Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 59 газет

09 тамыз 2025 ж.

№ 58 газет

05 тамыз 2025 ж.

№ 57 газет

02 тамыз 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031
» » Қадірі асқақ бригадир

Қадірі асқақ бригадир

Бесарық ауылының тұрғыны Жалғасбек Әбутәліпов еңбек пен кәсіпті ұштастырған бейнеткеш жан. Бойында мейірім, ниет, ақ пейілі бар азаматты ауылдастары «құрыш қолды құрылысшы» деп құрметтейді.

Туған жерінде талай тұрғын үйдің еңсесін көтеруде қолтаңбасы қалған тас қалаушы осы уақытқа дейін еңбегі арқылы көптеген отбасыға қуаныш сыйлады. Бұл ата-анасынан қанына сіңген қасиет болса керек. Жас­тайынан еңбекке машықтанып, өсіп-өнген қарапайым азамат нағыз өз ісінің шебері атанды. Әкесі Манат кезінде совхозда электрик болған. «Әке көрген оқ жонар» демекші, отбасында 2 ұл мен 5 қыздың төртінші перзенті болып өскен Жалғасбек аға әскери борышын өтеген соң училищеден алған мамандығы бойын­ша еңбек етуін жалғастырады, сүйікті ісі құрылысқа білек сыбана кіріседі. Міне, сонау 1987 жылдан үздіксіз былтырғы жылға дейін кірпіш қалап, адал еңбектің жемісін көріп, өзі де 2020 жылы еңселі жаңа қоныс иесі болып, отбасының қуанышы еселене түседі.

– Өмір бойы қара жұмыста ысылып келемін. Қазір жасым 59-ға келді. Әрине, тас қалаушы болып еңбек ету адамның күшін алады емес пе? Биылғы жылдан бері ауылдағы шаруашылыққа, күріш бригадасына бригадир болып, Сыр салысын өсіруге бет бұрдым. Отыз бес жылдан астам уақыт құрылысшы болып еңбек еткенімде жылына 4-5 үйдің салынуына атсалыстым. Жанымда ауыл азаматтарынан құралған бригадам болды. Осы уақытқа дейін жиырма шақты тас қалаушыны үйреттім. Жұмысқа икемі бар, еңбектен қашпайтын адам тез үйреніп алады. Меніңше арнайы оқусыз-ақ бұл жұмысты меңгеруге болады. Бастысы ниетің түзу болса болды, – дейді құрылысшы әрі бригадир Жалғасбек Манатұлы.

Жылына 4-5 отбасының тұрғын үйін салуға атсалысатын құрылыс бригадасының жетекшісі Қызылорда қаласы, көрші ауылдар және Жалағаш ауданынан бірнеше жаңа үй салған. Бір үйді шамамен бір айға жетер-жетпес уақытта өріп бітіретін бригаданың еңбегі өнімді. Олар ең алдымен сапаға және уақытқа аса мән береді. Межеленген уақытта тапсырысты аяқтауға тырысатын құрылысшылардың жұмысына дән риза болғандардың қатары қалың.

– Үй салу – үлкен өнер. Біздің Жалғасбек өз мамандығының мықты шебері. Көптен бері жаңа үй салуды жоспарлап жүргенбіз. Міне, Жалғасбек өзінің жігіттерімен жаңа қонысымыздың кірпішін қалады. Жұмысына аса ыждағатты, әрбір қалаған кірпішінің түзу әрі сапалы болып қалануына мән беретін құрылысшының қолы алтын дер едім. Қазір мұндай жұмысшыларды іздеп табу қиын. Көбі сырттан келетін жұмыс күшін жалдайды. Ал өзіміздің жігіттерге алдын ала кезекке тұрады. Маусымдық жұмыс болған соң күннің жылы ауа райын пайдаланып, жылдамдатып үйін салып алуға асығатындар көп. Жалғасбектің жұмысына ризамыз. Өте еңбекқор. Еңбегінің нанын жей берсін, жемісін көре берсін, – дейді бесарықтық ақсақал Ишанбай Тілеубаев.

Он саусағынан өнер тамған бесаспап маман бүгінде күріш өсіруге бетбұрды. Бұрыннан өзі білетін күріш өсіру кәсібіне де жан-тәнімен кіріскен Жалғасбек аға күзде мол өнім алуға үмітті.

Отбасының тірегі, жары Гауһармен бірге өсірген ұл-қыздары да бір-бір үйдің тірегі, түтінін түтетіп отырған жайдары перзенттер. Ұлдың үлкені Берік – дәнекерлеуші, екінші ұл Алмас – әскери адам, үшінші ұл Ерік –краншы, қыздың үлкені Жансұлу – тұрмыста, ал кенже қыз Нұрай – мектеп оқушысы.

Қаймағы бұзылмаған берекелі Бесарықтың арда азаматы Жалғасбек Манатұлы қол қусырып отыруға жаны қас. Қолда бар малды ұқсатып, бордақылайды. Үлкен әулеттің белді азаматы «адал еңбектің наны тәтті» деген ұстанымда.

Бибісара ЖАНӘЛІ

09 тамыз 2025 ж. 139 0