Құрыш қолды ана

Құрылыста жұмыс жасау – бейнетке бір табан жақын болумен пара-пар. Жастық шақта білінбегенімен, уақыт өте бейнеттің салдарынан денсаулыққа айтарлықтай ауыртпалық түсуі ықимал. Қысы-жазы құрылыс нысанын аяқтау үшін жанын салатын құрылысшылар сапында болған Алтын Сматқызы – нәзік жанды бола тұра, еңбегімен танылған құрыш қолды құрылысшы. Алғаш құрылысқа келгенде 23 жаста болған ардақты ана бүгінде 77 жасқа келді. Қашанда құрылыстың бүге-шүгесіне қанығып, белі бүгілгенше жұмыс жасаған кейіпкеріміз құрылыстағы қарқынды тірлікке ілесе білді.
– Қолымызға шелек пен қалақты ұстаған күйі әлеуметтік нысанның тұрғызылуына атсалыстық. Жанымда өзім секілді нәзік жанды қыз-келіншек көп. Күні-түні қабырғаға сылақ жүргізіп, бетон құямыз. Үй мен жұмыс ортасын жол қылған мені алғаш жұмысқа Ыбырай Сейпулов қабылдады. Тереңөзектегі аудандық аурухана, көпқабатты тұрғын үйлерді біз салдық. Айлығымыз мардымсыз болғанымен, күнкөріске жарайтын еді. Күніне 20-30 келі тартатын лайды көтеріп, жоғарыға шығарамыз. Межелі уақытта құрылыс нысанын аяқтау үшін барымызды саламыз, – деді ардақты ана.
Асылында, шаң-тозаң ортасында да нұр шашып жүрген – құрылысшы әйелдің жүрегі таза, ниеті биік келеді. Алтын Сматқызы – кірпішке көрік, құрылысқа жан беруші сылақшы әйел ретінде көпшілікке танылды. Сән мен сапаны қабырғаға бірге өрнектей білген ол ыждағаттылыққа иек артады. ПМК-1608 мекемесінде қызмет еткен Алтын Шәмшиева құрылысшы аналар Бисенкүл Сариева, Қуанышкүл Алдабергенова, Патыма Нүкеева, Балгүл Аймешевамен бірге ауыртпалық жүгін көтере білді.
Еңбегі елеулі жан отағасы Жәдігер Шәмшиевпен 1966 жылы отау құрады. Сегіз құрсақ көтеріп, алтын құрсақты ана атанған ұл-қызының аяулысы – бір қолымен үй тұрғызып, бір қолымен ұрпақ тәрбиелеген әйел – ел тірегі екенін дәлелдей білген.
– Құрылыс басынан табылып, бейнет көрсек те ешкімге базынамызды айтпаппыз. Құрылыста жүрген әрбір жан денсаулығынан айырылады. Шаң-топырақтың арасында жұмыс жасағаннан болар көзімді зақымдап алдым. Сөйте тұра, адал кәсібімнен бас тартқан емеспін. Сылақ, сырлау, бетон құю дегенді кезінде жұғынды көрмедік. Мүмкін сол заманда бойымызда батылдық, қайраттылық басым болған шығар, – дейді Алтын Шәмшиева.
Балтабай ОРДАБЕКОВ