Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ісіне тиянақты іскер азамат

Ісіне тиянақты іскер азамат

Аспаз, жүргізуші, сатушы, сылақшы, сырлау­шы, ұста, механик, электрик, техникалық қызмет көрсетуші – жұмысшы мамандықтар. Өткен ғасырдың 50-70-жылдары жұмысшы мамандыққа деген құрмет ерекше болды. Соңғы 10-15 жылда бұл мамандықтың беделі төмендеді. Өйткені бұрын еңбек адамы лайықты жалақыға, құрметке, жеңілдікке, баспанаға ие болса, қазір ең төменгі жалақы алушы жұмысшы. Тиісінше жастар жұмысшы болуға талпынбайды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылды «Жұмысшы маман­дықтар жылы» деп жариялады. Бұл – еліміздің ең алпауыт күші жұмысшы маман­дығына деген құрмет. Сондықтан алда­ғы жылы жұмысшыларға көрсетілетін құрмет те ерекше болмақ.

Біз де өз кезегімізде жұмысшылардың еңбегін насихаттап, олардың атқарып отырған жұмысына қолдау білдіріп, ел-жұртқа есімдерін танытуды жөн көрдік. Бүгінгі кейіпкеріміз жас та болса жұмысшы мамандықты жүрек қалауымен таңдаған, он саусағынан өнер тамған слесарь-жөн­деуші Айдос Аймышев.

Айдос Ақылбекұлы – аудандағы №35 мектеп-лицейдің түлегі. Теміржолшы маман­дығын алған соң, бұл салада бір жыл еңбек етіп, кейін түрлі жұмыста өзін шыңдаған азамат. Ауданда ұсталығымен танылған, жүздеген тұрғын үйді қалаған құрыш қолды құрылысшы Ақылбек Аймышевтің үлкен баласы. «Әке көрген оқ жонар» демекші, өзінен кейінгі төрт бауыры да әкенің ізгі жолын жалғастырған нағыз істің адамдары. Айдостан кейінгі інісі Жандос Астана қаласында ағасы секілді слесарлық қызметті атқарады. Мұхтар – жаттықтырушы, Әлішер – дін жолындағы имам, Мейірбек – жолсерік. Бес ұлды дүниеге әкелген асыл ана – Шолпан балаларының бойына бар жақсы қасиетті дарытқан жан.

Жұмысшылар әулетінің ұрпағы өзінің атасы Әбжаппар мен әжесі Балкүл қарапайым еңбек адамдары болғанын айтады. Еңбектің көрігін қыздырған әулеттің үлкені 52 жасында дүниеден өтсе, ардақты ақ жаулықты ана өмірін құрылысқа арнаған сылақшы. Балкүл Аймышева көпбалалы ана. Шебер ананың қолтаң­басы кенттегі аурухана, көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысында қалған. Осындай жұмысшылар династиясының жалғасы Айдос – адал еңбекті кәсіп етуді мақсат етеді.

«Бай болуға кәсіп керек, күшті болуға бірлік керек, осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, тұрғын үйдің сантехникасын жөндеудің шебері атанған маман нағыз бесапап. Көп адам­ның қолынан келе бермейтін жөндеу жұмыс­тарын сапалы істейтін шеберді арнайы іздеп, хабарласатындардың қата­ры көп. Қара жұмыстан қашпайтын Айдос жұмыстан тыс уақытта өз қызметін тұрғындарға да ұсынады.

– Қазір жастар шебер болудан гөрі, беделді мамандықты меңгеруге ұмтылады. Бірақ барлығы мекемеде отыратын болса, қара жұмысты кім істейді?! Бала кезімізден әкеміздің қара жұмыста ысылғанын көріп өстік. Жанына еріп жүріп, қалай кірпіш қалап жатқанын көрдік. Тұрғын үй салудың шебері болған әкем қаншама отбасының баспаналы болуына үлес қосты. Ер азаматтың қолынан электрик, сантехник секілді жұмыстың барлығы келуі керек. Теміржолшы мамандығын алғаныммен, көбіне қарапайым жұмысшы болып жұмыс істедім. Қазір соңғы төрт жылдан бері «Қазсушар» мекемесінің «Сыр суы» филиалының Сырдария ауданының оқшау сумен жабдықтау жүйелерін пайдаланушы өндірістік бөлімшесінде слесарь жұмысшымын. Менің қалауым қарапайым жұмысшы мамандығы болғанына ешқашан өкінген емеспін, – дейді кейіпкеріміз ағынан жарылып.

Мамандығын мақтаныш ететін кәсіби шебер соңғы кезде жастардың да арасында жұмысшы мамандығына қызығушылық танытатындардың қатары көбейіп келе жатқанын айтады. Өзі еңбек ететін ұжымда жұмысшылардың арасында ең жасы 24 жас­та болса, алдыңғы толқын аға ұрпақтың ізін жалғайтындар орта жастағылар. Қазір тәжірибиелі азамат күн сайын мекемедегі жұмысшылармен бірге кентке ауыз су беретін төрт насостың іркіліссіз жұмыс істеуін қадағалайды. Ақау болған жағдайда дереу жөндеуге кірісіп, тұрғындардың ауыз суды тәулік бойына тұтынуына бригада болып жұмылады.

Маманның айтуынша, кентті ауызсумен қамтамасыз етіп отырған 4 ірі насос қондырғысы 400-500 метрге жуық тереңдіктен 4 мұнараға ауызсу жинайды. Мұнараға жиналған таза су тұрғындардың пайдалануына құбырлар арқылы беріледі.

– Ауыз судың қадірін үлкендер жағы жақсы біледі. Сусыз өмір жоқ. Тіршіліктің нәрін үнемдеу су құбырына есептегіш құралын орнатудан басталады. Қазір кентте есептегіш құрал орнатпаған үйлер анықталуда. Негізінен судың ақысын есептегіш құрал арқылы төлеу тиімді, – дейді білікті маман.

Ауа райының қолайсыздығына қара­мастан, аптап ыстық пен аязда ауызсу құбырынан ақау шықса дереу жөндеуге асығатын жұмысшылардың еңбегі шын мәнінде адал. Олар әрбір үйге ауызсудың берілуіне жауапты болғандықтан, жұмы­сын да жедел әрі сапалы атқаруға асығады.

Жас та болса жұмысшы мамандығын жетік меңгерген азамат отбасында сүйікті жары Жанботамен бес баланы тәрбиелеп өсіруде. Үлкен қыздары Айым, ұлттық спорт – тоғызқұмалақтан Азия чемпионы. Әмина, Рәзия, Әли мектеп оқушылары, кішкентай Диас балабақшада. Көпбалалы отбасының отағасы Айдос Ақылбекұлы осылайша мәртебелі мамандықтың беде­лін арттыруға үлес қосып келеді.

Бибісара ЖАНӘЛІ
21 қыркүйек 2024 ж. 296 0