Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№69 газет

12 қыркүйек 2026 ж.

№68 газет

08 қыркүйек 2026 ж.

№67 газет

05 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930 
» » Ақ халатты абзал жандардың жарасымды шаңырағы

Ақ халатты абзал жандардың жарасымды шаңырағы

Бір шаңырақ астында өмір сүріп қана қоймай, бір мамандықтың ауыр жүгін бірге арқалап, ел игілігі үшін еңбек ету – үлкен жауапкершілік әрі жарасымды тіршіліктің жарқын көрінісі.

Осындай жарасымды шаңырақтың бірі – Сырдария аудандық ауруханасында қызмет атқарып жүрген дәрігерлер Азамат Боқанов пен Әйгерім Ғұбайдуллина Бауыржанқызының отбасы. Екеуі де адам өміріне араша түсіп, халық денсаулығын сақтауды басты міндеті санаған ақ халатты абзал жандар. Ерлі-зайыптының отау құрғанына биыл 10 жыл толып отыр. Бүгін жарасымды жұп обасында 3 қыз 1 ұл тәрбиелеуде.

Он жыл – отбасы үшін аз уақыт емес. Осы жылдар ішінде олар өмірдің талай белесін бірге еңсеріп, қуанышы мен қиындығын бөлісіп, бір-біріне әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Жұмыста әріптес, үйде жанашыр жар бола білген қос дәрігердің өмір жолы – мамандыққа деген адалдық пен отбасылық құндылықтардың өзара үндескенін көрсетеді.

Азамат Боқанов Сырдария аудандық ауруханасына қарасты «Хирургия» бөлімшесінде дәрігер-хирург, травматолог-ортапед болып қызмет атқарады. Хирург мамандығы – аса үлкен жауапкершілікті талап ететін саланың бірі. Себебі хирург дәрігердің қабылдаған шешімі мен жасаған әрбір әрекеті адам өмірімен тікелей байланысты. Науқастың дертіне дұрыс диагноз қойып, дер кезінде медициналық көмек көрсету, күрделі жағдайда шұғыл шешім қабылдау – бұл мамандық иесінен біліммен қатар сабырлылықты, батылдықты және жоғары кәсіби шеберлікті талап етеді.

Азамат Боқанов өз ісіне жауапкершілікпен қарап, хирургиялық саланың қыр-сырын жетік меңгеруге ұмтылып келеді. Күнделікті қызметінде науқастардың денсаулығын қалпына келтіруге күш салып, әр адамның өмірі мен денсаулығына бейжай қарамайды. Ақ халатты абзал жан үшін еңбегінің ең үлкен нәтижесі – ем қабылдаған науқастың аяғынан тұрып, қалыпты өміріне қайта оралуы.

Ал зайыбы Әйгерім Ғұбайдуллина Бауыржанқызы Сырдария аудандық ауруханасында педиатр-неонатолог дәрігер болып қызмет атқарады. Оның кәсіби қызметі бала денсаулығымен, әсіресе өмірге енді келген нәрестелердің жағдайын бақылау және оларға медициналық көмек көрсетумен тығыз байланысты.

Балалар дәрігері болу – жүрек жылуын, ерекше мейірімділікті қажет ететін мамандық. Ал неонатология саласында еңбек ету бұдан да зор жауапкершілікті жүктейді. Себебі нәрестенің алғашқы күндеріндегі денсаулығы мен жағдайын бақылау, оның өміріне қауіп төндіретін жағдайлардың алдын алу – аса мұқияттылықты талап етеді.

Әйгерім Бауыржанқызы өз мамандығын жүрек қалауымен таңдаған дәрігерлердің бірі. Ол әрбір баланың денсаулығына алаңдап, кішкентай науқастарға барынша ұқыпты әрі жанашырлықпен қарауды өзінің кәсіби парызы деп біледі. Сәбидің сауығып, ата-анасының қуанышына бөленуі – дәрігер үшін үлкен бақыт.

Бірі – хирург, бірі – педиатр-неонатолог. Екі түрлі бағытта қызмет еткенімен, мақсаттары бір – адам өмірін сақтау, денсаулықты қорғау және халыққа сапалы медициналық көмек көрсету. Осы ортақ мақсат олардың кәсіби өмірімен қатар отбасылық өміріне де өзара түсіністік пен сыйластық әкелген.
13 қыркүйек 2026 ж. 23 0