Қайырымдылықты қалай жасап жүрміз?
Өмірде кез келген адам «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген даналық сөзге илана білгені абзал. Өзгеге жақсылық жасау, қолынан келгенше жәрдемдесу, мұқтаждың мұңын жеңілдету – ізгілік пен қамқорлықтың айғағы. Қайырымдылықты тек қалтаның қалыңдығымен өлшенетін дүние ретінде есептемеу керек. Көбіне ол біреуге науқастың көңілін сұрау, жалғыздың жанынан табылу, қартқа қол ұшын созу, жетімге қамқор болу, білімге жол ашу, тіпті бір ауыз жылы сөз айту секілді сан түрлі ізгіліктен тұратыны белгілі.Әрбір жақсылықтың артында шынайы ниет тұруы – адамды айрықша сауапты іске жетелейді. Айта кетейік, қазіргі қоғамда қайырымдылықтың сипаты да, мүмкіндігі де кеңейді. Еліміздің «Қайырымдылық туралы» заңында қайырымдылықтың негізгі түрі ретінде филантропиялық, демеушілік, меценаттық және туған жерге, яғни «кіші отанға» қолдау көрсету қызметі белгіленген. Заңда электронды қайырымдылық, ерікті қайырымдылық, қайырымдылық гранты, корпоративтік қайырымдылық секілді қазіргі заманға тән ұғым да қарастырылған. Қайырымдылық тек жеке адамға ақша беру емес, білімге, ғылымға, мәдениетке, өнерге, спортқа, қоршаған ортаны қорғауға, жануар мен өсімдік дүниесіне қолдау көрсету сияқты қоғамға пайдалы көптеген бағытты қамтиды.
Демек, бүгінгі күні қайырымдылықтың түрі көп. Біреу мұқтаж отбасыға азық-түлік апарады, енді бірі – баланың оқуына қаржы бөледі, үшіншісі – ауылына спорт алаңын салып береді. Қалталы кәсіпкер қайырымдылық қорына тұрақты түрде қаражат аударса, өзге де жандар өз еңбегін тегін ұсынып, еріктілікпен айналысады. Осының барлығы – жақсылықтың әртүрлі көрінісі. Заңның өзінде де қайырымдылықтың мақсаты қоғамдағы рухани-адамгершілік құндылықты қалыптастыру және нығайту екені көрсетілген.
Алайда осы тұста бір ойланатын мәселе бар. Қайырымдылықты жасағаннан кейін оны міндетті түрде елге жариялау керек пе? Қазіргі әлеуметтік желі дәуірінде «кімге көмектестім», «қанша ақша бердім», «қандай сыйлық апардым» деген жазба мен бейнематериалды оқырман жиі кездестіреді. Бір жағынан, мұндай жариялылықтың жақсы жағы бар. Ол өзгелерді де игі іске шақырады, қайырымдылық мәдениетін қалыптастырады. Жиналған қаражаттың қайда жұмсалғанын көрсету арқылы есептілік пен сенімді арттырады. Қазақстан заңнамасында да қайырымдылыққа қатысты жариялылық қағидаты қарастырылған. Қайырымдылық ұйымы өз бағдарламасы жөнінде ақпарат беріп, белгілі бір жағдайда есебін жариялауға міндетті.
Бірақ бір дүниені ұмытпаған жөн. Жариялылық пен мақтанудың арасы жер мен көктей. Қайырымдылықты көрсету мен қайырымдылық арқылы өзін көрсету – екі бөлек дүние. Әсіресе жоқ-жітімге, жағдайы төмен отбасына, қиындыққа тап болған адамға көмек берген кезде оның ар-намысы мен жеке өмірін ойлау керек. Біреудің мұқтаждығын көпшілікке көрсету арқылы өзінің жақсылығын дәлелдеу арқылы, сол адамның жүрегіне сызат түсіріп алмауға тырысқан жөн. Мұндайда ол қол ұшын созған адамды камераға түсіріп, алған көмегін елге жариялау кейде көмектің өзінен де ауыр әсер етуі мүмкін. Себебі қиын жағдайға тап болу – адамның қадірін төмендетпейді.
Қазақта «оң қолың бергенді сол қолың білмесін» деген ұғым бар. Мағынасы терең сөз жақсылықты мүлде жариялауға болмайды дегеннен бұрын, қайырымдылықтың өзегінде атақ емес, ниет тұруы керек екенін меңзейді. Жақсылықты жариялау біреуді жақсылық жасауға үндеудің құралына айналса – оның пайдасы бар. Ал «мен бердім», «мен көмектестім» деген өзімшілдікке ұласса, ізгіліктің рухы әлсірейді. Қайырымдылықтың ең биік өлшемі – бергеніңнің көлемі емес, берген кездегі көңілдің тазалығы. Бүгінде әлеуметтік желіде үлкен сомадағы қайырымдылықты жариялау қалыпты көрініске айналып барады. Кейде мұның өзі қоғамға үлгі болады. Алайда қайырымдылықтың өлшемін ақшамен ғана бағалау дұрыс емес. Қалтасында миллион теңгесі бар адамның жүз мың теңге беруі мен күнкөрісі әрең жетіп отырған адамның мың теңге беруінің салмағы бірдей болмауы мүмкін. Сондықтан сауапты істің өлшемі – мөлшеріне қарамайды. Біреуге қажет кезінде берілген аз ғана көмек кейде үлкен байлықтан да қымбат. «Қайырымды адамдар суармалы жер іспеттес, алғанын сан есе арттырып қайырып береді» деген сөздің мәні де осында.
Қайырымдылықтың тағы бір өлшемі – оның адамның жағдайын уақытша емес, тұрақты түрде жақсартуға ықпал етуі. Аш адамға бір күндік ас беру – игілік. Бірақ оның ертеңгі күні де тоқ болуына жағдай жасау – одан да үлкен ізгілік. Бір балаға бір рет ақша беру – көмек. Ал оның білім алуына жағдай жасап, мамандық игеруіне мүмкіндік беру – болашағына жасалған инвестиция. Сондықтан қазіргі қайырымдылық мәдениетінде тек бір реттік көмекпен шектелмей, адамды өз аяғына тұруына жағдай жасауға көбірек мән берген жөн.
Сауапты істің өлшемі – біле білген адамға қадір-қасиеті сақталғаны, көмек шын ниетпен жасалғаны, мұқтаждыққа бағытталғаны, пайдасы тигені маңызды. «Қайырымсыз жан жеміссіз ағаш» деген нақылдың астарында үлкен мән бар. Жеміс бермеген ағаштың көлеңкесі қандай қажет болса, адам да қоғамға жасаған жақсылығымен беделін арттырады.
Адамның байлығы оның жиған дүниесімен өлшенбей, өзгеге тигізген пайдасымен бағаланғаны абзал. Қоғамға бүгін ең керегі – «кім қанша берді?» деп жарысу емес, «кімге қалай пайда келтіре аламын?» деп ойлау. Қайырымдылықты жариялау қажет болған жерде жариялылық есеп пен сенім үшін қызмет етсін, ал жеке адамның мұқтаждығы мен ар-намысы қажет жерде қорғалсын. Өйткені жақсылықтың шынайы бағасы әлеуметтік желідегі қаралым санымен емес, адамның жүрегінде қалған алғысымен өрекшеленеді.
Б.ОРДАБЕКОВ
Фото: ашық дереккөз









