Жартылай дайын өнім өндірісі – дәмді кәсіп
Жартылай дайын өнімдер яки жылдам дайындалатын тағамдар бүгінде үлкен сұранысқа ие, яғни жұмыс жасайтын қыз-келіншектердің уақытын үнемдеудің бір жолы болса, тосыннан келген қонаққа тез арада дайындап ұсына қоятын тағамдар олардың ұтымды жағы. Осы орайда, қазіргі таңда аудан орталығында, ауылдарда жаңа кәсіп түрін қолға алған кәсіпкерлер бар.
Бір жегеннен дәмі аузыңда қалатын, тіл үйірер тағамдар дайындайтын Шаттық Баймаханова 3 жылдан бері осы кәсіппен айналысып келеді. Сатып алушыға жартылай дайын тағамдарды ұсынатын жеке кәсіпкер Қалжан ахун ауылының тұрғыны. Ол кәсібін өз қаражатымен бастаған. Аспаздың ас мәзірінен бүгілген манты, тұшпара, қатпарлы самса сияқты кез келген ұн және ет өнімдерін таба аласыз.
– «Кәсіп – нан сұрамайды, өзі тамақтандырады» демекші, бұл кәсіпті бастауыма тұрақты жұмыс көзінің болмауы себеп болды. Бала күтіміне байланысты демалыста болғанымнан үйде құр қарап отыра алмадым. Көп ойланып күнделікті ас жасап жүргендіктен жартылай дайын өнімдерді жасауға кірістім. Қазіргі таңда жұмыс жасаймын, кәсіп бастаймын деген адамға мүмкіндіктер көп, ең бастысы ынтаңыз болса жеткілікті. Бір жағынан халықтың сұранысына ие. Бұл жұмысты іске асыру, сатылымға шығару үшін көп ізденіп, арнайы онлайн курс оқыдым. Алдымен 2 ай үйде жұмыс жасадым, кейін ауыл әкімшілігіне қарайтын ғимаратты жалға алып кәсібімді жүргіздім. Қазіргі таңда үйдің алдындағы қосымша ғимаратта жұмыс жасаудамыз, – дейді жас кәсіпкер Шаттық Сейтмұратқызы.
Кәсіптің көзін тапқан кәсіпкердің тұрақты тұтынушылары жетерлік. Шаруасын дөңгелетіп отырған, қолынан бал тамған аспаз өнімдерін Тереңөзек кенті бойынша 5 дүкенге, сондай-ақ Жалағаш кентіндегі 2 дүкенге өткізіп отырады. Сонымен қатар, үйіне тапсырыспен алдыратын тұрғындар да бар. Мұнан бөлек, аудандық кәсіпкерлерге арналған жәрмеңкеде жартылай дайын өнімдерін кездестіруге болады. Өзінің еңбексүйгіштігінің арқасында Сырдария аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі басшысының Алғыс хатымен марапатталған.
– Бүгінде 3 адам жұмыс істейміз. Шүкір, азғантай адам жұмыс жасасақ та, халықтың тек ризашылығын естіп келеміз. Бұл да үлкен еңбектің арқасы, жасап жатқан жұмысымыздың жемісі. Бізде қамыр илеу, жаю, кесу жұмысының барлығы қолмен жасалады. Тартылған етті әзірге Қызылорда қаласындағы белгілі ет өндіретін «KZ-ЕТ» фирмасынан алғызамыз. Әрине олар зертханада тексеруден өткен етті қолданады, сертификаты бар. «Ас – адамның арқауы» дегендей, тек табиғи және таза тағамдарды қолдана отырып, тұрғындарды қуанта береміз. Алдағы уақытта кәсібімді одан әрі кеңейтіп, бірнеше адамды жұмыспен қамтығым келеді. Бұл әрине уақыттың еншісінде, – дейді арманы асқақ, мақсаты айқын кәсіпкер.
Әр бастамасының артында жолдасының, отбасының қолдауын сезіне білетін Шаттық Баймаханова – негізінен Жалағаш ауданы Ақсу ауылының тумасы. Сол ауылда білім алып, оқу бітірген соң М.Мәметова атындағы педагогикалық колледжді информатика мамандығы бойынша бітіріп шығады. Ең алғашқы еңбек жолын ауылындағы білім ошағында бастайды. 2016 жылға дейін жұмыс жасап, жолдасы Нұрлан Сүюбаевпен отбасын құрып Қалжан ахун ауылына үлкен әулетке келін болып түседі. Бүгінде берекелі шаңырағында жолдасы екеуі 3 баланы тәрбиелеп отыр.
– Шаттықтың жартылай дайын өнімдерін үйге тапсырыспен алдырамыз. Отбасымызбен жақсы көреміз. Өте дәмді. Жасап жатқан кәсібіне табыс тілеймін, – дейді ауыл тұрғыны Мөлдір Жамиева.
Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА