Күзде ашылған гүл
Аударма
Бұрынғы күйеуімді қырық жылдан соң көрдім де, қандай қорқақ адам үшін өмір сүргенімді түсіндім. Қалындық көйлегін алғаш рет елу сегіз жасымда кидім. Қалыңдық көйлегі деп айтудың өзі күлкілі. Өйткені бетіңді әжім басқанда және қыз жолдасым қалыңдықтың гүлін ұстаудың орнына көзілдірімді қолына алып тұруы әрине күлкілі емей немене. Бірақ шындық осы. Мен 58 демін, ал ол 63 жаста. Бұл екеуіміз үшін алғашқы неке еді.
Мен ешқашан тұрмысқа шықпайтыныма ұзақ уақыт сенімді едім. Он тоғыз жасымда бір ғана ер адамым болды – Сережка. Сымбатты, ұзын бойлы, шашы бұйра, қолында гитарасы бар. Бір аулада тұратын көп қыздың арманы еді. Менің аяғым ауырлады. Бірақ жігітіме бұл жайында айтқанымда, үндемей ұзақ отырды да өзінің қандай адам екенін байқатты:
– Мен отбасылық өмірге дайын емеспін. Түсінесің бе... Мен әлі де өмір сүргім келеді.
Бір аптадан соң ол жоқ болып кетті. Телефоны өшірулі, жатақханадан кетіп қалған. Ал мен өз өзіммен қалдым. Таңертеңгі жүрек айну, анамның не болар екен деген қорқынышымен уақыт өтіп жатты. Терезені ашып, секіру сияқты жаман ойлар да болды. Бұл ойдан анам құтқарды. Ол үндемей алдыма ас қойды да, былай деді:
– Не істесең де өзің біл. Егер бала болмаса мен сені кешірмеймін. Бұл дүниеде де, арғы дүниеде де.
Өмірге ұлым келді. Содан соң оқуымды да бітірдім. Жұмыс істедім, ауыр сөмкелерді тасыдым, түнімен шұлық тіктім, оны сатуға шығардым. Балам бір жасқа толғанда айнаның алдына тұрдым да өзіме өзім уәде бердім:
– Бітті. Менің өмірімде енді еркек болмайды. Бір түйір де. Мен өз өзіме еркекпін.
Уәдемді орындадым. Еркектер кездесті – жақсы, әділ, әртүрлі. Біреу розеткамды жөндеуге келетін, біреуі жай ғана екі жыл бойы гүл әкелді. Тағы біреуі Сочиға шақырды, содан соң баланы жақсы көрем деп айтатын. Олардың барлығына шындығымды айттым:
– Жоқ. Мен сіздерден сұрағаным жоқ. Мен жұмысыма мен ұлыма күйеуге шыққанмын.
Жыл өткен сайын барлығына ыңғайлы болдым, тек өзіме ғана емес. «Лариска, көмектес, орныма тұрып берші», «Ларис, сен жалғызсың ғой, немереңмен лагерьге баршы»... Артық салмақ, шашым қысқа, қиындық туғызбас үшін, үстімде арзан күртеше, жуан дауыс. Бір сөзбен айтқанда мұңсыз әйелмін. Елу бес жасқа келгенімде зейнетке шықтым, барлық егде жастағы зейнеткерлер секілді бақшамен айналыстым. «Радуга» саяжайында ата-анамнан қалған бақшалық жерім бар. Аптасына бір рет автобуспен сонда барамын. Бір жарым сағат трассамен жүріп барамын. Өзіммен бірге тек су алатынмын. Тағы тұқымдар мен сөзжұмбағы бар журнал.
Сол күні автобус тола адам болды. Бір аялдамадан үш адам мінді. Күжірейген, басында былғары бас киімі бар еркек, толықша келген әйел мен ұзын бойлы қолында таяғы бар шал. Әйел менің жаныма отырды, екі ер адам қарама қарсы жайғасты.
– Коль, мүмкін Ленаға соғармыз? – деді әйел сәл дауысын шығарып. – Немере ауырып жатыр. Көмектесейік...
– Сен не жынды болып қалғансың ба? – деп бақырып жібергенде автобустың едені сықырлап кетті. – Мен ол ақымақтарға ақша бермеймін. Пәтерін сатты, көліктерін құртты, енді «көмектесіңдер»! Мен не оларға аяғы бар банкоматпын ба? – деп боғауыз сөздерді айтты. Бұл сөздер өн бойымды тітіркендірді, ал әйел қорыққаннан жым болды. Мен айқайлап жатқан еркекке қарағанымда жан дүниемнің астаң-кестеңі шықты. Бұл ауыз, қиғашталған ерін. Иықтары. «Мен оларға кіммін» деп айтатын сөз мәнері, тек шаштары ағарған.
– Сергей... – дедім жай сыбырлап.
Бұл сол еді. Сол баяғы гитарасы бар Сережа, тек қазір гитарасы мен кішкентай саусағында сақинасы жоқ. Ол мені танымады. Тек менің көзқарасымды байқап, айқайлады:
– Неге қарайсың, апай? Өзіңе қара, әйтпесе саған да кесірім тиер!
Менің есім шықты. Сол баяғы он тоғыз жасым көз алдыма келді. Ас үйде отырғаным, оның «маған ерте» деп айтқаны. Қолым дірілдеп кетті. Қорқыныштан, ашудан, өз өзімнен ұялғаннан – мен осы ақымақпен өмір бойы бірге боламын деп ойлағанымнан.
Осы кезде жанында отырған ұзын бойлы шал орнынан жайлап тұрды. Сергей мен менің арамызға тұрды да, өзінің таяғына сүйеніп, дауысы сенімді шықты:
– Батырсымақ, ауызыңды жап. Әйелдерге әлің келеді екен ғой? Аялдамаға түсейік, сөйлесеміз, егер батылың жетсе.
Автобустың іші тынышталды. Автобустың моторы да жай шыға бастағандай. Сергей ернін тістеп, міңгірледі:
– Не болды барлығыңа... Мен жай ғана айттым...
Одан кейін ол маған тиіспеді. Екі аялдамадан соң әйелімен бірге түсіп қалды. Мен олардың соңынан қарадым да жеңілденіп қалдым, тура бір тат басқан шегені жанымнан суырып алғандай. Мені қорғағаннан емес. Менің жас кезімдегі «Құдайым» жай ғана ақымақ, тек өзінен әлсіздерге әлі келетін еркек болғанына. Міне, мен «ешқашан» деп осы үшін ант еткенмін. Өз өзімді ұстай алмай, жаймен ғана орамалыммен ауызымды жауып жылап жібердім.
– Жыламаңыз, – деді шал, маған қайтадан қарама қарсы отырып. – Ол адам сіздің көз жасыңызға тұрмайды.
Көзімді алақанымның сыртымен сүрттім.
– Сізге не керек, – деп бұрқылдадым, әдеттегідей тістеніп. – Сіз қайдан білесіз, оның кім екенін.
– Мен сияқтылар көп нәрсені көрді, – деп күлді. – Менің атым – Виктор Павлович. Отставкідегі полковник. Сіздің есіміңіз ше?
– Лариса, – деп жауап беріп, өз өзіме таң қалдым, біртүрлі бұл есім басқаша естілгендей. «Лариса Ивановна» емес, «Лариска» да емес, жай ғана Лариса.
Жол бойына сөйлесіп отырдық. Алдымен саяжай туралы: су қайдан келеді, топырағы қандай, картоптың қай сорты жақсы дегендей. Содан соң өмір жайлы айттық. Мен ұлым туралы әңгімеледім, баспаханадағы жұмысым, немерелер туылғанда гаражды балалар бөлмесі етіп жасағанымызды да айттым. Ал ол қызметі, гарнизон, әскери қызметтен соң тыныштыққа үйренудің өзі қиын болғаны жайында айтты.
– Ал сіз неге жалғызсыз? – дедім мен «Радуга» аялдамасына жақындағанда.
– Болмады, – деп иығын көтерді. – Жастық шақ – танкіде өтсе, кейін аурухана, жан сақтау бөлімі. Иә, жақсы әйелдер кезікті, бірақ мен жақсы ер азамат болуға дайын емес едім. Есімді жисам – зейнеткермін. Жалғыздыққа үйрендім. Шынымды айтсам, теледидармен әңгімелесуге жалықтым.
Ол күлгенде, кеудемде бірдеңе шымыр еткендей болды. Маған тағы да бірдеңе сұраса екен деген ой келді. Тағы бірдеңе айтты.
– Сізге рақмет ... Сергей үшін, – дедім автобустан шығып бара жатып.
– Сізге де рақмет, – деді ол. – Оған өткеннің қорқынышы сияқты емес, адамға қарағандай қарағаныңыз үшін. Бұл қиынырақ.
Сол күні екі жаққа қарай кеттік. Бірақ бір аптадан соң автобуста қайта кездестік. Кейін білгенімдей оның саяжайдағы үйі көрші бөлікте екен. Ол менің үйімнің төбесін жөндеп берді. Мен түскі ас бердім. Біз бір-бірімізге қонаққа келе бастадық. Анау-мынауды сылтауратып.
Күздігүні ол былай деді:
– Лариса, мен ақымақ болып көрінетін шығармын, бірақ маған сізбен жайлы. Үйімдегідей. Менің отбасымда ешқашан ешкім болмаған. Мүмкін екеулеп өз отбасымызды жасаймыз. Ешқандай ерліксіз. Ешқандай да «мәңгілік» немесе «уәде беремін» деп айтпай. Жай ғана бірге.
Мен күліп жібердім. Не айтарымды білмей, сасқалақтап қалдым.
– Виктор, менің жасым нешеде екенін білесіз бе? – дедім мен. – Мен алпыс жасқа келемін. Мен жалғыз болуға енді ғана үйреніп қалған едім.
– Ал мен алпыс бес жастамын, – деді ол. – Менің жасымда паспорттағы штамптан қорқудың өзі ақымақтық болар. Мен мөр үшін келгенім жоқ. Мен таңертең кімге ботқа жасайтынымды және кешкісін сериал үшін кіммен ұрысатынымды білгім келеді.
Мен үндемедім. Содан соң ойландым. Иә, мен бұдан әрі ауыр жүкті өзі арқалап жүретін ақымақ болғым келмейді. Мен нағыз әйел болғым келеді. Жай ғана өз иесі бар әйел.
Жарты жылдан соң аудандық АХАЖ-ға барып, заңды некеге тұрдық. Ақ көйлексіз, жай ғана неке жүзігімен. Менің ұлым мен оның әскердегі досы біздің куәгерлер болды. Неке куәлігін алған соң мейрамханаға бармай, сол баяғы автобусқа міндік. Виктор бізді таныстырған маршрут та алғысқа лайық деді. Автобустың сол біз отырған орындығына отырдық. Бір-бірімізге қарама-қарсы.
Қазір менің жасым алпыста. Мен үстіме әдемі халат, созылып кеткен футболканы кимеймін. Бетімдегі әжімге жағатын жақпа майды пайдаланамын. Менің ер азаматым барына қуанамын. Әлі күнге дейін саяжайда жұмыс істеймін. Бірақ бұл жолы менің көмекшім бар. Ол қажет заттарды алып береді, шаршасам: «Таста болды, шайыңды ішіп ал» дейді.
Кейде Сергейді есіме түсіремін. Бір мәрте онымен тағы кезіккен едім. Ол киоскі жанында тұрып, телефонмен ұрысып тұр еді. Мен оның жанынан бөтен адамның қасынан өткендей өтіп кеттім. Өмірімде бірінші рет оны көргенімде жаным да ауырмады, ашуланбадым да.
Өмір әрнәрсені өз орнына қояды екен. Жиырма жаста емес, кинодағыдай, кітапта айтылатындай әділдікпен емес. Өзінше бөлек, қисық, күттіріп, бірақ өз орнына міндетті түрде қояды. Күзде жылы болады екен. Кейде жылдың осы мезгілінде шын мәнінде гүл алғаш рет гүлдейді.
Бибісара ЖАНӘЛІ
Фото: ашық дереккөз









