Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ризашылық пен мейірімділік күні

Ризашылық пен мейірімділік күні

Көктем мезгілінің бастауы «Алғыс айту» күнімен ерекшеленеді. Елімізде 2016 жылдан бері тойланып берекелі күнге айналған 1 наурыз – Алғыс айту күні. Осы айтулы күнде Сырдария аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы комитетінің ұйымдастыруымен мерекелік кеш өтті. Салтанатты іс-шараға аудандық білім бөлімінің басшысы Еркебұлан Жақып, білім қызметкерлері кәсіподағы комитетінің төрағасы Алмас Есназар және мектеп, балабақша, өнер мектебінің жұмысшы мамандары қатысты.

«Алғыс айту» күні – ерекше тарихымен есте қалатын ме­реке. 2016 жылдың 14 қаң­тарында 1 наурыз – «Алғыс айту күні» болып жарияланды. Бұл мереке – Қазақстан халқын біріктіруге бағытталған, барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына тоғыстыратын күн. Бұл мерекенің тарихы тереңде. 1946 жылы елімізге жер аударылып біршама ұлт өкілдері келген. Сол бір қиын-қыстау заманда қазақ халқы жат ұлт өкілдерін бауырына басып, бір шаңырақ астына орналастырып, соңғы үзім нанына дейін бөліп берген. Осындай жылулықты сезінген этнос өкілдері бертін келе мерекелік күнді бекітуді ұсынған. Қазіргі таңда бұл айтулы күн бірқатар елде тойланатыны анық.

Мерекелік іс-шараны ау­дан­дық білім бөлімінің басшысы Еркебұлан Жақып ашты. Кешке қатысып отырған мамандарды мерекемен құттықтап, жүрек­­жарды тілегін білдірді. Алғысөзінде Алғыс айту күні­нің шығу тарихымен бөлісіп, айлардың сұлтаны – Рамазан айымен тұспа-тұс келгенін атап өтті. Сөз кезегін білім қыз­меткерлері кәсіподағы ко­мите­тінің төр­ағасы Алмас Есназар жалғады. Қызметкерлерді айтулы күнмен құттықтап, мере­кеге қатысушы мамандарға мерекелік «Алғыс хат» және сый-сияпатпен құр­мет білдірді.

– Жалпы бір айға барлық мереке тоғысқан жыл болды. Оның бір дәлелі – көктемнің алғашқы күні Алғыс айту күні мен он екі айда бір келетін қасиетті Рамазан айымен қатар келуі. Сонымен қатар 8 наурыз – Халықара­лық әйелдер күні болса, 22 нау­рыз қазақ елінің төл мерекесі екені бәрімізге аян. Осындай мерекеге толы айда тек жақсылық болғай, – деп Алмас Есназар кеш соңын қорытындылады. Әрі қарай кеш аудандық өнер мектебі мұға­лім­дерінің концерт­тік бағдарламасымен жалғасты.

Кеш соңында құрметке бө­ленген мамандар риза­шылық­тарын білдірді. Ерекше әсер қалдырған салтанатты іс-шара­да барлық маман иесінің жүзінен қуаныш пен шаттық сезілді. Маңдай­дан төгілген әрбір тамшы тер баға­лан­ғандай әсер қал­дырғаны анық.

Гүлсезім ТАБЫНБАЙ
01 наурыз 2025 ж. 138 0