Қызмет тоғыстырған қос жүрек
Полиция қызметкері – қоғам тыныштығы мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жауапты мамандық иесі. Күні-түні қызметте жүріп, қоғамдық тәртіпті сақтап, заң бұзушылықтың алдын алады. Қиын сәтте халыққа көмекке келіп, әділдік пен қауіпсіздіктің кепілі бола біледі. Осы салада бірге қызмет етіп жүрген жас отбасы – Жалғас Сағатбеков пен Жұлдызай Талғатқызы. Өздерінің кәсіби міндеттерін абыроймен атқарып қана қоймай, отбасылық өмірде де бір-біріне тірек болып келеді. Қоғам тыныштығы жолындағы ортақ қызмет оларды табыстырып, бүгінде үлгілі отбасының біріне айналдырды.Айта кетейік, Жалғас Қайратұлы мен өмірлік жары Жұлдызай Талғатқызы – Тереңөзек кентінің тумасы. Екеуі де Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің түлегі. Бүгінде аудандық полиция бөлімінде абыройлы қызмет атқарып, ел тыныштығы мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етуде.
Қос жастың таныстығы да осы қызметтен бастау алған. Жалғас аудандық полиция бөлімінде тәжірибеден өту барысында болашақ жарын алғаш рет көреді. Алайда тәжірибе мерзімі аяқталған соң, оқуын жалғастырып, кейін Жалағаш ауданының полиция бөліміне қызметке орналасады. Ол көп ұзамай туған жеріне қайта оралып, аудандық полиция бөлімінде қызметін жалғастырады. Сол жерде жүрегінен орын алған арумен қайта жүздесіп, бір-бірінің өмірін байланыстыруға ұсыныс білдіріп, батылдық танытады.
Күнделікті қызметтің жауапкершілігі мен қиындығын бірге еңсерген қос маман бір-біріне сенім артып, сыйластық пен құрметке негізделген отбасының іргесін қалады. Бүгінде олар тек қызметтегі әріптес қана емес, бір-біріне тірек болған бақытты отбасы.
Жалғас Сағатбеков қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және заң талаптарының орындалуына үлес қосып, өзіне жүктелген міндетті үлкен жауапкершілікпен атқарып жүрген азамат. Осы ретте, Жұлдызай Талғатқызы да аудандық полиция бөлімінде қызмет етіп, еңбек жолында кәсібилігімен және жауапкершілігімен әріптестерінің құрметіне ие болған маман. Ол әке жолын қуып, тәртіп сақшысы атана білген.
Қызмет пен отбасы егіз ұғымға айналған бұл отбасының символы – адалдықтың, сүйіспеншілік пен сыйластықтың жарқын үлгісі. Ел тыныштығын күзеткен қос жүрек бүгінде жұмысына адалдық танытып, замандастарына өнеге болып келеді.
– Біздің мамандық үлкен жауапкершілік пен төзімділікті талап етеді. Осы сала маған тек сүйікті ісімді ғана емес, өмірлік серігімді де сыйлады. Қызметтің қиындығы мен қуанышын бірге бөлісіп, бір-бірімізге әрдайым қолдау көрсетеміз. Отбасы мен қызметті қатар алып жүру – біздің басты ұстанымыз. Ел тыныштығына қызмет ету – біз үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Жұлдызайдың полиция қызметін таңдауы бекер емес. Ол әке жолын қуып, бала күнінен тәртіп сақшыларының еңбегін көріп өскен. Әкесінің қызметіне деген адалдығы мен жауапкершілігі оған әрдайым үлгі болды. Бүгінде сол жолды жалғастырып, ел тыныштығы үшін абыройлы еңбек етіп жүргеніне мақтанамын. Қызметте де, отбасында да өз ісіне жауапкершілікпен қарайды, – дейді полиция маманы Жалғас Сағатбеков.
Ақтоты ТЕМІРХАНҚЫЗЫ










