Құрметті маман, қадірлі жұмысшы

Кездесуге бірнеше жыл бойы құрылыс саласында қызмет еткен Бұқарбай Ахметов, ветеринария саласында еңбек еткен ардагер Ғалия Ахантаева, мал шаруашылығы саласында үздіксіз еңбек етіп келе жатқан Тұрсынбек Сұлтанов, хат тасып, газет таратып жүрген Бақыткүл Мәуленова, сауыншы Ләззат Қадірханқызы, техниканың барлық түрін меңгерген механизатор Ағымбай Ибраев, аспазшы Гүлнар Нұрымова, дәнекерлеуші Қайрат Қалмырзаев қатысты.
Мемлекет басшысы аталған бастаманы 2024 жылғы халыққа Жолдауында айтқан болатын.
– «Мен алдағы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияладым. Бұл – еңбек адамдарына деген ерекше құрметтің белгісі. Біз отаншылдық, еңбекқорлық және біліктілікке айрықша мән береміз», – деді Мемлекет басшысы өз сөзінде. Жолдауда аса маңызды мәселелер қаралып, нақты тапсырмалар айтылды. Соның ішінде еңбек адамының мәртебесін көтеру, экономиканың артуы білікті мамандардың қатарын толықтырудан басталатынын нақтылап айтып өтті.
Жұмысшы мамандарға қол еңбегі мен техникалық дағдыларды қажет ететін мамандық иелері жатады. Олар өндірісте, ауыл шаруашылығында, құрылыс саласында және қызмет көрсету секторында еңбек етеді. Жұмысшы мамандардың негізгі ерекшелігі – олар өз еңбегі арқылы физикалық күш жұмсайды.
Іс-шара қонақтары өз мамандығы мен жұмысының ерекшеліктері туралы қысқаша айтып, тәжірибесімен бөлісіп, мамандықтарының құндылығын бітіруші түлектерге ұғындырды. Жан-жақты ұйымдастырылған кеште түрлі сұрақтар қойылып, жауаптар айтылды. Кездесу кештің соңын ауыл әкімі Ғ.Алданазаров қорытындылап, арнайы құттықтау мен сый-сияпат көрсетті. Еңбек ардагері, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Злиха Сыздықова кеш соңында қонақтардың әрқайсысының еңбек жолына тоқталып, өскелең ұрпақты еңбек етуге шақырды. Кеш қонақтары іс-шарадан алған әсерлерімен бөлісіп, алғыстарын айтып, қай мамандық түрі болсын оңай еместігін жеткізді. Ауыл ақсақалы Серік Қошқаров ұйымдастырушылар мен мектеп түлектеріне ақ батасын берді.
Жалпы, еңбек адамы деген кім? Еңбек адамы дегеніміз – ең алдымен, таза жұмыс істейтін адам! Өзінің табысын маңдай терімен табатын, жанын салып жұмыс істейтін адам – еңбек адамы! Ол – диқан бола ма, ол – малшы бола ма, ол – жазушы бола ма, бәрібір. Маңдай терін салып жұмыс істеген әрбір адам – қадірлі!
Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ