Жұмысына адал азамат
Күнде кенттің бас көшесі бойында қолына күрек ұстап, көше тазалап жүрген осы кісіні көремін. Қар жауғанда жолдың қарын күрейді, асфальт жолдың жиегіне жиналған шаң-тозаң, топырақ үйіндісін де тазартудан жалыққан емес. Ерсілі-қарсылы көліктер тоқтаусыз жүріп жатса да ол кісі өз ісіне мығым, көше тазалығына жауапкершілік танытады. Тіпті керек десеңіз сенбі, жексенбі күндері де әлгі кісіні сол көше бойынан табуға болады. Нағыз қарапайым еңбек адамы. «Адамды адам еткен еңбек» десек, ол кісі адал еңбегімен қоршаған ортаға, қоғамға өзіндік үлес қосып жүрген жан.
Аудандық газет редакциясы Тереңөзек кентіндегі бас көшеде орналасқандығынан біз айтып отырған Өмірбек Жаппарбергенді әдеттегідей күрегімен жол бойында еңбек етіп жүрген жерінде жолықтырдық. Түнеугүні жауған қар еріп, көшелер ластанып жатқан шақ. Осындайда асфальт жолды топырақ, балшықтан тазартып жүрген еңбек адамы бізбен әңгіме өрбітсе де тірлігін тоқтатқан жоқ.
– Өзім осы Тереңөзектің тумасымын. Әркім өзінің туып-өскен жерінің тазалығына жауапкершілікпен қарауы тиіс. Бұл менің жұмысым болғанымен, осы елдің азаматы ретінде тазалығына ұқыптылық танытамын. Қазір жасым 60-тың үстіне шықты. Мен 1983 жылдан бері «Сәулет» ЖШС-не жұмысшы болып еңбек етіп келемін. Күн жылынған уақытта құрылыс жұмыстарын жүргіземіз. Кенттегі көпқабатты үйлердің күрделі жөндеу жұмыстарына атсалыстым, – деді Өмірбек Тұрарұлы жұмысын жалғап.
Бір мекемеде қырық жылға жуық табан аудармастан бір мекемеде жұмыс істеп келе жатқан жанның келбетінің өзі талай жылғы қажырлы еңбекті аңғартып тұрғандай. Бетжүзі қыстың аязы мен желді күндерінен қараторыланса да ықшам денесімен еркін қимылдайды. Күнделікті үйреншікті тірлікке айналған соң өзі шымыр. Бүгінде 30-40-тан асқан жандардың кейбірі сәл қимылдаса «ахылеп-ухылеп» шығады. Ал бұл кісінің жұмыс үстінде бір ентігіп сөйлегенін көрмедік. Бізбен әңгімесінде ішіне бірдеңе бүгіп, қымтырыла сөйлегенін де байқамадық. Керісінше ашық, жарқын, «аузын ашса, жүрегі көрінетін» жан екен. Айналып келгенде мұның бәрі қарапайымдылық пен адал еңбектің арқасында екені сөзсіз.
Ө.Жаппарберген жары Рая екеуі ұл мен қыз тәрбиелеп өсірді. Ұлы Рахматулла бүгінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде ұстаздық қызмет атқарса, қызы Ақерке тұрмыс құрып, өз бақытын тапқан.
Біз айтып отырған еңбек адамы әлі күнге жұмысшы болса да кейбіреулер секілді көше тазалағанға қысылып, қымтырылмайды. Қайта туған жердің тазалығына өте ықтиярлықпен қарайды. Басқа-басқа, міне осындай қарапайым азаматқа қоғамның құрметі мол болуы тиіс. Әрлі-берлі көлікпен өтіп жатқанда немесе кездесіп қалғанда кейіпкеріміз секілді еңбек адамына деген ілтипатыңыз болсын. Еліміз осындай қарапайым, жанашыр, адал еңбекті нәсіп еткен жандардың арқасында кемел келешекке байыпты бағыт алған.
Е.БЕРКІНБАЕВ