Аутизм – балаларға қауіпті дерт
Аутизим балалар арасында көп тараған дерттің бірі саналады. Әлемде түбегейлі толық зерттелмеген сырқаттың салдарынан көптеген бала зардап шегуде. Елімізде аутизммен ауыратын жеткіншектер саны көбеюде. Мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша республика аумағында осы дертке шалдыққан 1200 бала есепке алынған. Бұл дерек нақты емес. Себебі, баласының аутизммен ауыратынын көптеген ата-ана жасырып қалады.
Дүниежүзінде күрмеулі мәселеге айналған дерттің тарихы өткен ғасырдан басталады. Ең алғаш швед психиатары Эйген Блейлер аутизм терминін қолданысқа енгізген. Негізінен, ғылыми терминнің грек тілінде аударылған баламасы «өзім» деген мағынаны білдіреді екен. Шын мәнінде, аутизммен ауырған балалардың өз әлемі болады. Сыртқы құбылыс пен өзгерісті ешқашан қабылдамайды. Демек, ол үй жағдайында орын алатын түрлі өзгеріске қарсылық білдіреді екен. Негізінен, балалар өзімен-өзі отырғанды қалайды. Бір ойынды ұзақ уақыт ойнауға да бар. Бір қимылды бірнеше рет қайталауы мүмкін. Адамның көзіне тіке қарамайды, дыбысқа белгі бермейді.
Жалпы, аутизм дертін медицина ғалымдары генетикалық жолмен тарайды деген тұжырым жасайды. Яғни, тұқымқуалаушылық фактор анасынан даруы әбден мүмкін. Мұндайда ана атанатын кез келген қыз-келіншек денсаулығына аса көңіл бөлгені дұрыс. Сонымен бірге психологиялық дағдарысқа, күйзеліске төтеп беруі тиіс. Есірткі, шылым шегуден әрбір ана бас тартқаны абзал. Көбіне аутизм дертімен ер балалар ауырады екен. Мұндай балалардың сана-сезімінің дамуына барынша жұмыс жасалса, күнделікті адамдардан айырмашылығы байқалмайды.
– Сырдария ауданында аутизм дертімен ауыратын 3 бала есепке алынған. Ерекше балалардың денсаулығы жіті бақылауда ұсталады. Ата-аналармен тығыз байланыс орнатылып, арнайы орталықта ем қабылдау үшін жолдама беріледі. Балаларды үздіксіз емдеу керектігі белгілі. Ешқашан оларды жалғыз қалдыруға болмайды. Қатаң қадағалап, күнделікті өмір сүру дағдысын жоспар бойынша үйрету керек. Көпшілік балаларынан аутизм белгілерін байқаған жағдайда жасырып қалмай дәрігерге тексертуі қажет. Негізінен, жас аналар өзінің денсаулығына назар аударса, дені сау бала дүниеге әкеле алады. Аутизммен ауыратын балаларға әрбір санат бойынша мүмкіндігі шектеулі жан ретінде жәрдемақы тағайындалады, – дейді Сырдария аудандық ауруханасы бас дәрігерінің ана мен бала жөніндегі орынбасары Нейля Темірханқызы.
Осы айда Қостанай және Шығыс Қазақстан облысында аутизммен ауыратын 5 және 12 жасар бала жоғалып кеткен болатын. 5 жасар қыздың денесі табылса, 12 жастағы бала аман-есен үйіне оралды. Қоғамның талқысына түскен аутизм дертінен бір жолата сауығу мүмкін емес. Сондықтан «Б.Өтемұратов қоры» балаларды оңалту жұмысын жан-жақты үйлестіріп келеді. Қордың инновациялық тәсілдері әлемдік деңгейдегі сұранысқа ие. «Jasper» емдеу әдісі сөйлеу қабілетінен айырылған балаларды айықтыруға септігін тигізеді.
Балтабай ОРДАБЕКОВ