Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Такси бағасы тағы да қымбаттады

Такси бағасы тағы да қымбаттады

Таңертеңмен төбе шашым тік тұрды. Себеп – жолақының қымбаттауы. «Тереңөзек-Қызылорда» бағытындағы такси қызметінің құны бұрынғы 500 теңгеден 600 теңгеге көтеріліпті. 47 шақырым жол былай тұрсын, шағын ғана аудан ішінде орнынан қозғалу үшін 400, кемі 300 теңге сұрайтын такси жүргізушілерінің айтар уәжі де жоқ емес. Әнеукүні «Жолай дүкенге тоқтайтын болсам, 400 теңге, тоқтамасам, 300 теңге» деп саудаласқан біреуі жүйкемді тоздырып еді, таң атпай «Бірінші қарашадан бастап осылай шештік» деп, бекітілген Заң жобасын іске асырып отырғандай, діңкілдеген такси жүргізушісімен болған ДИА­ЛОГ­ТАН кейін қолҒА қалам алдым.
Иә, бүгінде бәрі қымбат. Тағам да, киім де, жол ақысы да. Оның үстіне, жанармай мен газ бағасы бір дегенде шарықтап, аспанға бір-ақ шыққаны бар. Жеңіл көлігіңіздің «құлқынын» толық қанағаттандырам десеңіз, жанармаймен жүретін көліктер үшін кемі 7000 теңге, газбен жүретін көлікке орташа есеппен 4500-5000 теңге керек. Сонымен, такси жүргізушілерінің уәжіне тоқталайық.
Такси жүргізушісі де бір үйдің асыраушысы, бала-шағасын, отбасын түгел қамтып отырған адам екені түсінікті. Жанармай бағасы қымбаттап, оған қоса азық-түлік, қызмет көрсету құны қоса көтеріліп жатқаны оларға да оңай емес. Себебі, еріккеннен күндіз-түні көлік тізгіндеп, екі ортаны жол қылып жүрмегені анық.
Бірақ! Тонап жатқан да, тоналып жатқан да – қарапайым халық. Айлығын шайлығына жеткізе алмай жүрген тұрғындарға кім жанашыр? Шаруамен ара-тұра жол түссе жөн-ау, күн са­йын қаладан қатынап, күніне такси қызметіне екі рет жүгінетіндер ше? Бір аптаға шаққанын есептей беріңіз. Бір жылдан аса уақыт бұрын ғана бағаны 100 теңгеге көтеріп, халықты бір дүрліктірген такси жүргізушілері биыл да айды аспаннан бір-ақ шығарып отыр.
Көпке топырақ шашып, қаралаудан аулақ­пыз. Кейбірі ең болмаса қалаған жеріңе жеткізіп те бермейді. «Қалаға кіреберістегі «Запад» шағын ауданымен жүріңіз, сол жерден түсуім керек» десең, жоқ, қысқа жолмен кеткенді құп көреді. Неге? Себебі, асығыс. Әр жерге тоқтағанша төте жолмен жүріп, бәрін бір жерге апара салып, ауылға қарай асығып тұрғандарды тиеуге асық.
Тиеу дегеннен шығады, халық біледі, бүгінде қала мен аудан арасын жол еткен таксилердің басым көпшілігі жеті адамдық үлкен көлік. Негізі бұл көліктер жүргізушіден бөлек алты адамға шақталған. Ал кейбіреулер осындай көлікке адам емес, жүк тиегендей етіп, жеті адамды тығылыстыра мінгізіп алады.
Одан кейін, қазір жол сапасы жақсы. Биыл­дың өзінде қанша шақырым жол жөнделіп, айнадай болып сызып жатыр. Бұрынғыдай шұқыры көп жолдың шаңы шығып жатқан жоқ. Бұл да болса жанармай мен уақытты айтарлықтай үнемдейді. Ол да ескерер жайт.
Бұл менің ғана емес, қарапайым халықтың жан айқайы. Тек көпке топырақ шашудан аулақпыз. Қарапайымдылық танытып, ұятқа салатын такси жүргізушілері де кездеседі. Бірақ, баға бір. Бір көтерілген бағаның енді түсуі екіталай. Ең болмаса, такси жүргізушілері бұл қызметтеріне бей-жай қарамай, жауапкершілік пен мәдениетті сақтаса екен. Беттен алып, безеулеп, ұрса жөнелетіндері бар. Халықпен жұмыс жасап отырған соң ең әуелі елге жайлы жағы қарастырылуы керек.
Тағы бір айта кететіні, облыс орталығында кешкілік уақытта қалып қоймауға тырысыңыз. Ал қалып қойсаңыз, 600 теңге емес, 1000 теңге жол ақысын төлеуіңіз мүмкін.
Бұрындары «Қызылорда-Тереңөзек» жә­не кері бағытта автобустар мен «Газель» авто­көліктері жүріп жататын еді. Солар қазір қайда екен? Пандемия кезінде қауіпсіздік үшін тоқтатылған көпшілікке арналған жолаушылар көлігі қазір неге көрінбейді? Орын-орнымен ғана адамын алып, белгілі бір маршрут бойынша ғана жүретін «Газельдер» неге түбегейлі тоқтатылды? Құны да таксиден сәл арзан, қарапайым халықтың қалтасына қатты ауырлық келтірмейтін. Қазір осы қоғамдық көліктер қайта қызметке қосылып, әр жарты, бір сағат са­йын жүріп отыратын болса, такси жүргізушілері «мінсең мін, мінбесең, қой» деп көкірек кермес еді.
Жол деген қазақ танымында үлкен маңызға, мағынаға ие. Тіпті, жолға шығарда ұзақ уақыт ренжісіп жүргендер бір-бірін кешіріскен жағ­дайлар болған. Жұмыстан қалып бара жатқан халық амалсыз мінетінін білген соң кей такси жүргізушілері кеуде кереді. Бұның бір шешімі болуға тиіс.
P/S: «Мінсең мін, мінбесең қой» деп көкірек керген такси жүргізушісіне ерегіскен құрбым екеуміз келесі көлікті толық салонмен жалдап жолға шықтық. Мені қойшы, аман-есен діттеген жеріме жеткенім олжа. Бірақ, қарапайым халықтың бәрі бірдей «ерегісуге» шамасы жете бермейді ғой...

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
07 қараша 2021 ж. 364 0