Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы тағайындалды
Қызылорда қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысы болып Сыздықова Гүлмира Жамбылқызы тағайындалды, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz.
Г. Сыздықова 1969 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. 1987 жылы Қызылорда мемлекеттік медициналық училищесінде “Емдеу ісі,фельдшер” мамандығы бойынша білім алса, 1995 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтында “ Медико-профилактикалық іс” мамандығы бойынша оқыған. 2016 жылы “Тұран” университетін “Құқықтану” мамандығы бойынша тәмамдаған.
Алғашқы еңбек жолын 1987 жылы Қызылорда темір жол СЭС-нде паразитология бөлімінің дезинструкторы болып бастаған. Әрі қарай аймақтың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласында өндіріс гигиенасы, балалар және жасөспірімдер гигиенасы, жалпы санитариялық қадағалау, тағам нысандарын қадағалау бағыттары бойынша бас маманнан бөлім басшысына дейінгі қызметтерге сатылап көтерілді.
2017 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Қызылорда қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары қызметін абыроймен атқарып келді.
Г.Сыздықова - қаланың денсаулық сақтау саласымен жақсы таныс, өзекті мәселелердің оңтайлы шешімін табуға әлеуеті жеткілікті білікті кадр.