынуы соттың объективтілігі мен бейтараптығын қамтамасыз етеді. 79-баптың ерекше маңызы – соттардың адам құқықтарын қорғаудағы рөлін күшейтуінде. Егер сот қолданылуға тиіс заң немесе нормативтік құқықтық акт Конституцияда бекітілген құқықтар мен бостандықтарға қайшы келеді деп есептесе, ол Конституциялық Сотқа жүгінуге міндетті. Бұл норма Конституцияның жоғары заңдық күшін қамтамасыз етеді және азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғаудың тиімді тетігі екені даусыз.
Өз кезегінде 80-бапта судьяның мәртебесі мен тәуелсіздігіне кепілдік берілген. Судьялардың өкілеттіктерін тоқтату немесе оларды жауаптылыққа тарту ерекше рәсім арқылы ғана жүзеге асырылады. Мұндай кепілдік судьяның сыртқы ықпалдан тәуелсіз жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Судьялардың кәсіпкерлікпен айналысуына немесе өзге де ақылы қызмет атқаруына қойылған шектеулер олардың бейтараптығын сақтауға бағытталған. 81-бапта соттарды республикалық бюджеттен қаржыландыру көзделген. Бұл норма соттардың материалдық және қаржылық тәуелсіздігін қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда соттардың цифрлық инфрақұрылымын дамыту, электрондық сот ісін жүргізуді жетілдіру және заманауи ақпараттық технологияларды кеңінен енгізу сот төрелігінің қолжетімділігі мен тиімділігін арттырудың маңызды бағыттарының бірі болып отыр.
82 және 83-баптар Жоғарғы Соттың мәртебесін, судьяларды тағайындау тәртібін және Жоғары Сот Кеңесінің қызметін реттейді. Жоғарғы Соттың сот практикасына түсіндірме беруі заңдардың еліміздің барлық аумағында біркелкі қолданылуына ықпал етеді. Судьяларды іріктеу мен тағайындаудың ашық әрі кәсіби жүйесін қалыптастыру сот жүйесіне деген қоғамдық сенімді арттырады.
Сот жүйесін одан әрі жетілдіру мақсатында бірнеше маңызды бағытқа назар аудару қажет.
Конституцияның 76-83-бабы Қазақстандағы сот билігінің құқықтық негізін қалыптастыратын аса маңызды конституциялық норма қатарына жатқызылады. Соттардың тәуелсіздігін, әділ сот төрелігін, адам құқықтарының қорғалуын және заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған. Конституциялық реформалардың нәтижесінде сот жүйесінің ашықтығы, кәсібилігі және тиімділігі артып келеді. Алдағы уақытта сот билігін одан әрі жетілдіру, цифрландыруды дамыту, судьялардың тәуелсіздігін нығайту және азаматтардың әділ сотқа қолжетімділігін кеңейту құқықтық мемлекетті дамытудың негізгі басымдығының бірі болып қала береді.
Нұрхан ӘБДІКӘРІМ,
Сырдария аудандық соты әкімшісінің басшысы








