Мәдениет саласының майталманы
Мәдениет саласы – ұлттың рухани айнасы, халықтың тарихи жады мен ұлттық болмысының негізі. Қашанда өнер – жұтамас байлық, мәдениет – алтын қазына. Осы құндылықтарды қастерлеп, насихаттап, халыққа қызмет етіп келе жатқан мәдениет саласы мамандарының еңбегі әрдайым құрметке лайық. Мәдениет саласында ұзақ жылдар қызмет еткен Рая Байдаулетованың орны ерекше.Аудан мәдениетінің дамуына өзіндік үлес қосқан Рая Бектұрғанқызы 1956 жылы Шиелі ауданы, Мұстафа Шоқай ауылында дүниеге келген. 1963 жылы сол ауылдағы №41 М.Ломоносов атындағы орта мектепті тәмамдайды. Жастайынан мәдениет саласының маманы болуды армандаған жас түлек Талдықорған облысы, Сарқанд қаласындағы мәдени-ағарту училищесіне «Көркемөнерпаздар үйірмесінің хор коллективінің жетекшісі» мамадығы бойынша оқып,нағыз маман ретінде үлкен өмірге қадам басқан.
–Алғашқы еңбек жолын өзімнің туған жерімде Мұстафа Шоқай атындағы мәдениет үйінде көркемдік жетекші қызметінен бастадым. Менің еңбек жолымда жақсы кісілер көп кездесті. Біздің мәдениет үйі ол кездері кәсіподақ ұйымына қарады. Сол кездері кәсіподақ мамандарды жан-жаққа оқуға жіберетін. Бірге қызмет жасаған еврей әйел кісі болатын, сол кісі маған «Рая, сенің оқуың керек» деген. Содан Ленинград қаласындағы Жоғарғы кәсіподақ мәдениет мектебіне «мәдени-ағарту» бойынша білімімді жетілдірдім. Оқуды бітірген соң Қызылорда облыстық кәсіподақтар үйінің халық шығармашылық орталығында аға әдіскер қызметін атқардым, – дейді мәдениет саласының ардагері.
Түрлі іс-шараны лайықты ұйымдастырып, руханият пен мәдениетке өлшеусіз үлес қосқан Рая Бектұрғанқызы өмірлік жолдасы Серік Байдаулетовпен қызмет барысында танысып, бүгінде берекелі шаңырақ иелері.
– Халық шығармашылық орталығында жұмыс жасап жүргенде көптеген байқау өткізетінбіз. Сол кезде жолдасыммен таныстық. Жолдасым облысқа белгілі гитарист болатын. 1985 жылы шаңырақ көтеріп, осы ауданға келін болып түстім. Берекелі шаңырағымызда 4 баланың ата-анасы атанып, бүгінде 13 немере сүйіп отырмыз. Балаларымыз әр түрлі қызмет жасайды. Кенже ұлым өнерге жақын. Отбасылы болуыма байланысты сол жылдары аудандық мәдениет бөлімінде қызмет жасадым,– дейді аяулы жар, асыл ана.
Қазақтың халық жазушысы Ғабит Мүсірепов «Біреулерді қызмет көріктендірсе, енді біреулер қызметке көрік береді дегендей, Рая Байдаулетова әр атқарған қызметіне адал, еңбекқор жан. Жүрген жерін нұрға бөлеп, әріптестерінің арасында сыйлы болған. Мәдениет саласының майталман маманы аудандық мәдениет бөлімінде аға инспектор, кинобейне қызметін көрсету кәсіпорнының директоры, С.Қожықов атындағы кинотеатр директоры болып түрлі қызмет атқарып, өз қарым-қабілетімен көпке үлгі бола білді. Бұл ретте, кейіпкерім 20 жыл бойы салалық бөлімге қарасты кәсіподақ комитетінің төрайымы ретінде абыроймен жұмыс жасады. Сондай-ақ жұмыспен қатар қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысты. Атап айтар болсақ, «Бота» қайырымдылық қорының аға еріктісі болған. Яғни Қазақстанда аз қамтылған отбасыларындағы балалар мен жастардың өмірін жақсартуға бағытталған ұйым. Ауданға қарасты барлық ауылда бірқатар ерікті жұмыс жасап, 100-ден астам отбасыға көмек көрсетті, мүмкіндігі шектеулі баласы бар ата-аналарға тренинг, сабақ өткізген. Айта кетейік, өз ісінің білгірі нәжижелі қызметінің арқасында 2000 жылы облыста «Үздік волонтер» кубогын иеленді. Әлі күнге дейін көмек алған кісілер алғыстарын айтып жүреді. «Сыр ана» әжелер ансамблінің белді мүшесі болған.
–2008 жылы облыста байқау болатын болды. Сонан «Сыр ана» әжелер ансамблін құрдық. Ансамбльдің құрамында Р.Әбдуова, Г.Көшерова, Л.Ставер, Ш.Жанбосынова, Д.Қаражанова, П.Алданова, К.Қартбаева, Ә.Досжанова, Қ.Ауминова болды. Қазіргі таңда ансамбльдің жұмысы кент мәдениет үйінің жанында әлі күнге жалғасын тауып келеді. Бір кезеңдері видоепракаттар шығып, көпшіліктің сұрасына ие болды. Сол уақытта жергілікті халық кинотеатрға келе қоймайды. Жұмыс барысында ақылы қызмет беретін. Соны орындау мақсатында ауылдарға концерттік бағдарлама, сан түрлі қойылым ұйымдастырамыз. Ауылдардағы киномеханиктеріміз өнерлі қыз-жігіттер болды. №210 мектеп оқушыларымен бірігіп жаңа жылдық кеш жасаймыз. Қызмет барысында өз ісінің шебері Ж.Айсин, Ұ.Ерімбетова, Д.Ермағанбетова, Э.Тілеубергенова, А.Сақыбекова, Л.Исмайлова, Г.Нұржакеева жұмыс жасадым. Олармен күнделікті жан-жақты тәжірибе алмасып, жақсы әріптес болдық, – дейді мәдениет ардагері.
Мәдениет саласында еселі еңбек етіп, үздік нәтижелерге қол жеткізген Рая Байдаулетованың еңбегі елеулі. «Республикалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің «Құрмет белгісі», Қазақстанның салалық мәдениет, спорт, турзим және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының «Еңбек даңқы» төсбелгісімен, аудан әкімінің «Алғыс хатмен» марапатталып, ардақты жанның еңбегі елене түсті.
Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА










