Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАРҚЫН ІСТЕРІ ХАЛЫҚ ЖАДЫНДА

ЖАРҚЫН ІСТЕРІ ХАЛЫҚ ЖАДЫНДА


Екінші жаһандық соғыстың салған сансыз зардабынан еліміз толық айыға алмай жатқан қиыншылығы мол дәуір болатын. Ауданда басты сала – ауылшаруашылығы баяу дамып, колхоздар ірілендіріліп, шаруашылықтардағы ауыр жұмыстарды механикаландыру ісі енді ғана қолға алына бастаған кез еді. сондай қиын-қыстау кезеңде 1956-1962 жылдары Тереңөзек ауданын Нұрқасым Бердіқұлов басқарды.
Бұл кезеңде әрбір шаруашылық, кәсіп­орын бесжылдық жоспар бойынша немен айналысатыны жоғарыдан жоспарланып, әрі осы жоспарланған жұмыстың толық орындалуы заң болатын. Әрбір колхоз еккен дақылдарының әрбір гектарынан қанша өнім алып, әрбір аналық малдан қанша төл алу, мемлекетке қанша астық өткізу, қанша мал өнімдерін тапсыру жоспарға сәйкес жүзеге асыруға міндетті болатын. Осындай қыруар жұмысты жүзеге асыру үшін қаражатты да колхоздар өздері тауып, мемлекет тарапынан колхозға қаражат бөлінбейтін. Аудан көлемінде білім беру, мәдениет және басқа да әлеуметтік саланы дамытуға мемлекет тарапынан қаржы аз бөлінетін. Ол жылдары дүние жүзінде «қырғи қабақ» соғыстың қаупі өршіп тұруына байланысты мемлекеттегі негізгі қаржы қорғаныс ісіне жұмсалатын.
Міне, осындай қиын кезеңде ауданды Социалистік Еңбек Ері Нұрқасым Бердіқұлов басқарды. Ол бұл жоғарғы атақты көрші облыстың Ырғыз ауданын басқарған кезінде ерекше ерен еңбегі үшін алған екен. Естуімізше іскер басшы Ырғыз ауданынан сол тұста өзімен бірге 19 Социалистік Еңбек Ерін шығарған екен. Ұйымдастырушылық қабілеті мол азамат Тереңөзекте де жан аямай еңбек етті. Мен осы жылдары Тереңөзек ауданының №137 «1 Май» мектебінде оқу ісінің меңгерушісі болып жұмыс жасап, колхоздағы бастауыш «Білім» қоғамын басқаратын едім. 1957 жылы аудандық партия комитетінің ұсынысымен осы жолдардың авторы Бүкілодақтық «Білім» қоғамының Құрмет грамотасымен марапатталды. 1958 жылы Н.Бердіқұлов мені партия қатарына қабылдап, партбилетті өз қолымен табыс етті. Ол Еңбек Ері деген атағына сай аудан халқына жан-тәнімен беріле қызмет етіп, адалдығымен, парасаттылығымен, қара­пайым­дылығымен тұрғындар арасында зор беделге ие болды. Сондықтан да бүгінде көзі тірі замандастары Н.Бердіқұловтың салиқалы ісі мен айтқан сөздерін аңыз етіп, әңгімелеп жүреді. Тереңөзек кентінің тұрғындары оның есіміне кенттен көше беру жөніндегі аудан басшыларының шешіміне қатты риза болып, қуана құптады. Шынында да Тереңөзек тұрғындары арада елу жылдан астам уақыт өтсе де, абзал азаматты ұмытпай, оның еңбегін қастерлеп, есте сақтауы, бұл «әлем әміршісі еңбектің» мәртебесінен деп білемін. Ол аса тәжірибелі, ұйымдастыру қабілеті мол басшы болды. Ең алдымен елдің рухани орталықтары аудандағы мектеп үйлерінің мүшкіл жағдайына назар аударды, мемлекеттен бөлінетін қаражаттың болмауына қарамастан аудан халқын өрелі еңбекке бір кісідей жұмылдырды. Сол тұста қазақы асар жасау әдісімен Абай, Крупская атындағы және басқада бірнеше мектепті жаңадан тұрғызуға басшылық жасады. Асарлату әдісімен көптеген балабақшалар, колхоздың мал қоралары, электр станцияларының құ­ры­лыстары ірге көтеріп, пайдалануға берілді. Сол тәрізді аудан орталығында амбулаториялық ғимараты басқа да қажетті құрылыстар асарлату арқылы салынды. Осындай тұрғындарға аса қажет ғимараттар іскер басшының тікелей ұйымдастыруымен бас-аяғы 4-5 жылдың ішінде жүзеге асты. Және ол осы кезеңде барлық іргелі істердің басында болып, асаршы көппен бірге тер төгіп өнеге көрсетті.
Бір жылдары дарияда су тапшы болып, күріш егістігі және басқа да дақылдар қурай бастады. Н.Бердіқұлов дереу бүкіл аудан халқын түгел көтеріп, дарияны бөгеп, Әйтек каналы арқылы егінді суландыру ісіне бас­тамашы болды. Дарияның сол жағалауына жиналған адамдарға Н.Бердіқұлов басшылық етсе, оң жағалаудағы халықты сол кездегі аудандық кеңес атқару комитетінің төр­ағасы Н.Түршіков басқарды. Дарияның екі жағалауында еңбекке жұмылған халық талдарды қиып, үлкен шомдар дайындап, жағалауға тастап, үстіне трактормен топырақ итеріп, бастырды. Сөйтіп, бөгет жасады. Сол жұмыстың басында басшылық жасап жүрген Н.Бердіқұлов абайсызда құлап кетіп, оны өзге кісілер құтқарып алды. Нұрекең осындай жанып тұрған жігерлі азамат еді. Сонымен қатар оның іске шеберлігімен бірге ойын батыл айтатын, ақиқат жолында айнымайтын азамат екенін танып, білдік. Бір жылдары Қызылорда облысын тарату жөнінде ҚКП ОК бірінші хатшысы Беляев облыс активімен жиын өткізгенде Н.Бердіқұлов өзінің ойын ашық айтып, облысты таратуға үзілді-кесілді қарсы екенін білдіреді. – Қызылорда қазақтың ұлттық бет-бейнесі, қаймағы сақталған өңір. Сондықтан оны тарату, қазақты ұлт ретінде жоюмен бірдей, – деп тайсалмай сөз айтып, бірінші хатшының ойын өзгертуге себепші болады.
Н.Бердіқұлов біздің ауданға ел ағасы болып келген елу жастан асқан шағында жергілікті кадрлар Төлеген Әбілдаев, Ибадулла Мұсағұлов, Мырзабек Оразаев, Сақтаған Сәрсенов тәрізді жас мамандарды төңірегіне топтастырып, олармен өзінің бай тәжірибесін бөлісті. Ол барынша қарапайым, аңқылдаған ақ жүрек адам еді. Осы Нұрекең туралы бүгінгі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хайрулла Әбенұлы інім де былайша сыр шертеді: Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтта ырғыздық студенттермен бірге оқыдым. Олар каникул кезінде ауылдарына поезбен қайтып бара жатып немесе ауылдарынан келетін кезінде Тереңөзек стансасынан түсіп қалып, Нұрқасым ағаға келіп, сәлем беретін. Нұрекең жоқ-жітік студенттердің қамқоршы ағасындай болып, қалталарына азын аулақ қаржы салатын. Ол Ырғыз ауданында қызмет істегені болмаса, негізі алматылық еді. Бірақ жүрген жерінде Нұрекең адамдарды өзінің бауырына тартқанын осы мысалдан көруге болады, – дейді.
«Адам мәңгі жасамайды, мәңгі жасайтыны оның ісі» дегендей Н.Бердіқұловтың ауданда жасаған жарқын істері ұмытылмай, оның әрдайым есте жүретіні кәміл.

Рахымжан БӘЙМЕНОВ,
Сырдария ауданының
«Құрметті» азаматы

24 шілде 2018 ж. 824 0