Құрылтай
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жүз теңгенің құны

Жүз теңгенің құны

Жақында бір жиында жасы үлкен, өмірдің талай белесін артқа тастаған ақсақалдардың әңгімесіне куә болдым. Әдеттегідей сөздің тиегі бүгінгі тұрмыс пен нарықтың жайына келіп тірелді. Сонда бір ақсақал ауыр күрсініп:

– Нарықтың беталысы қайда барады екен? Күн сайын баға құбылып, күнделікті тұтынатын дүниенің бәрі қымбаттап барады. Кеше ғана қол­жетімді болған заттың өзі бүгінде қалтаға салмақ салып тұр, – деді.
Оның сөзін орта жастағы азамат іліп әкетті.

– Бұрын бір қорап сіріңкені бір теңгеге алатынбыз. Іші толып тұратын. Ал қазір жиырма теңгеге алған қораптың өзінде жиырма тал сіріңке әрең болады. Баға өскенімен, сапасы мен көлемі де бұрынғыдай емес, – деп өз ойын жеткізді.

Бұл әңгіме еріксіз мені балалық шаққа жете­леді. Мектепке шығарда әкеміз қолымызға ұста­татын жүз теңге сол кезде біз үшін мол байлықтай көрінетін. Сол ақшамен мектеп асханасынан тәтті тоқаш, бәліш, сусын алып, қажетімізді түгел өтейтінбіз. Кейде тіпті азын-аулақ ақшаны үнем­деп, ертеңіне де жеткізіп жүретін едік. Қолдағы жүз теңге көңілге сенім ұялатып, өзімізді бай сезіндіретін. Ал студент жылдары ата-анамыз қолымызға ұстатқан азғантай ақшаны бір аптаға жеткізуді мақсат ететін едік. Бұл бір жағынан дамыл көрместен қызмет етіп, баласының білім алуына барлық жағдайды жасаған ата-ананың алдындағы үлкен жауапкершілік еді.

Қазір заман басқа, уақыт өзгеше. Ақшаның құны өзгерді, нарықтың өз заңы бар. Баға күн сайын құбылып, кеше ғана жеткілікті болған қаражат бүгін бір-екі қажетті затқа ғана жететін жағдайға айналды. Мұны уақыттың талабы, экономиканың заңдылығы деп қабылдаймыз. Дегенмен, бұрынғы мен бүгінгінің айырмашылығын байқамау мүмкін емес. Мәселен, жақында бір танысым қарапайым өзіне керекті бір тауарды дүкеннен 1750 теңгеге сатып алғанын айтып, ал келесі бір сауда орталығында сол бір тауар 1300 теңгеден сөреде тұрғанын алға тартады. Нарық заңдылығына сәйкес, бағада тепе-теңдіктің болуы тұтынушы құқығын қорғайды.

Әңгіме біз тақырыпқа арқау етіп отырған жүз теңгенің құнында емес. Ең бастысы, сол ақшаның артында тұрған кезеңде, адамның қанағатында, қарапайым тұрмысында. Бұрын аз дүниеге риза болатын көңіл бар еді. Бүгінде табыс көбейгенімен, шығын да еселеп артып келеді. Сондықтан көпшілік «ақшаның берекесі кетті» деп жиі айтады.

Бәлкім, өткен күнді аңсау – әр буынға тән қасиет шығар. Дегенмен, балалық шақтағы әкеміздің алақанымызға қыстырып жіберетін жүз теңгесі, мектеп асханасындағы тәтті тоқаштың дәмі, ештеңеге алаңсыз өткен сол күндер ешқашан ұмытылмайды. Кейде бір ауыз «Жүз теңге берші» деген сөздің өзі көңіл түкпірінде сақталған ең жылы естелікті қайта тірілткендей әсер қалдырады.
Өткеннің бағасы қаржымен өлшенбейді. Ол – сағынышпен, естелікпен және уақыттың қадірін түсінумен өлшенетін қымбат қазына. Қайт­кенменде, нарық заңдыдығы өз дегенін жасайды. Күнкөріс қамын жасаған көпшілік мөлшерлі табыс тапқан сайын қажеттілігін өтеу үшін нарық­тың ырқына көне беретіні жасырын емес.

Балтабай АЯБЕКҰЛЫ
21 шілде 2026 ж. 139 0