Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

Жүз теңге


«Айлықтан айлыққа» бағдарламасымен өмір сүріп жүргенде соңғы теңге қалған сәт өміріңізде жиі болады ма? Жиі болмаса да мұндай жағдай әркімнің басында кездеседі деп ойлаймын. Жақында мен де сондайға тап болдым. Қалтам тесіліп қалған жоқ, сол тесікті бітеген жүз теңгені оң қалтамның түбінен таптым. Тиын болса да өзі бір құтты ақша болды.
Қалай дейсіз ғой? Өзім кенттің шетінде тұрамын. Күнделікті жұмысқа бару үшін жол бойына шығып, жүз теңгемен жетіп қаламын. Кейбіреулер жолай алып кетсе де екі жүз теңге алады. «Жол мұраты – жету» болған соң қанша сұраса да береміз. Бұл мендегі ғана жәйт емес, күнделікті менімен қатар жұмысқа шығатын кент тұрғындарының басындағы жағдай.
Осыдан 7-8 жыл бұрын деймін, көлік тізгін­дегендер жолдағы кездескен жолаушыларды сыйғанша теріп алып кететін. Ол мейлі танысын-танымасын орталыққа бара жатса болғаны жол бойында бірін де қалдырмайтын. Ол кездері бүгінгідей екінің-бірінде кездесетін қос-қостаған көлік жоқ. Арагідік көлік болса да тегін жеткізіп салатын. Ал қазір ше? Қазір көліктің жаңасын мініп, жолда жалғыз келе жатса да жаныңнан желдей ұшып өте шығады. Қолыңды сермеген күйі көзбен шығарып саласың. «Осы көлік мінсем, бәрін тегін тасимын» деген жандар да алғашқы кезде тоқтаса, кейін ала көрмегендей кете барады. Олардың көлігіне тегін мінейін деген ешкім жоқ. Бәрі де жолақысын төлейді. Бірақ сол ызғыған көліктердің тоқтауы уақыт өткен сайын қиындап барады. Содан ойлайсың, көлік мінгендер қанағатты ұмытады-ау деп. Көпке топырақ шашудан аулақпын, әрине. Қазіргі кезде де жолаушыны ренжітпей алып кететіндер қатары баршылық, тіпті, ақырын жүріп ишарамен «адам толық» дегенді білдіріп кетіп жатады. Ондай кезде риза болып каласың. Ал жәй күні шаңдатып, жаңбырлы күні суын шашып кететіндерге ренжімек түгілі...
Бірді айтып екіге кетіп қалыппын. Әлгіндегі жүз теңгенің жәйі.
Кезекті күні жұмысқа шыққанмын. Қал­там­дағы тапқан теңгем олжа. Әйтеуір, жұмысқа жетіп қалатыныма сенімдімін. Бір уақытта «сигналын» басып бір көлік тоқтады. Қарасам, әкемнің құрдасы болып шықты. «Әй, балам отыр» деді. Өзі айлық түсетін уақыт жақын емес. Көлікке мініп, тегін жететініме ырзамын. Келер күні үйден шыға бергенімде 4-5 үй әрі тұратын таныс кісі мінгізіп, алып кетті. Жүз теңгем тағы қалтамда қалды.
Үшінші күні тас жолдың бойына шығып тұрсам, жүк көлігі келіп тоқтады. Жүк көлігі болғанда кәдімгі «Газ-53». Байқаймын, ауыл арасы адамдардың отын-шөбін, көмірін тасып жүрген жан. Тоқтап, орталыққа бара жатқанын айтқанда секіріп мініп алдым. Шамалы жер болса да шопыр көкем біраз әңгіме айтты. Діттеген жерге жетіп, алғысымды жаудырып, түсіп қал­дым. Қалтаға қолымды салып, жүз теңгені қы­сып қойдым.
Келер күні тағы тұрмын. Дәме зор. Кім тегін алып кетеді деген үміт қой мендегі. Жүз теңгені оң қолдан сол қолға, сол қолдан оң қолға лақтырып тұрмын. Өзі «құтты болды ғой» деп қоямын іштей. Қол сермеп тұрған күйі 4-5 көлік өтіп кеткен. Біраз уақыттан соң С.Сейфуллин ауы­­лынан бір автокөлік көрінді. Ақырын қасыма келіп тоқтады. Ішінде мен секілді үш кісі бар екен. Төртінші болып отыра кеттім. Қолымдағы жүз теңгеге қарап қоямын. Қоштасатын сәт жетіп, құдды бір қимайтындаймын... Әлгі үш кісіні жолай жеткізіп, жүз теңгеден алған таксист жұмысқа әкеліп, мендегі ақшаны да қағып алды. Көліктен түсіп ұзап кеткенше артынан қарап тұрдым. Қалтаға қолымды салдым, «көк тиын» жоқ. Ақырын басып жұмысқа кіріп, орныма келіп отыра кеттім. Сол сәтте бір әріптесім «Мойныма қарыз болмасын. Алдындағы жүз теңгеңді беріп қояйыншы» деді де дөңгелек тиынды қолыма ұстата салды. Қуанып кеттім. Содан кейін ойлап қоямын: – Бұл жүз теңгемен неше күн жүреді екенмін, ә?!

Е.БЕРКІНБАЕВ
30 қазан 2018 ж. 1 558 0