Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Құқық қорғаушылар отбасы

Құқық қорғаушылар отбасы

Отбасы мен қызметті қатар алып жүрген ерлі-зайыпты қатарында құқық қорғау саласында еңбек ететін жандар бар. Біздің кейіпкеріміз – Жандос Жұмабек пен Гүлстан Жұмабекті осыдан 5 жыл бұрын өздерінің сүйікті мамандығы табыстырған.

Жарасымды жұп аудандық полиция бөлімінде қызмет етеді. Қоғам тыныштығын күзетумен айналысатын сала мамандары бір көргеннен тіл табысып, қыз бен жігіт ретінде сөйлесуге байлам жасаған. Олардың отау құрғанына 3 жылдан асты. Бір қызығы, Гүлстан жолдасы Жандостың тегіне өткен.

– Өмірлік қосағыммен сүйіп қосылғандықтан, оның тегіне өту – мен үшін абырой. Тегімді өзгертуді бірінші жолдасым ұсынды. Кейін ата-анамның келісімін алды. Олар қарсылық білдірмеді, қайта ақ батасын берді. Қазір үлкен әулеттің жүгін көтере білетін, ерімнің беделін биіктетуді мақсат еткен инабатты келін, аяулы жармын. Жандос екеуміз жұмыс бабымен көбіне отбасымыздан тысқары боламыз. Негізінен, жолдасымның әкесі де құқық қорғау саласында еңбек еткен. Қазір зейнет демалысында. Бір күні облыстық полиция департаментіне өз салама қатысты іс-сапармен барған болатынмын. Сонда қайын ағамды кездестіріп қалдым. Ағамызды көрген бойда пагонда екенімді ұмытып, бірден иіліп сәлем бергенім бар, – дейді Гүлстан Жұмабек бізбен әңгіме барысында.

Құқық қорғау саласының қызметі қай кезде де қауырт. Сондықтан жарасымды жұп кез келген мәселеге қатысты шақыртуларға бірге баруға тырысады. Қызмет барысында бір-біріне қолдау көрсетеді. Бос уақыттарында балаларына көңіл бөліп, өзге қалаларға саяхаттағанды ұнатады. Қазіргі уақытта Жандос – учаскелік полиция қызметкері болса, Гүлстан жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

– Негізінен, жасөспірімдермен жұмыс жасау әрі қиын, әрі қызықты. Біз үшін әр баланың өмірі, қауіпсіздігі маңызды. Өкініштісі, қоғам өмірінде баласына қарамайтын ата-аналар бар. Сондықтан ата-анамен тығыз қарым-қатынаста боламыз. Кәмелетке толмаған балаға 18 жасқа келгенге дейін ата-анасы жауапты болады. Жауапкершілікке немқұрайлы қараған ата-анаға заң шеңберінде әкімшілік хаттама рәсімделеді. Өзім ана болғандықтан қараусыз қалатын балаларды көрсем, жүрегім ауырады. Бұл ретте, баланың қалыпты деңгейде өсіп-жетілуіне тұрақты және жайлы отбасының әсері мол. Шаңырағы шайқалып, үнемі ұрыс-керіске жол беретін әрбір үйде тәрбиесі төмен бала тәрбиеленіп шығады. Бұзақылыққа, тәртіп бұзушылыққа баратын балалар ата-ананың бақылауынан шығып кетеді, – дейді жас ана.

Әркез уақытпен санаспайтын Жандос Жұмабек әкесі салған сара жолды жалғастыруды қалайды. Күні-түні түрлі оқиғамен тап келетін жарасымды отбасының шаңырағында тек қуаныш орнасын деген тілегіміз бар.


Балтабай ОРДАБЕКОВ
21 қараша 2023 ж. 182 0