Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№73 газет

26 қыркүйек 2026 ж.

№72 газет

22 қыркүйек 2026 ж.

№71 газет

19 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930 
» » Қара нардай жұмысты көтерген сылақшы

Қара нардай жұмысты көтерген сылақшы

Ғимараттарға өмір мен әсемдікті сыйлайтын мамандық иесі – сылақшы-бояушы. Бұл мамандыққа тән қасиет төзімділік пен қол икемділігі. Шыдамды болу, әрі күш-қайрат та қажет қасиет. Тереңөзектік ардагер Бәтима Нүкеева ауданның құрылыс саласында ұзақ жыл еңбек еткен қарапайым мамандық иесі. Саланың жүгін арқалап, талай ауыр жұмыстың басы-қасынан табылған ақ жаулықты ананың жасы қазір 69-да. Осы күнге дейінгі бейнетінің зейнетін көріп отырған бұрынғы сылақшы аудан көлемінде көптеген ғимараттың ішкі және сыртқы келбетін ретке келтіруге атсалысқан.

Өткен ғасырдың 80-жылдары құрылыс саласында арнайы бағдарлама іске асып, тұрғын үй, әлеуметтік ғимараттар бой көтергенін білеміз. Мектеп бітірген жастар құрылыс жасақтарына өз еркімен барып, ауданның келбетін айшықтауға үлес қосқан. Сол жылдары сылақшы-бояушы бригадаларында ерлермен қатар қыздар да еңбек еткен. Кейіпкеріміз Бәтима Садыққызы да өз құрбыларымен бірге ПМК-08, кейін ПМК-84 мекемесінің алдыңғы қатарлы маманы болған.

– 18 жасымда мектеп бітірісімен құрылысқа келдік. Жанымда Қанымкүл Қожақова құрбым болды. Сонымен қатар Бақыт Сейдахова, Гүлнәр Күнтәжиева, Гүлнәр Байтұрғанова сылақшылар бригадасында болдық. Үйретушіміз, әрі бригадиріміз Бисенкүл Сариева мен Мәрия Бәйімбетова еді. Бұл кісілер кәнігі мықты сылақшылар болатын. Істеген жұмысынан мін табылмайтын. Сылақ шеберлерінің жанында жүріп қаншама ғимараттың, үйдің бой көтеруіне атсалыстық. Есімде ең алғашқы жұмысым А.Тоқмағанбетов ауылындағы сиыр фермасы болды. Ферманың құрылысы жүріп, қабырғасын сылау керек болды. Жас болсақ та лайды жасап беретіндерге ілесіп, күннің қалай тез өткенін білмей қалатынбыз. Шаршау дегенді білмейміз. Қайтсек, жылдам бітіреміз деп күш салдық. Қыздардың жұмысы емес, ауыр деген ой болмады. Ол кезде қара жұмысты қыздар да атқаратын, – дейді сала ардагері Бәтима Садыққызы.

Құрылыстағы маңызды мамандық иесі арнайы оқу оқымай-ақ, табандылығы мен еңбексүйгіштігінің арқасында сылақшы-бояушы болып құрылыс мекемесі тарағанша еңбек етті. Ауданда ғимараттарға жөндеу жұмысын жүргізетін ХРСУ мекемесінде де аз-кем уақыт жұмыс істеп, Төлеу Сүлейменов, Асылбек Әбдуов басқарған мекеменің жұмысшысы болды. Елімізде тоқырау заманы орнаған кезеңде жұмыссыз қалып, қоғамдық негізде қолынан келетін іспен айналысуын тоқтатпады. Кейін аудандағы мектептердің бірінен жұмыс табылып, зейнетке шыққанша үш жыл еден жуушы болды.

Ол кездің аналары қайсарлығымен, төзімділігімен ерекшеленді. Бәтима Садыққызы да өзі жұмыс істеген жылдары туралы естелігінде жұмыс түрін таңдамай, қай жерге бар десе сонда барып, уақытпен санаспай еңбек еткенін айтады.

– Сәкен Сейфуллин, Қалжан ахун, Қаракөл совхозында жұмыс істедік. Мектептің құрылысына бардық. Құм сылақ дәлдік пен қырағылықты қажет етеді. Лайды дұрыс дайындау сылақтың сапасын арттырады. Тексеруші көп. Жұмысыңды бригадирден бастап, прораб, инженер, арнайы комиссия тексеріп кетеді. Қажет кезінде вагонмен келген құм, цемент, әк т.б да түсірдік. Кафель жабыстыруды да үйрендік. Бетонды да құйдық. Қазір сол бейнетіміздің зейнетін көріп отырғанымызға шүкіршілік етеміз, – дейді еңбек иесі Бәтима Садыққызы.

Қарттыққа аяқ басқан ардагер ұзақ жылғы еңбегінің арқасында түрлі марапатқа ие болды. Мақтау грамоталары мен бағалы сыйлықтар кәсіби маманның еңбегінің жемісі. Өткен жылдарға көз жіберген байырғы құрылысшы 1987-1988 жылдары поселкелік кеңеске депутат болғанын айтады. Ол кезде еңбек адамына деген құрметтің белгісі осындай жауапты жұмысты қоса атқарып, тұрғындардың өтініш-тілегін айтатын еңбек адамдары депутаттыққа сайланған.
Қолынан іс келетін, ұқыптылық пен тазалықты, шыдамдылықты бойына жинаған байырғы шебер әлі күнге дейін кез келген сылақтың түрін атқара береді. Тапсырысқа шықпаса да өз үйіне қажетті жұмысты ынта-ықыласымен кейінге қалдырмай жасап тастауға тырысады. Қабырғаны сылау немесе бояу оның сүйікті ісі. Әсіресе есік пен терезенің қырын шығарып, бұрыштың түзу болуы, қабырғанын тегістігі қырағы сылақшы қалт жібермейтін қасиеті. Кәсіби дағдымен аяқта тұрып, зіл батпан қара жұмысты істеуді, бір сарынды қозғалыстағы техникалық дағдыларды шебер осы күнге дейін ұмытпаған.

Бәтима Садыққызы қосағы марқұм Жақсылық Шалабевпен 1 ұл мен 3 қызды өмірге әкелді. Қыздары бой жетіп, тұрмыс құрса, ұлы Елжас денсаулығына байланысты күтімді қажет етеді. Күні бойы ұлының жанынан шықпай жағдайын жасап бәйек болатын ана жалғыз ұлдың тілеуін тілейді. Оның арманы баласының тәуір болып кеткенін көру.

Қарттар күні қарсаңында Бәтима Садыққызын мерекесімен құттықтап, қарапайым еңбек адамы ретінде құрмет төрінен көріне беріңіз демекпіз.

Бибісара ЖАНӘЛІ
29 қыркүйек 2026 ж. 62 0